КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Сот билігі саласында елеулі өзгерістер болып тәуелсіз де бейтарап және әділетті төреліктің жүзеге асырыла бастағанына қара­пайым жұртшылықтың да көзі жете бастады. Соңғы кезде көпшіліктің даулы мәселелерді немесе құқық бұзушылықтар бойынша іс­тер­ді батыстың дамыған ел­деріндегідей өркениетті түр­де сот арқылы шешуге тырысуы – осының дәлелі. Демек, халықтың сотқа деген сенімі артты.

Дауды шешудің соңғы мүм­­кіндігі – сотқа жүгіну. Мұнда бизнестің тағдыры да түбегейлі шешіледі. Сондық­тан судьялардың әділ әрі объек­тивті жұмысынан бизнес қауымдастықтың күтері көп. Өткен жылы Жоғарғы сотта «Бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғаудың тиімділігін арттыру» атты форум өткені белгілі. Онда сотта қаралатын істердің әділдігі, шынайылығы, сондай-ақ, бүкіл әлемде сот тәуелсіздігі кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды жақсартудың негіз­гі факторы ретінде қарасты­рылатыны сөз болды. Иә, әр кәсіпкер үшін дау – белгілі бір деңгейдегі күйзеліс, зая кеткен уақыт пен ақша. Ал егер дау мемлекеттік органмен арада туындаса, онда бұл – үлкен шығын, тіпті, бизнестің тоқтатылуына әкеліп соғатын жағдай. «Атамекен» ҰКП Жоғарғы сотпен бірлесіп орын алатын даулардың себебі мен туындау жағдайын анықтау мақсатында салық және кедендік мәселелер, сатып алу саласы,  экология, банкроттық және оңалту, әкімдіктермен және квазимемлекеттік компаниялармен болатын дауларға қатысты жеті салаға талдау жасауды жос­парлап отыр.

Жалпы, қандай мемлекетте болмасын, қоғамда заңдар орындалып, әділеттілік үстемдік құруы үшін сот корпусы жоғары моральдық қасиетке ие білікті мамандардан құралуы керек. Ұлт жоспарында көрініс тапқан міндеттердің бірқатары осы сапалы сот корпусын қалып­тастыруға арналып отыр. Нақтырақ айтқанда, ондағы он жетінші қадамда сот лауазымына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары қатайтылып, кадр іріктеудің нақты тетіктері қамтылды.

Ата Заңымыздың 13 және 14-баптарындағы «Әркім­нің өз құқықтары мен бостан­дықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деген қағидалар еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап бүгінгі күнге дейін құқық саласындағы басымдық беріліп келе жатқан негізгі бағыттар. Сот реформасын әрі қарай жетілдіру мәселесі қазіргі таңда еліміздің экономикасында, әлеуметтік салада, тұтас әлемде шұғыл түрде жасалып жатқан бетбұрыстар, жаңа бағыттар мен өзгерістерге байланысты туындап отыр. Міне, осыған орай бизнесті соттың алдында қорғау мүмкіндігі артты. Мұның барлығы сот саласының әділдігі, судьялардың тәуелсіз шешім қабылдауының жемісі екендігі анық.

 

Мейрамбек ИБРАШЕВ, 

Қызылорда қаласының мамандандырылған 

әкімшілік сотының төрағасы.

ҚОҒАМ 19 ақпан 2018 г. 1 108 0