Жастарға жаңаша қолдау

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев­тың осы жылдағы есепті кездесуінде өткен жылғы жұмыс­тар сараланып, алдағы жоспарлар айтылды.

Биыл Сырдарияның сол жағалауындағы алғашқы шағын ауданның пайдалануға берілетіні халықты, әсіресе, жас отбасыларды қуантты. Бұл алдымен, аймақ экономикасының дами түскенін, елдің өмір сүру деңгейінің жоғары екенін байқатады. Сондай-ақ, жастардың еселі еңбек етуіне серпін береді. Қалада «Болашақ» университетінің кампусы, «Неке қию сарайы», «Рухани жаңғыру» орталығының бой көтеретінінен хабардар болдық.

Осы уақытқа дейін қаржы жинауға шамасы жететін адамдар ғана тұрғын үйге қол жеткізсе, енді әлеуметтік осал топтар, айталық, көпбалалы, толық емес отбасы, оралмандар алғашқы төлемсіз-ақ пәтер алады. Халыққа тиімді «Орда» тұрғын үй құрылысы туралы бастаманы өзге аймақтар да қолдайтынына сенімдімін. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен топтар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен  2 млрд теңгеден қаржы астам бөлу ел үшін ерекше жаңалықтың бірі болды.

­­Заман өзгерген сайын, талап, бәсеке күшейді. Бұрын жас­тар шетелдің тілін меңгеруге ұмтылса, енді технологиялық өнімдер дайындау, барлық саланы компьютерлендіру басты міндетке айналды. Дамыған елдерде жасанды интеллект жасауға көңіл бөлінді. Аймақ басшысы 700-ге жуық түлекті жоғары оқу орындарында әкім гранты есебінен оқытып жатқандығын айтты. Енді олардың басым бөлігі ІТ мамандықтар бойынша білім алады. Заманның бағытына орай білімді жастарға қолдау таныту  елдің жарқын болашағына деген инвестиция екенін бағамдадық.

Сол жағалауда Жастар орта­лығы негізінен ІТ-орталық ретінде ашылып, қытайлық инвесторлармен бірлесіп «Smart sity» жобасы жүзеге асады. Енді «ақылды қала» арман емес. Себебі, дамыған, экономикасы озық елдердегі смарт-жобалар Сыр елінде де іске асып, халықтың өмір сүру деңгейі жоғарылайды.

Облыс әкімінің есепті кезде­суінен ел өміріндегі елеулі өзге­рістерді байқадық, жаңа бастамаларға сеніммен қарадық. Сондай-ақ, ІТ технологияға жас­тарды оқушы кезінен-ақ бейімдеу керегін түсіндік.

Ақару ӘБДУМӘЛІК, 

 Ә.Мүсілімов атындағы 

№101 мектеп-лицей мұғалімі.

Қызылорда қаласы.

ҚОҒАМ 19 ақпан 2018 г. 1 197 0