ҚАЙСАРЛЫҚ ПЕН НӘЗІКТІК

Мемлекеттік кірістер органы дегенде, ең алдымен, салық өндіруші орган ойға оралады. Бұл дұрыс та. Кірістер органдарының басты міндеті – мемлекеттік бюджет  түсімін қамтамасыз ету, соның заңдылығын бақылау және осы бағыттағы құқықбұзушылықпен күресу. Бюджет – халық игілігінің көзі. Осы мақсатта елге қажырлы еңбегін арнап жүрген жандардың бірі – Гүлнар Болатқызы Исаева. 

Өткен жылы Қазақстанның он алты өңірі арасында ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, республикалық рейтингте бірінші орын алғанда Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Аудит басқармасындағы әріптестерге «Ат үріккен атынан, еңбегі соған татыған» деп айдар тағып, қалжыңмен құттықтаған  едік. Шынында да, бұл басқарманың жұмысы ауқымды әрі жауапты. Мұнда қателік кешірілмейді. Себебі, салықтық тексерулер деген – терең ғылым. Қазақстан сияқты дамудың қарқынды  жолын таңдап, шағын және орта бизнесті белсенді жүргізуді мақсат тұтқан ел үшін кәсіпкерліктің заңды жүргізілуін жолға қою күрделі іс.

Гүлнар Исаева – осы саланы еркін меңгерген, сол үшін қайраты мен күшін жұмсаған мықты мамандардың бірі. Ал мықтылар көп болмайды. Гүлнардың өз ұжымында ғана емес, облыстың қаржы саласындағы мамандардың, тіпті ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетіндегі әріптестердің арасындағы беделінен осыны тануға болады. Гүлнарды ерекшелейтін бір қасиеті – оның үнемі дидары ашық, қимылы ширақ. Шаршап тұрғанын немесе мәселенің қиын тұсында тұрғанын ешқашан білдірмейді. Тұлғасында бір биязылық бар. Сонысымен тартымды.

«Талантты адам бар қырынан талантты» деген сөзді дәлелдеген жандардың бірі – осы Гүлнар. Жаңақорған ауданындағы Бірлік ауылының зерек оқушысы, көпбалалы отбасының ортаншысы 1999 жылы Қорқыт ата университетін үздік бітірген. Сол жылы облыстық салық комитетіне қызметке шақыртумен келген. Жұмысын сүйіп атқарған жанға жетістіктің жолы әрқашан жақын болады. Көп ұзамай салық аудиті басқармасының бас маманы болды. Аудит әлемінің ерекшелігі мен қызығын танып алған, сондықтан да оның қиын жағы білінбейтіндей. Бүгінде Гүлнар Болатқызы – бөлім басшысы. Өзі осы қызметтің қыр-сырына қанықтырған жандар қатарында Айна Күзембаева, Баян Рысмұхамедова, Дариға Әлиева сияқты әріптестерін құрметпен атайды.

2010 жылы Қорқыт ата университетіне екінші рет қабылданды. Бұл жолы тыңдаушы болып барып, екі жылдан соң  экономика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алып шықты. Жаңа заңнамалық талаптар бойынша әріптестер алдында дәріс оқу, теледидардан салық төлеушіге кеңес беру, кәсіпкерлер алдында баяндама жасау – бұл да Гүлнардың бір қыры. Және өте жақсы меңгерген қыры.

Жұмысты ұйымдастырудың өзіндік тәсілін меңгеруде жұбайының ұстанымы мен тәжірибесі де әсер еткен сияқты. Осы салаға келіп кездесіп, бас қосқан жары Абзал Үмбетов те жан-жақты, талапшыл жан болатын. Мақсаты биік азамат өмірден ерте озып кетті. Гүлнардың ішкі қайсарлығын тәрбиелеген өмірдің бір сынағы осы шығар, бәлкім. Уақыт жылдам. Жаңалықтар да, көзқарастар мен пікірлер де тез өзгеріп жатады. Алайда, ұстанымы мен құндылықтарына адал жандар бар. Ішкі беріктік оларға өмірлік қуат сыйлайды. 

Қолы қалт етсе, кітап оқиды. Тарихты танытатын әдебиетті таңдайды. Тарихи орындарды аралап, зерделеп жүргенді ұнатады. «Жұмысым – қиын да қызықты. Екінші отбасым деп санаймын. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында кішкентай болса да өз үлесім бар шығар», – дейді Гүлнар.

«Әрине, бар», – дейміз біз. Себебі жұмысын сүйіп, ынтамен атқаратынын білеміз. Басшылық оған сенім артып, жауапкершілік жүктей алады. Жұмысты жәй ғана орындамайды, табысты орындайды. Арқалаған марапаттары да бір төбе. Облыс әкімінің Алғыс хаты, Комитеттің Құрмет грамотасы, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалі... Бұл – Гүлнардың еңбегінің ресми бағалануы. Ал жанында жүрген жандар оны қажырлы тұлға, көркем мінез бен қарымды қабілет иесі деп таниды.

Б.ОРДАНОВА,

Қызылорда облысы бойынша 

МКД бас маманы. 

ҚОҒАМ 08 наурыз 2018 г. 719 0