ЕКІ ҮШЕМ ДҮНИЕ ЕСІГІН АШТЫ

ЕКІ ҮШЕМ ДҮНИЕ ЕСІГІН АШТЫҚызылордада екі үшем дүниеге келді. Қос отбасының қуанышымен бөлісуге облыстық перинаталды орталыққа бізде бардық. Бірінші болып Жаңақорған ауданы, Белібай ауылынан келген Нұргүл Бегімбетованың бөлмесіне бас сұқтық. 35 жастағы ана сәбилерін 7 айлығында босанған. Екеуін табиғи жолмен босанса, біреуін ота жасау арқылы алған. Балалардың салмағы 1,5 келі, бүгінде жағдайлары жақсы. №255 мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Нұргүлдің бұл екінші құрсағы. Балалардың есімі Абдулазиз, Абдулрахим, Райана. 
«Бұл – жұбайым екеуміздің тоғыз жыл бойы күткен қуанышымыз. Шүкір деймін, қазір жағдайымыз жақсы. Бізге көңіл бөліп, барлық жағдайымызды жасап жатқан орталықтың ұжымына, орталық директоры Ләйлә Күлтаеваға алғысымды білдіремін»,-деді Н.Бегімбетова.
ЕКІ ҮШЕМ ДҮНИЕ ЕСІГІН АШТЫЕкінші ана Кенжегүл Ерімбетова 25 жаста. Диас, Мирас, Манас есімді үш ұлды дүниеге әкелді. Балалардың салмағы 1,5-2,5 келі аралығында. Қазалы ауданында босанған Кенжегүл облыстық перинаталды орталыққа санавиация арқылы жеткізілген. Босанғанға дейін жас ана құрсағында үш нәрестенің жатқанын білмеген. Бір қызығы, сәбидің бірі ақпанның 5-і күні дүниеге келсе, қалған екеуі 6-сы күні туылған. 8,5 айлық болып туылған балалардың жағдайын дәрігерлер жақсы деуде. Кенжегүлдің айтуынша, жұбайының жағында бұрын-соңды мұндай болмаған. Тек өз әкесі егіздің сыңары екен.
Жалпы облысымызда өткен жылы 160 егіз, 1 үшем дүние есігін ашса, биыл жыл басталғалы үш үшем, 26 егіз сәби өмірге келген. 

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 06 наурыз 2014 г. 1 560 0