Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасына енген адамдардың идеяларын жүзеге асыруға мемлекет көмектеседі. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын одан ары жүзеге асыру үшін министрлік 3 негізгі бағытта қамтитын жол картасын әзірледі. Қазірдің өзінде 100 есімнің бастамалары өмірдің барлық саласын - «жасыл экономика» аясында технологиялық инновацияларды енгізуден бастап жетім балаларды қолдауға бағытталған қайырымдылық жобаларына дейінгі саланы қамтиды», - деді Дәурен Абаев. Мәселен, оның айтуынша, жобаға қатысушылардың бірі Риддер қаласында басқарылмайтын шағын су электр стансасының тәжірибелік үлгісін енгізуді ұсынған. Аталған станса жаңаратын энергия көздерінен алынатын электр энергиясын өндіруді арттырады. Ал Санжар Мырзағалым мен Диас Тастанбеков «Шеберхана» зертханасы мен радиомодельдеу мектебін ашуды ұсынып отыр. «Мұндай бастамаларды жүзеге асыру үшін бейінді және жергілікті органдардың қолдауы қажет. Осыған байланысты аталған жол картасы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың келісіміне жіберілді. Және де қазіргі уақытта Премьер-Министр Кеңсесінің қарауында жатыр», - деді министр. Сонымен қатар ол ағымдағы жылдың наурызында Орталық коммуникациялар қызметінде жоба қатысушыларын көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындауға бағытталған семинарлар ұйымдастырылатын болады. Одан кейін олар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларын ілгерілетуге жұмылдырылады.