« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруді маңызды міндет етіп қойды.
Бұл – болашаққа батыл қадам жасап, елімізді бүкіл әлемге танытып келе жатқан Елбасының маңызды бастамаларының бірегейі және тіліміздің болашағы үшін жасалған маңызды шара.
Латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін мәні бар тарихи оқиға. Елбасы айтқандай, халқымыз сан мың жылдық тарихында ешқандай сыртқы ықпалсыз, өз еркімен, жалпыхалықтық талқылаумен, тұңғыш рет әліпбиін ауыстырып отыр. Оны жүзеге асыру – біз үшін мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін түсінеміз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл, дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел, халық болудан қалады», – деген. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратынын аңғарамыз.
Латын әліпбиіне көшу мәселесіне орай филолог ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен, тіл жанашырларынан құрылған республикалық жұмысшы топ ауқымды жұмыстар жүргізді.
Бұл бағытта өңірдің ғалымдары мен тіл жанашырлары да қалыс қалған жоқ. Қазақ әліпбиінің жаңа графикасын жасауға Қызылорда облысының ғалымдары мен зиялы қауымы атынан ұсыныс беру мақсатында жұмысшы топ құрылып, оның құрамына облысымызға танымал филолог ғалымдар, зиялы қауым өкілдері Ж.Сәдуақасұлы, Б.Кәрібозұлы, Қ.Құдайбергенов, Ғ.Тұяқбаев, А.Абасилов, тағы басқа ғалымдар, тіл мамандары мен ІТ-мамандар енгізілді. Жұмысшы топтың алғашқы отырысының хаттамалық шешімімен (05.05.2017 ж.) жоғарғы органдарға (республикалық жұмысшы топқа) жаңа әліпби нұсқасына ұсыныстар жолданды.
Өздеріңізге белгілі, 2017 жылғы 11 қыркүйекте Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау өтті. Алқалы жиында латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы таныстырылды. Осыған байланысты жаңа әліпби нұсқасының жобасымен танысқан жергілікті ғалымдар оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі жөнінде ой-пікірлерін білдіріп, жоғарғы органдарға ұсыныстар жолданды. Латын әліпбиіне көшу мәселесіне орай облыс халқы арасында кеңінен түсіндіру шаралары жүргізілді. Оған жұмысшы топтың мүшелері тартылып, жергілікті тұрғындармен, мекеме ұжымдарымен кездесулер өткізілді.
Әріп өзгертудің алғашқы кезеңінде түрлі қиындықтар болуы әбден заңды. Қай уақытта да өтпелі кезеңнің қиындығы болмай тұрмайды.
Бұл жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы да: «...әріп ауыстыру деген жеңіл мәселе болып шықпайды. Бұл – ел жағынан да, елдің шаруасы жағынан да ауырлығы зор мәселе. Үстін қарап, ат үстінен айтқандай, сөзбен жеңіл шеше қоятын мәселе емес. Салақ қарауға болмайтын салмақты мәселе», – деген болатын.
Сондықтан, ғалымдарға артылар жүктің салмағы ауыр екендігі сөзсіз.
Жаңа әліпби нұсқасына қатысты облыстық жұмысшы топтың мүшелері, филолог ғалымдарымыздың ұсыныс-пікірлері Елбасының Жарлығына сәйкес «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру» жөнінде құрылған Ұлттық комиссияға жолданды.
Бүгінде Ұлттық комиссия жанынан орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптамалық-техникалық бағытта жұмыс топтары құрылып, белсенді жұмыс жасап жатыр. Жұмысшы топтың мүшелерін Тіл білімі институтының ғалымдары құрайды.
Әрбір өңірдің, зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдардың пікірлері жұмысшы топта қаралып, талқылануда. Одан бөлек, жаңа әліпби нұсқасы орталық атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілер арасында да диктант алу жолымен аппробациядан өткізілді.
Ғалымдардың жүргізген сараптау жұмыстарының нәтижесі мен халықтың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, 2018 жылдың 19 ақпаны күні Елбасы латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің өзгеріс енгізілген нұсқасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа нұсқада әліпби біршама ықшамдалған. Апостроф белгілер жазуға ыңғайлы дикретикаларға ауыстырылған. Ал екі әріп (Ш және Ч) диграфпен берілген.
Жаңа әліпбидің емле ережелеріне сәйкес пысықтаулар жасалмақ.
Әліпби – болашақ үшін жасалып жатқан игі іс, қазақ тілін дамытудағы жаңа бастама, ұлттық жаңғырудың бір тетігі. Сондықтан бұл үлкен құндылықтың өміршең болуына әрбіріміз атсалысуымыз керек деп білемін.
Айдын ҚАЙРУЛЛАЕВ,
облыстық ішкі саясат
басқармасының басшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |