ТӘРТІП ЖОҚ ЖЕРДЕ ТАЛАП ДӘРМЕНСІЗ

Мемлекеттік қызмет мәселелеріндегі жаңа өзгерістер мен толықтырулар Елбасының 2011 жылғы 21 шілдедегі №119 Жарлығымен бекітілген болатын. Жаңа редакцияда қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң заман талабына, озық тәжірибелерге сай бағытталған. Халықаралық сарапшылардың пікірінше заңның қабылдануы мемлекеттік қызметті жетілдірудің заманауи үрдістері мен озық халықаралық тәжірибелеріне сай келеді. Мемлекет басшысының саяси жігерінің арқасында Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптасып, алдағы уақытта осы саладағы реформаның жаңа кезеңі жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік қызметті реформалауда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Заң жүйесінде мемлекеттік қызметкерлердің құқығы, міндеттері және мәртебесі айқындалды. Сондай-ақ, аталған заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы да айқын сипаттарға ие екендігін аңғарамыз. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері ара-тұра мемлекеттік қызметкерлер арасында да орын алып жатады. Сондықтан мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген мына талаптарға әрбір мемлекеттік қызметкер жіті мән беруі тиіс. 
Кейде аңдамай аяқ басып, өз өкілеттілігін асыра пайдаланатындар артынша опасыз істерінен опық жеп қалатын кездерін көріп жүрміз. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жиі жол беруі, қызметтік лауазымын бас пайдасына жұмсауы, бұқарамен байланыста әділетсіздіктерге бой алдыруы тұрақты түрде болмаса да, ара-тұра бой көрсетеді. Мұндай өрескелдік әрекеттердің алдын алып, тосқауыл қоюға әлі де болса шамамыз жетіңкіремей тұрғаны шындық. Нақты әрекеттерді қолға алмайынша, оң нәтиже көруіміз де екіталай. Алайда, кейбір мемлекеттік қызметкерлер тәртіптің төресі заңға да бағынғысы келмей, тура жолдан тайқып жүргенде, басқалардан үміт күткеніміз әбестік. Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан облыстағы мемлекеттік органдарда 50 жоспарлы, 22 жеке тұлғалардың арызы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижелерінің қорытындысы әлі де көңіл көншітпейді. Осыған орай жоспарлы тексерулердің қорытындысы бойынша белгілі болған кейбір фактілерді ұсынуды жөн көрдік:
- Қызылорда облысы бойынша экология департаментінде жоспарлы тексеру бойынша тәртіптік жаза қолдану бойынша 1, мемлекеттік қызмет туралы заңнама бойынша 17, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңы бойынша 24 факті анықталған. Анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы енгізілген ұсыныспен жіберілген кемшіліктерге жауапты бас маман А.Алматоваға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза 16.04.2013 жылғы №71-н/қ санды бұйрығымен қолданылса, бас маман Р.Ермағанбетованың жұмыстан босатылуына байланысты, оны тәртіптік жауапкершілікке тарту мүмкін еместігі белгілі болды. 
- Қызылорда бөлімшелік теміржол көлігіндегі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында аттестациядан өту бойынша 36, тәртіптік шара көру туралы 12, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңы бойынша 29, біліктілігін арттыру бойынша 18, мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптары бойынша 3, ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңы бойынша 105 факті анықталған. Енгізілген ұсыныс бойынша Г.Есмагамбетоваға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза 16.05.2013 жылғы №62-Ө санды бұйрықпен қолданылса, Тәртіптік кеңестің ұсынысымен Басқарма басшысы С.Айтбайға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
- Қармақшы ауданы әкімі аппараты және оған қарасты органдарда конкурстар бойынша 4, аттестация – 11, тәртіптік шаралар қолдану – 3, біліктілік арттыру-1, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңы бойынша 10, ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңы бойынша 1, мемлекеттік қызмет туралы заңнама – 3, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 8-бабының талабы бойынша шектеу қабылдамауы – 1, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 11-бабының талабына сәйкес жақын туыстардың, ерлі-зайыптылардың бірге жұмыс істеу - 1 фактісі анықталған. Енгізілген ұсыныс бойынша бас маман Г.Көлдееваға 13.05.2013 жылғы №184 бұйрықпен, бас маман М.Ұзақоваға 13.05.2013 жылғы №5 бұйрықпен, бас маман Г.Телжановаға 14.05.2013 жылғы №295-ө өкіммен «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланған. 
- Қармақшы ауданы бойынша салық басқармасында аттестация бойынша 6, ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңы бойынша 1, мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын сақтамауы 8 факті анықталуына орай, енгізілген ұсынысқа бас маман О.Құлқатовқа 17.05.2013 жылғы №58-ө санды бұйрықпен «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
- Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасында конкурстар бойынша 1, мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын сақтауы бойынша 12, тәртіптік шара қолдану тәртібі бойынша 2 факті анықталып, енгізілген ұсыныспен 08.05.2013 жылғы №46-ө санды бұйрықпен бас мамандар Ә.Смаилова, Г.Медеуова, Г.Байтасоваларға «ескерту» жарияланғандығы жөнінде жауап келді. 
- Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясында конкурстар бойынша 1, аттестация бойынша 4, тәртіптік шара көру бойынша 4, мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптары бойынша 67, ҚР «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңы бойынша 408, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 8-бабының талабы бойынша шектеу қабылдамауы – 36, ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңы бойынша 14, Ар-намыс кодексі тұрғысынан 2 фактілер анықталып, енгізілген ұсыныс бойынша қаржылық және ұйымдастыру-құқықтық жұмысы бөлімінің басшысы Қ.Абсаматовқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза 17.06.2013 жылғы №31-1 бұйрықпен қолданылған. Сонымен қатар, жоғарыда аталған заң бұзушылықтар басқа да көптеген мемлекеттік мекемелерде де орын алған.
«Тәртіп жоқ жерде талап дәрменсіз». Мемлекеттік мекемелердің барлығы қызметкерлерге қатаң талап қоя білсе, кейбір келеңсіз жайттар азаяр еді. Сондықтан мемлекеттік қызмет саласында ісіне шын берілген, мемлекеттің тағдыры алдындағы жауапкершілігін толық сезінетін, ары да, ниеті де адал қызметкерлер жүргені абзал, себебі ол қоғам талабы.
Қ.ӘБІЛДАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің консультант инспекторы.


ҚОҒАМ 05 қазан 2013 г. 1 397 0