Кезінде қатерге бел буып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, интернационалдық парызға адал болған ауғандық ардагерлерді қадірлеп құрметтеу - біздің, келер ұрпақтың борышы.
Бүгін аудандық Қ.Қазантаев атындағы Мәдениет үйінде «Ерлікке тағзым – ұрпақ парызы» атты салтанатты кеш өтті. Жиналған қауым жастық шақтарын соғыс өрті шарпып, өздеріне беймәлім жат ел үшін қан төгіп, қыршын болған ауғандық жауынгер боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алды, сахна төріне гүл шоқтары қойылды. Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 29 жыл толуына орай әскери интернационалдық борышын өтеген жауынгер жерлестеріміздің құрметіне арналған кештің алғы сөзін аудан әкімі Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы алып, ауған соғысы ардагерлерін, бүгінгі бейбіт өмірдің үздік еңбеккерлерін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Келесі сөз кезегін алған ауған соғысының ардагері, Қызылорда облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Баймаханов Хайруддин Әлібайұлы ауыр да азапты жылдардың естелігімен бөлісті.
Биылғы жылы ауданымызда атқарылатын игі істер қатарында Жеңіс паркі төрінен ауған соғысы ардагерлеріне арнайы ескерткіш тұрғызылмақ.
Сонымен қатар, демеушілердің қаржылай қолдауымен ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Жалағаштан Ауғанстанға дейін» атты кітап жарық көріп, көпшілік оқырманға жол тартпақшы. Салтанатты кеште кітап авторы аймағымызға белгілі қаламгер, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұрақ Адисұлы сөз алып, ізгі лебізін білдірді.
Кеш барысында ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, сый-сыяпаттар көрсетілсе, тәуелсіз еліміздің болашақ жауынгерлеріне шақырушының тіркеу туралы куәліктері табысталды.
Салтанатты кеште ауған соғысының ардагерлері, аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары, аудандық әуез мектебі оқушылары, аудан мектептерінің әскери-патриоттық клуб мүшелері өнерлерін ортаға салып, көпшілік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.