ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

 Бүгінде жастарды жұмыспен қамту, олардың мәселелерін шешіп, жолға қою, сондай-ақ, талпынға жасқа жігер беріп, белсенділігін арттыру жастар саясаты мәселелері басқармасының алға қойған мақсаттарының бірі. Осындай өзекті мәселе төңірегінде кеше облыстық коммуникациялар орталығында кезекті брифинг болып өтті. Журналистермен жүздесіп, келелі ойларды ортаға салып талқылауға облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жандос Базартай келді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аймақта 14 пен 29 жас аралығында 204666 адам тіркелген. Бұл өңір халқының 28,2 пайызын құрайды. Сондай-ақ, жастардың 60 пайыздан астамы ауыл жастары.  Өңіріміздегі мемлкеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы туралы хабарлама жасаған басқарма басшының айтуынша, қазіргі таңда аймақ бойынша осы жастармен 36 жастар қоғамдық бірлестігі, бірқатар жастар ұйымдары, облыс әкімі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес тұрақты әрі белсенді жұмыс жасауда. Нәтижеде жоқ емес. Мәселен, өткен жылы әр түрлі бағытты қамтитын 29 жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде «Жастар үшін ғылыми орталық қызметін ұйымдастыру, «Жастар кадрлық резерві», «Жас мемлкеттік қызметкерлер мектебі», «Мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс жасау», «Жастар арасында кәсіпкерлікті дамытуға және ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған ресурстық орталық жұмысын ұймдастыру» секілді ауқымды әлеуметтік жобалар бар. Бұған қоса қоғамның маңызды мәселесі болып табылатын жұмыссыздық турасында жастар арасында тегін құқықтық кеңестер, психологиялық көмектер, жасыл ел, студент құрылыс жасақтарына тарту шаралары да жүзеге асқан. Сонымен қатар, түрлі проблемалар бойынша қоғамдық қабылдаулар, жергілікті кәсіпкерлерді тарта отырып, 24 бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылған. Осындай ауқымды тірліктің арқасында 1680 жасқа сертификаттар берілсе, 13 жас өз кәсіптерін жандандырып отыр. Ал, құрылыс жасақтарына 150 азамат тартылып, оның 35-і тұрақты жұмыспен қамтылған. 
Бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы да өз дәрежесінде орындалуда. Мысалы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 723 жас маманға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу не салу үшін несие берілсе, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 1885 жас жұмысқа жолданған. Оның 253-і тұрақты жұмысқа ие болуда. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 500 жас қамтылған. Сонымен жоғары да айтылған 29 жоба негізінде жыл көлемінде 825 жас жұмыспен қамтамасыз етілген. 
Жалпы жастар саясатын ұтымды ұйымдастыру мен дамыту негізінде биылғы жылы «Жас Отан» Жастар қанатының облыстық филиалы республика бойынша 2 орынға, жастар ұйымдары қызметін консалтингтік қолдауға бағытталған жобалары мен қазақша КВН «Жайдарман» ойындары бойынша Сыр жастары өзгелерден оқ бойы озып, І орынды межелеуде. Десек те, жастар арасында түйіні тарқамаған мәселе де жоқ емес. Айталық, аймақта 36 мыңнан астам жас әскерге баруға жарамды болса, оның қазіргі сәтте 1195 ғана өздерінің азаматтық борыштарын өтеуде. Яғни, отан алдындағы парызын өтеуге келгенде жастар арасында әлсіздік танытушылар басым. Сондай-ақ, түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан жастар 2012 жылы 32-ні құраса, өткен жылы 40-қа жеткен. Демек, тәртіп бұзып, қылмыстық іспен айналысқан жастар саны жыл санап артуда. Осындай келеңсіз жайттарды алдын алуда әлі де қарқынды жұмыс керек-ақ.
«Өздеріңіз көріп отырғандай атқарылған тірлік көп, ал, жүзеге асуға тиіс шаралар мұнан да зор. Жастардың арасында қылмыстылықтың артуы әрине, өкінішті. Осы тұрғыда барынша жұмыс жасауға тырысамыз. Дегенмен, біздің басты жетістігіміз, жастарды бір арнада тоғыстырып, олардың мәселелерін шешіп қана қоймай, қоғамға өз үлесімізді қосу» деген басқарма басшысы мұнан әрі алдағы уақыттың мақсаты мен міндетіне тоқталды. «Өткен жылы қабылданған «Жол картасы» бағдарламасы аясында  биыл 31 жоба жүзеге аспақшы. Яғни, мемлекеттік жастар саясатын асыруға ағымдағы жылы 287 млн. теңге қарастырылуда. Демек, өткен жылғы артылған міндет екі еселенетін болады. Ең басты айта кетерлік жайт, жағдайы төмен отбасыларынан шыққан студенттерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге 84 млн. теңге қаржы қаралуда. Бұл жастарға жасалған үлкен көмек болмақ» -деді Ж.Базартай. Жастар мәселесіндегі басты шаруаларды саралаған басшы жиынды осылай қорытты. Бас қосу соңында журналистер тарапынан түрлі сауалдар жолданды, оған тұшымды жауаптар да алынды. Ал, біз атқарылар шараның нәтижесін уақыт еншісіне қалдырдық.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 06 наурыз 2014 г. 2 240 0