1 НАУРЫЗ – «АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ» МЕРЕКЕСІ

«Алғысым шексіз!». Осылайша бүгінгі күн мерекелік құттықтау, бір-біріне деген ыстық ықылас пен ризашылық сөздермен бастау алды. Қаhарлы қыс бітіп, жайма шуақ мезгіл көктемнің алғашқы мерекесі тойлануда. Бүгін «Алғыс айту күні».
Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанаты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі.
Президент «Алғыс айту күні» туралы: «Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн, бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», – деген болатын.
Осы орайда, Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары мен оқушылары да мерекені таң атысымен көтеріңкі көңілмен, бір-біріне жылы сөздер айтумен бастады. Мерекелік көңіл-күй сыйлауды жоспарлаған ұстаздар қауымы мектеп дәлізіне түрлі түсті шарлар ілсе, күндерін жаңаша бастаған оқушылар шарларға қағаздан жүрекше жасап іліп, оларға өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді.
ҚОҒАМ 01 наурыз 2018 г. 1 089 0