ӘЙЕЛ ОТБАСЫНДАҒЫ ОРНЫМЕН ҚҰНДЫ

Қазақ халқы ертеден-ақ адамгершілікті ардақтап, ұлттық әдепті жоғары бағалай білген. Отбасында ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейтінін, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтінін сезінген. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі, ал оның алтын қазығы – әйел.
Бүгінгі күні әйел заты қоғамдық мәселелерді шешуге, ұлттық саясатқа терең араласып, әрқашан да отбасы мен қоғам арасына байланыс орнатып, гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Әйел мен ер тек отбасының ғана емес, қоғамның да қос қанаты.  Сондықтан әйелдер ерлермен бірдей талабына сай өмірдің әр саласында белсенділік танытып, әр түрлі салаларда жұмыс жасап жатыр. 
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста мемлекеттік қызметте 1602 әйел жұмыс істейді, ол барлық мемлекеттік қызметшілердің 45,55 пайызын құрайды. Оның ішінде 2 әйел саяси қызметшілер қатарында, яғни  барлық саяси қызметшілердің 28,6 пайызын құрап отыр, сондай-ақ, «А» корпусында 1 әйел қызмет жасайды. Мемлекеттік қызметшілердің сандық құрамына жасалған талдау бойынша басшы лауазымдардағы әйел саны – 165, басқа да санаттар бойынша 1437 әйел мемлекеттік қызметте еңбек етеді. 
Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел –өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Әйел алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иесі сұлулықтың символы. Қазір несін жасырайық, көптеген отбасыларында бар ауыртпалық әйел-аналардың басына түсіп тұр. ҚР Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен бекітілген алдағы он жылға арналған гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру үшін ҚР Президенті жанындағы Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі комиссия құрылды, оның жемісті жұмыс атқаруының өзі қоғамдағы барлық әйелдердің қорғансыз қалмайтындығының белгісі.
Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде түз – ердікі, үй – әйелдікі. Үйде жылылық болса ғана түзде тыныштық орнайтыны баршамызға белгілі. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану – міндет. Әр әйел өзінше бір әлем. Анасыз отбасының, мемлекеттің келешегін елестету мүмкін емес. Сондықтан болар, ата-бабамыздан келе жатқан ұлы ұғымда әйел мен отбасы ажырамас бірлікте болып келді және солай болып қалуы тиіс. 
Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтында, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Олардың мемлекеттік қызметте, басшылықта, өзге де салаларда алатын орны мен абыройы өзгеше. Дегенмен, дамыған демократиялық елдердің құндылықтары, атап айтқанда әйелдерге қатысты саясатына еліктеуден гөрі, өзімізге жақын ұлттық саяси ұстаным, қазақ халқының білікті де нәзік саясаты дұрыс. Яғни, әйел адам қоғам үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жауапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар екендігін біз ешқашан науқандық саясатқа айналдырмауымыз қажет.
Ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербеуге мүмкіндік табады. Жар болу мен ана болу, мұның екеуі де әйел мерейін арттырады.  Қандай жоғары лауазым иесі болса да, әйел  әйелдігін, күйеу күйеулігін ұмытпағаны дұрыс. Сонда үй ішінде береке орнайды, береке-бірлік орнаған отбасы бақытқа кенеледі.
Мехриса РАХИМОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс  бойынша  департаментінің  консультант-инспекторы.

ҚОҒАМ 08 наурыз 2014 г. 2 765 0