Ұлттық сана ұлттық рухқа қызмет етуі керек

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы меже – дамыған 30 елдің қатарына кіру екенін айта келе: «Бұл мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп кез келген игі істің басында адамның ізгілікке бастайтын санасы тұру керектігін айтқан болатын. Сана дайын болмаған жағдайда, адам өзі жеткен табысты баянды етіп ұстап тұра алмайды, қоғам да сондай. Біз тек экономикалық жағынан ғана дамып, отыз елдің қатарына қосылғанымызбен, оған халықтың санасы мен рухани дүниесі дайын болмай шықса, онда дамыған  қоғам дертке шалдығатыны бар. Оған кешегі Кеңес өкіметінің өздігінен құлауы куә бола алады.  «Коммунизмге жетеміз» деп ұрандатқан коммунистер утопияға ұрынды, халықтың санасының сілкінуіне жол бермеді, кез келген мәселені үкімет пен партия ғана шешетіндей сыңаржақ шешім қабылдап отырды. Мұның салдары қоғамдағы адамның да экономиканың да тоқырауына алып келді. Ол қоғамдағы ең басты дерттің бірі – тоғышарлықтың белең алуы еді. Қоғамның дамуына кедергі келтіретін жайттің өзі де осы тоғышарлық пен енжарлық деуге болады. 



Мұны, «әкенің жиғаны балаға мал болмайды» деп атам қазақ дұрыс айтқан. Өмір бойы табанды еңбекпен тірнектеп отырып жиған әкенің малын ұқсату үшін бала да сол жолдан өтуі керек. Дайын асқа тік қасық болса, онда жиған малдың қадірін түсінбеген бала бар малды босқа шашады. «Малды жиғанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» дейді дана халқымыз. Әркім қолынан келетін іспен айналысуы керек. Кейінгі кезде ұрлық-қарлықтың, жұмыссыз бос сандалудың да белең алып кеткені рас. Мұның да өршуіне бірнеше фактор себеп болып отыр. Кезінде кеңестік идеология адамдардың бәрін дайын нәрсеге үйретті. Алдымен балабақша, сосын мектеп, әскерде қызметін өтеп келген соң оқуға түсу, егер түспеген жағдайда ауылдағы бір мекемеге жұмысқа орналастыру. Адам өздігінен ештеңе ойламауы керек, орташа жалақың бар, сонымен көптің бірі ретінде өмір сүре беруге болады. Бірақ бұл жүйе өзін ақтамады, салмақтың бәрі үкіметтің өзіне түсті, халық қалыпты өмірге үйренді. Бұл жүйе құлаған соң масылдыққа үйреніп алған, өзіндік идеясы қалыптаспаған, өзіне сенімсіз топтар табыстың жеңіл түрін табуды кәсіпке айналдырып алды. Экономика ешуақытта бір жерде тұрмайды не алға жылжиды не артқа кетеді. Ұлттық экономиканы алға жылжытып отыратын қашанда заманауи білім алған іскер жастар болмақ. Дамыған елдерде кіші бизнестің салмағы басқа салаға қарағанда қарқынды дамуының өзі әрбір идеясы бар жастардың өз мақсатын жүзеге асыруға жол ашып беріп отырады. Соның негізінде экономика да қарқынды дами бас­тайды.

Кез келген халықтың әлсіз тұсы оның кежегесін кейін тартып тұратын, алға жылжуға кедергі жасап отыратын өнімсіз пайымдары мен тар шеңбердің құрсауында қамап ұстайтын, адымын аштырмайтын келеңсіз көріністері болады. Бұлар игі бастамаларды болдырмауға тырысады, жаңалықты қабылдай алмаған соң салғырттыққа бастайды, себебі оған ескілікті көзқарастары мен үйреншікті әдеті әсер етіп тұрады. Елдің ішінде келеңсіздікке алып келетін жайттердің бірі рулық деңгейде ойлайтын сананың өзгеріссіз қалуы деуге болады. Мұндай кертартпа ойлар елдің дамуына серпін беретіндей тың идеялар бере алмайды. Елбасы өз мақаласында «Күн сайын өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес», – деген болатын. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандап өткен, ұрпағымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтындай» жерұйықта өмір сүруді аңсаған ізгі тілегі ақыры  қабыл болды. Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел атанды. Тәңірі жарылқап қолымызға тиген қасиетті тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – әр қазақстандықтың қасиетті борышы! Бұл қасиетті борышқа әрқашан да сергек оймен қарауымыз керек. Сол елдің ұлтарақтай жерін бар жан-тәнімізбен қорғау, Отан үшін жанымызды шүберекке түйіп дайын тұру – кеудесінде намысы бар әрбір азаматтың мойнындағы міндеті. Руды айтқанда сол елдің тәуелсіздігі үшін атқа қонған рухы биік батырларымызды мақтанышпен еске аламыз. Ол батыр бабаларымызды бір рудың шеңберінде ғана қарап, өзге рудың батырларынан артық не кем қоюға болмайды. Елі үшін атқа қонған батырлар ұранды жалпақ Алаш жұртына тастаған, ел басына күн туған қысылтаяң шақта күллі қазақтың намысы үшін әр руға ат шаптырып сауын айттырған. Себебі, Алаштың арда азаматтары күллі қазаққа ел ортақ, жер ортақ екенін жақсы білген, еншісі бөлінбеген қазақ елі екенін әрқашан да есте ұстаған. Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарып, білек қосып, тізе біріктіре отырып жауын жеңіп отырған.

Қорқыт атадан бастап Асан қайғыға дейінгі абыз бабаларымыз желмаяға мініп жерұйықты іздеуінің мәні де мәңгілік ынтымаққа ұйыған тату елдің жарқын бейнесін қалыптастыру жолында жасалған ізгі қадамдары еді. «Мәңгі ел» болу идеясы тек  бүгін туындап отырған көзқарас емес, бұл аталарымыз негізін қалаған бірігу идеясының санадағы қайта жаңғыруы деп түсінуіміз керек.

Біздің аталарымыз Байкалдан Балқанға дейінгі байтақ жерлерге атпен барған, көптеген елмен, әртүрлі ұлыстармен араласты, әр елдің де жақсы әдеттерін бойына сіңіре білді. Ұдайы ат үстінде өмір кешкен бабаларымыз өзге ұлттармен араласа жүріп озығынан үйренді, олардың мәдениеті мен өркениетін де бойына сіңіріп отырды. Көптеген отырықшы халық өзге тілде сөйлесе, акцентпен сөйлейтіні бар, қазақтың бір ерекшелігі ­кез келген тілді меңгергенде тілінің мүкісін білдірмей сөйлеуінің де бір ерекшелігі ежелгі дәуірлерден бас­тап Еуразия даласында еркін көшіп-қонып жүруінде болса керек. Соның арқасында қазақ тілінде өзінің төл дыбысынан өзге де көрші халықтарында қолданатын сөздерден енген дыбыстарды ғасырлар бойы қабылдауының арқасында акцентсіз айта алатын деңгейге жетті. Бұл да қазақтың бір ерекшелігі деуге болады, сөйлесе сөзге мүдірмейтін шешендігі де оның артықшылығы еді. Қазақтың тарихы мен тілін зерттеген ғалымдар қазақ тілінің бай тілдердің қатарына жататынын айтып кеткен. Ұлан-байтақ даламызда өмір сүріп жатқан қазақ халқында шығысынан батысына дейін үш мыңнан астам шақырымдық далада мекен еткен ұлтымыздың тілінде ешқандай да диалектінің болмауының өзі – қазақ халқының ерекшелігі. Дүниеде ұлтарақтай жерде өмір сүріп жатқан тайпалардың бірінің сөзін бірі ұқпайтындай күй кешіп отырғандары да ұшырасады. Ендеше, рухы биік ата-бабаларымыздың бізге қалдырған осындай асыл қасиеттерін ұрпақтың бойына ұдайы сіңіріп отыруымыз керек. Бұл – біздің ұлттық кодымыз және мұндай асыл дүниелерімізді ұдайы жаңғыртып отыруға  тиіспіз.

Елбасы Н.Назарбаев өз мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп ұлттық кодқа айрықша назар аударды. Ендеше, қазақ халқын тәрбиелеп келе жатқан, елдікке ұйытып отырған озық дәстүрін дамытуды жалғастыра беруіміз керек. Бойдағы асыл қасиетіміздің бірі – өзгенің ала жібін аттамау! Ұлан-байтақ даламызда еркін көшіп-қонып жүрген қазақ халқы көрші аймақтарда өтіп жатқан той-жиындарға емен-жарқын, ақ пейілде бір-бірін жатырқамай тікелей араласып кете беретін болған. Сырттан келген құдайы қонақты құдасындай сыйлаған, жолаушының атын ауыстырып, бар жылы-жұмсақты аузына тосып отырған. «Кісі ұрпағымен мың жасайды» деп ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Жастарды еркін ұстауға тырысқан, «он үште отау иесі» деп мүшелге толған баланы өзімен тең дәрежеде көрген. Ел басқару ісіне, үй шаруашылығын дербес жүргізуге баулып отырған. Қазақ жастары қанша еркін өссе де қалыптасқан ұлттық дәстүр мен елдің абыройын бәрінен биік ұстаған. «Атаның емес, адамның ұлы бол» деп ұрпақты адам бойындағы жақсы қасиеттерді көре білуге баулыған, жігіттік намыс пен қыздың арын бәрінен жоғары қойған. Олар өз елдерінің намысты ұлдары екенін дәлелдеуге тырысатын болған.  Той-томалақта өтетін қыз қуу, бәйге жарысы, қыз бен жігіт айтысы секілді ұлттық ойындарға өзге ауылдың қыз-келіншектері келгенде сыйлап төрінен орын ұсынған. Өз өнерімен танылған жастар қай жерде де сыйлы болған. Шілдехана, бесіктойларда күні бойы ұлттық ойындарды тамашалаған жастар кешке қарай ақсүйек ойнаған, алтыбақан теуіп жігіттер мен қыздар өзара ән салып, айтысқа түсіп отырған. Кез келген үйдің есігі ашық болған, біреудің дүниесіне көз сұғу, сандығын ашып алтын бұйымдарын ұрлау, қыз-келіншектерді зорлау секілді келеңсіз дүниелер болмаған. «Тең теңімен, тезек қабымен» деп көкірегі ояу жастар өздеріне жар болатын қыздарды айттырғанда оның тегіне аса мән бере қараған. Бұл жағынан шаңырақ иесі әкесі мен атасының өзі деңгейлес текті жердің қызын айттыру дәстүрін балалары да құптап отырған. Тектілердің құда болғаны туралы оқиғалар көптеп кездеседі, бұл дәстүр ел ішінде әлі де жалғасын тауып отыр. Тектілікке ұмтылудың өзі біздің дәстүріміздегі рухани жаңғырудың бір көрінісі, бұл үрдіс те алдағы уақыттарда жалғасуы қажет. Ұлтымыздағы бекзаттық пен тектілік институтының қалыптасуы сан ғасырлық жалғасы бар өткен тарихымыздың бірі. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлттың ұрпағы болғанымызды ұдайы жастардың санасына сіңіріп отыру керек. Жастардың санасы халқымыздың осындай қасиетті дәстүрімен толығып, жаңғырып отырса игі бастама болар еді.

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, өркениетке ұмтылып отырған еліміз дамудың келесі сатысына көтерілуі үшін ылғи да санада сілкініс туғызып отыруы тиіс. Кезінде намысты ұлдар бір өзі бір ауылды асыраған. Елде қолынан іс келетін жалынды жастарды ортақ жұмысқа жұмылдырып отырған, тапқан табысымен елді асыраған. «Қамбар батыр» жырында да дүйім елді өзінің аңшылығымен асырап отырған батырға байдың қызы Назым келіп сөз салғанда да «елімді ойламай қарақан басымды ойласам, менің жігіттігіме сын емес пе?» деп қарамай кететіні бар. Қазіргі кезде ел ішінен шыққан кәсіпкерлер арасында өзі өскен ауылдарына демеушілік жасап, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, туған аймағынан кәсіпорындар ашып жұмыспен қамтып отырғандар бар. Мұндай азаматтарды ел болып, мемлекет болып қолдауды қолға алудың маңызы зор.

Қазіргі заман – инновацияның дәуірі, идеялардың бәсекеге түскен уақыты. Тыңнан жол тапқан өнертапқыштар мен сол идеяны жүзеге асыруға ұмтылатын, озық идеяны әлемге таныту жолдарын іздейтін жанкешті бизнесмендердің әрбір сәтті қадамын көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым ылғи да қолдап, моральді жағынан қолдау көрсетіп отыруы тиіс. Мұндай істерді қолға алуда әр аймақта ашылып жатқан рухани жаңғыру орталықтарының ықпалдастығы өте маңызды. Тың идеяларды жоспарлы жұмыстардың аясында қарастырып отыратын шараның механизмдерін жетілдіре беруге тиіспіз. Бұл өз кезегінде аймақтағы, ауыл мен қаладағы жастардың өз бойындағы қабілетті жетілдіруге, заманауи келбеттегі жұмыс орындарын ашуға, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып елдің дамуын ілгері жылжытуға деген тегеурінді стимулға жол ашатын болады. Адами капиталды дұрыс бағытқа бұру үшін ұлттық экономиканың даму бағыттары мен алдағы мүмкіндіктерді ұдайы насихаттап отыру керек.

Қазіргі заман – керісетін емес, келісетін, руыңмен оқшауланатын емес, ұлттық рухқа қызмет жасайтын уақыт.

Қазақ елін әлемге таныту жолында ұлттық кодты дәріптей отырып, рухани мұрамызды жаңғырту идеясын дамытатын уақыт келіп жетті.



Бақыт ӘБЖЕТ,

 «Рухани жаңғыру» орталығының

 жетекші маманы, ф.ғ.к., доцент.

Қызылорда қаласы.

ҚОҒАМ 26 ақпан 2018 г. 778 0