Ана деген ардақты есімге ізгі ниетіміз өте зор. Әрбір адам баласына жарық дүние қызығын сыйлап, оларды тәрбиелеп өсіретін құрметті жандардың қашаннан да біз үшін бағасы жоғары. Сондықтан да олардың алдында басымызды иіп, ізгі ілтипатты білдіреміз.
Аналарымыз бала үшін түн ұйқысын төрт бөлді. Оған қоса уақытпен санаспай, ерлермен бірдей талай жұмысты атқарды. Жаратқан иеміздің мейірімінің шексіздігі шығар, бүгінгі таңда кейбір аналарымыз ұзақ жасап, шаңырақ төрінде әулетінің ұйтқысына айналып отырған жайы бар. Қуанарлығы, олардың қатарында ғасырлық ғұмырды көзі көрген кейуаналар саны артып келеді. Осындай аяулы кісілердің Қызылорда қаласында 6-ы өмір сүреді екен.
Қызылорда қалалық әкімдігі Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сондай асыл жандарды дәріптеу мақсатында игілікті шараны қолға алып отыр. Сол Аналардың суреттерін үлкейтіп, қала көшелеріне билбордтарға іліп қойды.
Бұл жоба «Ғасыр-ғұмыр иесі – асыл ана» деген тақырыппен жүзеге асырылуда. Бұл билбордтарды қызылордалықтар мен қала қонақтары Қызылорданың негізгі көшесінің бірі болып табылатын Жібек жолы даңғылы бойынан көруіне әбден болады.
– Біз былтыр жасы 90-нан асқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне осындай құрмет көрсеткен едік. Сол игілікті шараны биыл да жалғастырдық. Бұл жолы ғасырлық ғұмырды көзі көрген асыл аналарды ардақтасақ деген шешімге келдік, – дейді қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.