Биыл ЭКСПО аумағына 2 мектеп салынады

 2018 жылы елордада 7 мың орынға арналған 6 жаңа мектеп тұрғызылады. Бұл туралы қала әкімі Әсет Исекешев халыққа есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Әкімнің айтуынша, Астанада мектеп орындарының жетіспеушілігі мен білім сапасы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Жыл сайын қала мектептерінен 10 мың бала түлеп ұшса, бірінші сыныпқа 28 мың бала қабылданады. Сол себепті Астананың 11 мектебі үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. «Қазір Үкіметтің қолдауымен арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 7 мың орынға арналған 6 мектеп тұрғызылады. Бір мектеп апатты жағдайдағы №20 мектеп орнына салынады. Тағы бір мектеп Абай-Бигелдинов көшелерінің қиылысында тұрғызылып, №56, 60, 35 және 1 мектептегі оқушылар санын азайтуға септігін тигізбек. ЭКСПО ауданындағы жаңа баспана тұрғындары үшін 2 мектеп бой көтеріп, №74, 75 және 84 мектеп оқушылар санын төмендетуге мүмкіндік береді. Мектеп мәселесі бойынша «Хайвил» ТК тұрғындары жүгінген болатын, сондықтан Нәжімеденов көшесінің бойынша жаңа мектеп ашылады», - деп атап өтті Әсет Исекешев халыққа есеп беру кездесуінде. Исекешевтің айтуынша, алдағы үш жылда республикалық бюджет есебінен Астанада 27 мектеп пен 10 жапсарлас ғимарат салу жоспарланған. Соның ішінде, «Промышленный», «Пригородный», «Көктал 1, 2» тұрғын үй алаптарында жаңа мектептер бой көтермек.  


ҚОҒАМ 28 ақпан 2018 г. 536 0