Қазақта «өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей болды» деген бейнелі бір сөз бар. Жалпақ жаһанға мәлім Арал теңізі мәселесіндегі соны өзгерістер осы сөзді ойға жиі келтіреді бүгін. Иә, азат еліміз әлем санасын сан-саққа жүгірткен сабақты проблема бедерінде қол қусыра қарап отырмай, батыл да айтулы бастамаларға барды. Ғалам және ғасырлар проблемасына айналған осы алып мәселеде Қазақстан аса белсенді және игі нәтижелер келтірген ізденістер жолынан тайған емес.
Өткен ғасыр аяғында екіге бөлініп, содан, Оңтүстік Арал аталған теңіздің үлкен айдыны бүгінде бақиға біржолата бет бұрған сыңайлы. Сондай жағдайда, тіршілік тынысын үзбеген Солтүстік Аралдың кіші айдыны – бір аудан, облыс, тіпті, еліміз ғана емес-ау, тұтас бір теңізді жоқтаушы әлем көзіндегі үміт пен сенімнің соңғы жәдігері боп қалғаны рас. Көп ізденіс, ұмтылыстар нәтижесінде біз осы ақиқаттың жолын аша алдық.
«Кіші Арал» деп халық сүйіспеншілік сезімімен атаған бұл айдында жарықтық теңіздің барлық касиет-ерекшелігі, бедер-ландшафты бар еді. Демек, ол – жарық жаһан үшін жойылып кетуге келген Арал теңізі әлемін – дүниенің өзге еш жерінде жоқ тіршілік, балықтар, өсімдіктер дүниесін, бірегей шаруашылық дәстүрін аман-есен сақтап қалудың бірден-бір мүмкіндігі болатын. Солтүстік Арал, шын мәнінде, ауқымды теңіз акваториясы ғой. Жаратушы жерімізге қиып берген осы «Кіші Арал» айдыны осындай әлеуеттер мен игіліктер ұсынып тұрды бізге. Және де Аралдың экологиялық жағдайынан ығыса көшкен көп ағайын осы судың бұрынғы жағалауында үмітке табан тірей кідірістеп отырған жайы бар еді.
2005 жылы бірінші кезеңінің құрылысы аяқталған «Көкарал» теңіз бөгеті сондай асыл мұратты орнықтырудың алғашқы қадамы болды. Солтүстік Арал құлдырап түскен 38 метрлік (Балтық жүйесі бойынша) деңгейінен 42 метр биікке бір-ақ «секірді». Тіршілік жанданды. Елдің әлеуметтік ахуалы, жердің экологиясы көрер көзге оңала бастады. Ең бастысы, Арал өңірі болашағына деген бекем сенім пайда болды күпті көңіл ағайында. САРАТС жобасының (Сырдария арнасы мен Солтүстік Арал теңізін реттеу) екінші кезеңі осы игі бастаманы одан әрі дамыту бағытын да нақты мәлімдеген болатын. Бірақ... «Көкарал» бөгетінің бірінші кезеңі біте салысымен, САРАТС-2-нің сол игі мұраты кері шегеріліп, енді, Сарышығанақ қолтығын бөлектеп толтыру деген бір оқыс ниет («екі деңгейлі САТ» деп аталды бұл нұсқа) бас көтерді. Түп мақсаты мәлімсіздеу, бірақ, «су жоқ, қаржы жетпейді» деген «қызық» қисынға негізделген осы нұсқа, халық көңілін күпті ете, тым қажырлы түрде алдыңғы орынға шыға келді.
«Екі деңгейлі және бір деңгейлі Солтүстік Арал теңізі (САТ)» деген не өзі? Кешегі карталарға қарасаңыз, теңіздің Көкарал – Сыр атырауы сызығынан солтүстікке қарай Кіші Арал теңізі жатыр. Сырдария күні бүгінге дейін осы айдынға жетіп жығылады. Дарияның алтындай ағыны көп жылдар осы суға да, үлкен теңізге де пайда бермей, кешегі Берг бұғазындағы өзекпен өлі сортапқа құлап кетіп жатты. Құрғаған Берг қылтасынан («Көкарал»), осы, солтүстік акваторияны бөле, дария суын бөгей, айдынды тірілту бір деңгейлі теңіз идеясы еді. Бұл іс солай басталды да. Бірақ, «әрі де емес, бері де емес», 42 метрлік деңгейде бастама қаңтарылды. Сәл көтерілген теңізден артылған дария ағыны тағы да үлкен теңіз сортабына құлап кете бастады... Ал теңіздің солтүстік-шығысы, Арал қаласы маңындағы ең шетін пұшпағы Сарышығанақты Үшшоқы түбегінен бөліп, тыңмен Қамбаш көлінен арна тартып, атыраудағы аз дария суын бөле-жара, сол қолтықты бөлектеп толтыру – екі деңгейлі теңіз нұсқасы делінеді. Бұл жағдайда екі сатылы Солтүстік Аралдың Сарышығанақ «сатысы» Балтық жүйесімен 50 метрге жетеді де, қалған жағы сол баяғы, 42 метрде қала бермек.
Осыдан ширек ғасыр бұрын да, имандылық пен экология сөзі тұмшалы заманда, қансыраған Арал жарақатын бүркемелеу үшін, кеңес үкіметі сондай бір жартыкеш шараға барған. Сөйткенде, Арал қаласы маңына аздап су келеді; өткінші жолаушылар көзінде шамалы ғана айдын жылтырап жатады... Аралдың басқа аумағы, халқы – КСРО дәстүрінде, үнсіз, көнбіс, кемшін жағдайда, сортаң жағалауларда қала берсе де болады... «Сарышығанақ» деп аталды ол шара. Сол кездегі Арал экологиялық қасіретінің қасбетін жылтыратып «әктеп» қою ғана әрекеті еді ол. Сол кездің өзінде оған Арал жұртшылығы «керек емес!» деген кесімді сөзін айтқан. Тарих өзі үкім шығарған. Осы ескіліктің, енді, біздің қарқынды даму жағдайымызда, тәуелсіздігіміздің үшінші онжылдығына қадам басқан кезеңде, қайта бас көтеруінде не қисын?!
Арал жұртшылығы да, одан кең ауқымдағы көңіл көзі ашық ағайын да тоқымдай «Сарышығанақ» емес, біртұтас «Кіші Арал» теңізін көтеруді сонша уақыт бойы табанды түрде айтумен келеді. Осының алғышарты елімізде 2000 жылдардың орта шеніне қарай қалыптасты. Сөйтіп, мемлекеттік САРАТС жобасы өмірге келді. Нәтижесінде «Көкарал» теңіз бөгеті көтерілді. Бірінші кезең түрінде...
Әрине, біртұтас «Кіші Арал» нұсқасына қарсы тарапта уәж бар: қаражат көп кетеді, су жетіспейді... Зерделеп көрейік! Біріншіден, екі сатылы, алып арналы «Сарышығанақ» нұсқасына кетер қаржы «Көкарал» нұсқасынан асып түспесе, аз соқпайды. Осынау бөгет параметрі «Көкаралға» халық сұрап отырған бөгеттен кем болмақ емес. Ол, тіпті, кей тұстарда екі етекті етіп салынуы керек... Оған қоса, құмды жердегі жағдайы күмән тудыратын алып арна, жолдар, электр желісі, вахталық қыстақ пен адам тасымалын ұйымдастыру – аса шығынды және экологиялық тұрғыдан тиімсіз амалдар болмақ. Мысалы, онсыз да жұтаң Сыр атырауының жарты ағынын бұра тартып әкетудің өзі неге тұрады!. Елді мекендерден алыс түсетін бөгет қызметін жүргізу тұрақты түрде қандай қаражат талап ете беруі мүмкін?
Бір деңгейлі «Кіші Арал» нұсқасында мұндай күмән жоқ. Осы күні жотасы 44 метрде тұрған «Көкарал» бөгетін әрі дамыту «Сарышығанақ» кешенінен артық қаржы талап етпейді. Ал, су мәселесі... «Кіші Арал», ең алдымен, Сырдариядағы өзіміздің үлесті суға есептелген. Киелі Сыр оңтүстік өлкеміздің шөлін қандыра, Жаратылыс жазған өз жолымен өз Аралына хал-қадерінше құйып жатыр. Салқын айлардағы ағын тіпті мол. «Көксарай» су реттегішінің миссиясы ашылады. Сосын, дария алабы – өз өлкелерімізде үнемделетін ылғал тағы бір «кіріс көзін» ашуы мүмкін. Асылы, дария бойындағы су үнемдеу, экологиялық мәдениет көтеру мәселесі осы теңіз факторымен нақты мәнге, мақсатты, игілікті шара мәртебесіне ие болады. Бұл өте-мөте маңызды... Кіші теңіз климаты Оңтүстік Аралдан салқындау, шыңдарында бұлақтар бар, жерасты суы жақын толысқан теңізбен ол көздер де ашылады. Бұлар – «есепте жоқ» су көздері. Өз кезегінде, тірілген теңіз Қызылорда облысының батыс өңірін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін Сарбұлақ-Толағай кеніштерін толықтырады. Жалпы, ол үлкен аумақтағы ауа райының оң өзгерістеріне ықпал етпек.
Таразының екі басына тартылған «Көкарал» және «Сарышығанақ» тәжікесі күні бүгінге дейін алтыннан қымбат 8 жылдай(!) уақыт алды... Сырдың есіл суы көп уақыт рәсуа боп, үлкен теңіз сортабына құлап жатты. Есеп рас айтса, осы уақыт ішінде ол бетке кіші теңізді толтырып алардай су кетіпті. Жай кетпепті, өзімен бірге миллиондаған теңіз түлігін, қайтпас өлі сорға ала кетіп, ол жақтағы балық өлексесінің қалыңдығы осы күні 1-1,5 метрге жеткен... Осы жағдайда, бастапқы САРАТС-2 жобасы мақсатынан ауытқу түсініксіз еді. Мәселенің тығырыққа «тығылғаны» соншалық, Дүниежүзілік Даму Банкі әлемді жайлаған қаржылық дағдарыста Арал қаражатын сарымайдай сақтап отырған жағдайда, мәселені кідірте бермей, САРАТС-2 кезеңінің САТ мәселесін кейінге қалдыра, өзге 6 құрамдас бөлігін жүзеге асыра беру керек-ау деген мәмілеге келу қажет болды (2012 жылғы Қызылордада өткен халықтық тыңдау). Ел уәжі салмақты болатын. Кіші теңіз кешегі Аралдың 10/1 аумағы (ол – теңіз), ал Сарышығанақ сол кіші теңіздің өзінен 6/1 еседей кіші (ол – тоған)... Бар айырма тек осында ғана емес. Кіші Арал төңірегінде экология әсерінен ығыса көшкен қараорман халық үмітке табан тіреп, жағалай отыр. Егер «Сарышығанақ» нұсқасы жүзеге асқандай болса, осынша жұрт бұрынғы сортап жағалаудағы жүдеу ахуалда қала бермек. Тіпті, Сырдың төменгі атырауындағы ел үдере көшуге мәжбүр болуы да. Бұл – ел-жұрт мәселесін шешу жолы емес. Әрине, балықшы ағайын жартыкеш көтерілген (42 м.) теңізінің өзіне қуана қол созып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын түзей бастады. Берісі – 18, әрісі 75 шақырым алыс жатқан ауылдардан теңізге қатынап, тірліктер жүргізді. Осы, шығынды, тәуекелді жолда, өкінішке орай, шаңырақтарына адам қайта алмай қалып жатқан оқыс оқиғалар да бар... Қол созымға жақындаған теңіз осындай қиындықтардың қордасын сейілтер еді. Келесі уәж: Кіші Арал үшін тың қопарып, үлкен арна қазып, жол, электр желілерін тартып, жұмысшы қыстағын салып, Сыр атырауындағы қасиетті Қамбаш көлі сияқты айдындардың ғасырлар бойғы шырқын бұзып, экологиялық қолайсыз әрекеттерге бару қажет болмайды. («Сарышығанақ» нұсқасы осындай көп жұмыс сұрап тұр). «Көкаралда» мұның бәрі орындалған: 11 шақырымдық бөгет негізі көтерулі тұр. Жолдар, желілер, жұмысшы қыстақтары салынған. Бұл маңдағы қалың ел, жұмыс күші бұл нысанның жандануын көптен күтулі. Дария да теңізге өзінің Жаратылыс қазған жолымен құйып жатыр. Табиғатқа антропогендік әсер мейлінше аз болмақ. Мұның бәрі – проблемалы Арал өлкесі үшін аса маңызды жайттар.
Ел-жұрттың тілек-мүддесін тыңдай, проблеманы тереңнен зерделей тұжырым жасаған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жолда халық үміті мен ел басшылығы арасында «алтын көпір» орнатты деуге болады. Шын мәнінде халықтық таңдау, демократиялық принципте Солтүстік Арал мәселесі шешілу жолына қойылды. Мұндай үрдіс, жалпы, облыс өмірі тынысында бүгін алуан векторлы, сан салалы.
«Кіші Арал» ел мүддесіне жауап береді. Кешегі дәуірлеген шағында бүкіл Аралдан ауланған 500 мың центнер балықтың 300 мыңдайын осы Солтүстік теңіз берген. Осы көлемге қайта қол жетеді деген болжам бар. Демек, өзге еш жерде жоқ бірегей балықшылық кәсібі жанданады. Жаңа кәсіпорындар мен кәсіпорындары ашылады. Бір кездері Арал қаласында болған Орталық Азиядағы бірден-бір кеме жасау ісі қайта жандануы мүмкін. Туризм кластері жолға қойылады. Берісі – Ақтөбе, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, әрісі бүкіл ел аумағы мен алыс-жақын шетелге ет, сүт, балық өнімдері мол, аспанын бұлт шалмайтын, жағажайлары ыңғайлы, әуе, теміржол, автожолдар бойында қолайлы орналасқан осы теңіз құшақ ашады... «Сыр – Арал – Торғай – Науырзым...» халықаралық экодәлізі бүтінделеді. Сыр бойының да экологиясы оңала бастайды. Және Сарышығанақ Кіші Аралмен бірге тіріледі. Ендеше, ауқымды теңіз айдынын таңдаймыз ба, әлде, алақандай қолтыққа «шашылған» жөн бе?
Кіші теңіздің планетамыз үшін жойылуға қараған Арал экоәлемін сақтап қалар теңіздік бірегей әлеуетін ескерсек, Сыр алабында осы мақсатқа үлесті су бөлуді халықаралық саясат тетігінде жолға қоюы үлкен жеңіс болар еді. Асылы, Сыр суына еш балама жоқ. Дария салауаттылығы, жақсы көршілік қатынас, Орталық Азияның ортақ тағдырына деген түсіністік көзқарас еліміздің қажырлы, сындарлы саясаты арқылы беки түседі деген сенім бар.
Ел саясаты біртұтас Солтүстік Арал теңізін көтеру жолын таңдады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сыр бойына келген сапарында халық тілегін, ел-жер мүддесін ескере, салмақты мәселенің шешу жолдарын алға тартты. «Мен Арал теңізіне көмектесем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген Елбасы сөзінің кезеңдік жүзеге асу мысалы осындай. Бұл орайдағы ел-жұрттың алғыс сезімі шексіз.
Қазақ қай талапта да ертеңді терең ойлап, мәселені кең пішкен ел. Проблемалы Арал жағдайында бір орайы келген осы тарихи мүмкіндік ертеңге деген ауқымды көзқарас пен көрегендік үдесінде шешілді. Енді ел күткен игіліктер сан-салалы, Арал болашағына деген сенім бекем. Кіші Арал толысуы, ғалымдар айтқандай, бірнеше жылдарда, бәлкім, бірінші кезең мысалындай он есе тездікте жүзеге асар, әйтеуір, ол уақыт теңіз жағасындағы ағайын үшін «бос күту» уақыты болмайды. Үмітті-талапты жұрт бері жылжыған теңізінің әр сәт, әр сүйемінен тиімді шешім табады. Елге үміт берген теңіз біріктіруші, қауымдастырушы фактор болмақ.
Мамандар «Кіші Аралды» Балтық жүйесі бойынша 48 метр деңгейде межелеген сияқты. Дегенмен, ел сұраған 50 метрлік биікке көтере «пішсе», күтулі игіліктер мен нәтижелер көлемі еселеп артар еді. Немесе, «Көкарал» бөгетінің беріктік запасын 50-51 метрге есептей көтеру жолын тапса!.. Өйткені, бұл – Аралға берілген бір сирек тарихи мүмкіндік сәті. Халықаралық Банк үлесінен бөлек, республика бюджеті үлесіне түсуі мүмкін қаржы шығыны бұл орайда молынан қайтатынын ескерсек (теңіз факторы, экология, балық, туризм кластері, әлеуметтік нәтижелер...), ол еңбек түбегейлі ақталмақ. Ал жетімді су мәселесіне келсек... Біз біраз бастамаларда шүбә дегендерді жеңумен өз сенімімізді орнықтырып келе жатқан елміз (Астана орманына қатысты, Сарыағаш бауларына қатысты мамандардың өздерінің күмән сөздері болғаны рас...). Арал туралы да айтылған сондай күмән салқынын кері шегердік. Жарқын перспективаларды көре білу керек еді. Алдағы жылдары, тіпті, жақын болашақта еліміздің берекелі, құнарлы, бірақ, шөлейт өлкелеріне келер біршама су көздері ашылғалы тұр. Осы күні көршілердің ішкі талқысында жүрген Қазақстанның бірегей ұсыныстары – Сібір суының бір бөлігін Орталық Азияға бұру, Азов-Каспий арнасы сияқты батыл идеялардың жүзеге асатын күндері тарихи тұрғыдан алыс емес. Оның бер жағында, Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды арнасынан үстеуленген Есіл-Нұрадан Сарысу немесе Торғай арқылы Сыр-Арал алабына жететін арна туралы жиі айтылып жүр. Демек, перспективалар ашық. Демек, бұл идеялар әйтеуір, бір жүзеге асады. Оны, түптің түбі, шырайын шығара қабылдай алатын «Кіші Аралдың» бүгін таңдалған үлкен ауқымы болмақ. Міне, Арал мәселесінде ертеңге көреген шешім қабылдаудың нақты негіздері осы.
Бұлар енді келесі ізденіс көкжиектерінің мәселелері.
Бір жайтты терең ұғынған көңілге мақтаныш ұялатады! Тәуелсіз Қазақстан әлем көзінде бақиға ұзап келмеске қарағандай болған теңіздің үлкен бір айдынын толық мәнінде тірілткелі отыр. Үмітті әлем адамзатты алаңдатқан Арал теңізін қалпына келтірудің бірінші қадамы деп қабылдауы керек мұны. Бүгінгі имандылық, экологиялық жапа-тармағай «уағыздар» бедеріндегі аса ізгілікті, нақты қадам осындай.
Арал тағдырында тарихи таңдау жасалды.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог.