Етікші болсаң да өз ісіңнің шебері бол!

  

Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу- үлкен өнер. 
З. Фрейд 


«Армансыз  адам қанатсыз құспен тең» дегендей, оқушылар мектеп бітірген соң өзі армандаған мамандықтың иесі болады. Жас жеткіншектер мамандық таңдауда  қателеспеуі керек.

Мамандық – жай күн өткізу, ақша табу емес. Әр адам өз мамандығына рухани күш алып, еңбектің рахатын көреді, адам атақ-абыройға кенеледі. Ол кез келген адамнан шеберлікті, қажымас қайратты, еңбектенуді керек етеді. «Ұялмаған әнші болады, ерінбеген етікші болады» деген бар. Етікші болсаң да өз ісіңнің шебері болуға тиіссің.

Мен де өзім таңдаған психолог мамандығы жөнінде мақтанышпен айтып өтейін. ХХІ ғасыр дәуірінде қым-қуыт, адамы мен заманы көптеген өзгерістерге тап болған кезеңде психолог мамандығы қажет. Психолог ең алдымен адамның ішкі жан дүниесін зерттейтін маман. Сол ортаға жақсы ахуал туғызып, адамдарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол көрсету. Психолог адамның сырласы, адам жанының елшісі. Психолог -  әр адам жанымен, адам ойымен, жеке тұлғамен жұмыс жасайды.

Психолог ең алдымен, өзінің кім екенің, өз ісінің мақсатын, міндеттері мен іске асыру жолдарын, жұмысы мен жауапкершілігін анық білуге тиіс. Бұл өте төзімділікті, шыдамдылықты, білімділік пен біліктілікті, мейірімділік пен талап қоя білушілікті керек етеді. Психолог - бала жанының терең түкпіріне үңіле білсе, өзін де тындата алса, бала құқығына қол сұқпай тәрбие ісіне басшылық жасаса, дұрыс нәтижеге жетуі сөзсіз. Өзінің де дүниетанымы кең болып, баланы танып білуге, байқампаз болуға, білімге қызығушылығын арттыруына күш салуы керек. Балалармен арадағы қатынас адамгершілік негіздеріне сүйенсе ғана, нәтижелі болады. Психолог маманының адамгершілігі, өз жұмысына берілуі, шәкіртті сыйлап қадірлеуі, әділ шешім шығару арқылы қатаң да дұрыс талап қоя білуі маңызды. Психолог жұмысы шығармашылық енбек. Бұл үрдісте күлкіге, уайымға, ренішке де өз орны бар. Психолог жұмысы ол тек жұмыс ғана емес, ол кәсіби құзырлық, даму, өзіндік даму, өз әлеміммен, баланың әлемімен, жанұямен сырласу, қоғаммен бірлесе еңбек жасау. Психолог кеңесінен кейін кім болмасын, өзіне сенім артып, тығырықтан шығу жолын тапса, қанаттанып алға ұмтылыс жасаса, бұл үлкен жетістік.

Мектеп психологы баланы балабақшаға алғаш келгеннен   бастап, мектеп  бітіргенге дейін зерттеп, сүйемелдеу жасайды. Ақын Мұхтар Шаханов атамыз «Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Ол күйсандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек» дейді. Сол үшін әр педагог баланың ойынан шығып қажеттілігін қанағаттандыра білуге дайын  болуы керек.
Қазіргі заман талабына сай жан - жақты тұлға тәрбиелеп оқыту жолында өзімді  балабақша психологы ретінде атқаратын жұмыстарымның негізгі бағыттарына тоқталып өтсем деймін. Мен 2011 жылы Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде «Педагогика және Психология» мамандығын алып, алғашқы еңбек жолымды  № 12 І.Қабылов атындағы орта мектебінен бастадым. Мектеп өміріне етене араласу, балалардың көңілдерінен шығып, әрбір баланың жүрегінен орын алу алға қойған мақсатым болды. Өзімді танып біліп, балаларға өздерін тануына мүмкіндік беріп, олардың жұмбақ қырларын тани бастадым. Әріптестерім бір үйдің адамындай мені жылы қабылдап, ұйымшыл болғанына, бүлдіршіндермен  араласа, олармен әрбір уақытымды қызықты өткізген сайын бірінші мамандығымды қателеспей таңдағаныма, екіншіден еңбек ететін білім ордамның жақсы болғанына қатты қуандым.

Әрбір үйдің ерке балаларының көңілін табу, мінезіне қарай бабын табу қиын болды. Бір сәт достарымен бірігіп ойнап жүрсе, дем арасында көңіліне бір нәрсе жақпай қалса жылап қоя береді. Сол сәтте бүлдіршіндердің көңілін табу, оларды жұбату, достарына деген ренішін ұмыттырып, оларды қайта достастыру,  мейірімділікте, татулылықта, ынтымақтастықта, ұйымшылдыққа тәрбиелеуге үлес қосуым, төзімділік пен сабырлылықты және көп ізденуді талап ететін мамандық болғандықтан бүлдіршіндерге үйрете жүріп, үйренетінімді білдім. Мен ойланып қарасам балаға айқалау арқылы тәрбиелей алмайтынымды түсініндім. Тек қана жылы шырай  танытып, ақырын ғана үйрету керек екендігін, ойын әдісі арқылы баламен бала кейпіне ену арқылы қарым-қатынаста болу керектігін түсіндім. Байбалам салмай, бабын тауып үйретсең ғана еңбегін жемісті болады екен.

Балалардың ерекшеліктерін, жеке дамуын, қасиеттері  мүмкіндіктерін күнделікті  жоспарлы жұмыс барысында бақылап, дамуына бағыт, жағдай жасаймын. Тек  әдістемелік папканы толтырып қойғаннан баланың жағдайы жақсармайтыны белгілі.

Бала үшін ойын – маңызы бар қажеттілік болғандықтан жоспарыма  әдістемелік  ойындарды көбірек пайдалануды жөн көрдім. Оның ішінде есте сақтау, қабылдау қабілетін, таным процестерін,  логикалық  ойлауларын, шығармашылық ойлау дағдыларын  дамытуға арналған ойындар.  Және де қолдың ұсақ моторикасын дамыту мақсатында құм терапиясын, бұршақтарды, ермексаздармен жұмысты көбірек пайдалануға тырысамын. Жаңа технологияларды кеңінен пайдалануға тырысамын. Соның ішінде   пенамен, қант, тұзбен, көпіршіктермен сурет салғызамын.

Психолог  үшін бала, ата-анамен қарым-қатынасты жақсарту үшін психологиялық ойындар мен тренингтердің маңызы зор.  Осы ойды басшылыққа ала отырып балабақшада өткен аймақтық ата-аналар жиналысында  «Ананың алақаны – балаға айдынды қоныс», «Тәрбиенің ең тамаша белгісі  ол - отбасы»  атты  тренингтерін өткіздім.

      2016 жылы ақпан айында қалалық семинарда, тәрбиешілердің  тәжірибе алмасу  оқу – іс әрекеттерінен кейін келген қонақтармен «Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек» атты тренингпен аяқтауым көрермендер көңілінен шықты.  Тренинг соңында психологиялық кітапшалар таратылды.

2017 жылы  облыстық семинарда ерекше білімді қажет ететін балалрдың даму деңгейін зерттеу мақсатында  KID және RCDI  сауалнамасымен таныстырдым.  Сауалнама ата-аналармен бірге бала дамуын зерттейді. Сауалнаманы балабақшадағы қалыпты балаларға да пайдаланып, балалар туралы біраз ақпарат жинадым.

Өз жұмысымда келесі мақсат міндеттерді орындауыма талап қоямын:

Баланың жас ерекшеліктегі даму жолдарын толық қамтуға;

 әр баланың жеке мүмкіндіктерің ескеруге;

 балалардың дамуында қолайлы психологиялық жағдай жасауға;

 ата – аналарға, тәрбиешілерге уақытында қолдау көрсетіп, көмек беруге;

 өзімнің алдыма, өз жеке басыма, балабақшада психолог жұмысын атқару жолында;

жұмыстың қыр-сырын толық танып біле отыра балаларға,  әр отбасына, тәрбиешілерге, балабақша ұжымына психологиялық қолдау жасауға;

 Мен өз жұмысымда А.С.Макаренконың «Сіз баланы өміріңіздің әрбір сәтімен тәрбиелейсіз» деген өнесін ұстанамын. Кез келген уақытта адам жанын түсіне білгенін, өз елінің жарқын болашағына  өзінің қолтаңбасын қалдыратын, өз мамандығымды мақтаныш етемін.


Ботагөз ТҰЙҒЫНБАЕВА, 

«Айым» балабақшасының педагог-психологы.

ҚОҒАМ 16 ақпан 2018 г. 1 693 0