«Құс өсірем деушілерге көмектессем деймін»

     Күнделікті дастарханымыздан табылатын құс еті мен жұмыртқаның қайдан, қалай келіп жатқаны жайлы бұрын ойланып көрмеппіз. Асылында құс етін молынан тұтынуға оның қорытылуының жеңілдігі, басқа малдың етіне қарағанда арзандығы ғана себеп деген көзқараста едік. «Шиелі құс» фермасының негізін салушы Насырбек Мырзабековпен болған әңгіме  ойымызды өзгертті. 

Құс шаруашылығы – ең жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан сала. Жалпы нарықта қысқа мерзімде өнім өндіру арқылы бағыт-бағдарды белгілеп алудың маңызы зор.

– Құс өсірудің машақатты тірлік екенін аулада 40-50 тауық баққан адам да сезінеді. Бұл шаруаны біраз жыл бұрын бастағым келгенімен,  тәуекелге бара алмадым. Осы жұмысты қолға алып, соңында шығынға батқан жігіттермен кездесіп сөйлестім. Істің ілгері баспауына түрлі жағдайлар әсер еткен.

Бірақ,  «бұл кәсіп біреулерді шығынға батырыпты» деп, «шегірткеден  қорқып, егін екпеуге» болмайтынын түсіндім. Алдымен нарықты зерттедім. Біздің облысқа жұмыртқа Ақтөбе, Петропавл, Қарағанды, Алматыдан, тіпті Ресейден тасымалданады екен. 

Көрші Оңтүстік Қазақстан облысының Шілік ауылындағы Гүлсара Сейтжанованың  құс шаруашылығын көріп, кеңес алдым. Сарыағаштағы мал және құс шаруашылығымен шұғылданатын Шерәлі есімді кәсіпкер де бар білгенін айтты. Осы азамат арқылы Шымкент құс фабрикасымен байланысты жолға қойдық. Көп ұзамай Алматы қаласында құс өсірушілердің үш күндік халықаралық семинар-кеңесі өтті. Бұрын құс бағумен шұғылданбаған адамдарға көп мағлұмат берген шара болды. Тағы бір айтарым, құс өсіруді көптен бері кәсіп еткен азаматтардың ауызбірлігі сүйсінтті. Білгендерімен бөлісіп, тәжірибелерінде кездескен қиындықтардың шешімін қалай тапқандарын айтып берді, – деді ол.

Әлемдік нарықта Қытай жұмыртқа мен құс етін ең ірі өндіруші ретінде орныққан. Бұл елдің бірнеше провинциясы дүние жүзіндегі осы өнімдерге деген сұраныстың 40 процентін қанағаттандырып отыр. Кейбір зерттеулерге қарағанда, халық санының өсуі мен тез дайындалатын тағамдар желісінің дамуы құс еті мен жұмыртқаға сұранысты одан әрі арттыра бермек. Демек, құс шаруашылығының болашағы туралы уайымдамауға болады.

– Интернеттен Қытайдың Чженчжау провинциясындағы «Мachinery Manufaktorina C.O.» компаниясы туралы оқыдым. Біртіндеп байланысты жолға қойдық.  Кейіннен Қытайға іссапармен барып, келісім-шартқа отырдық. Құс фермасының бар жабдығын сол жерден алуға мәміле жасадық. Әуелі келісілген қаржының 30 процентін аударып бердік те екі ай уақыт күттік. Жабдықтарымызды кедендік рәсімдеуде едәуір қиыншылықтармен бетпе-бет келдік. Соңында Қытайдан арнайы  келген маман-инженерлер құралдарды іске қосты.

Алғашқыда 11 мың бас балапан күтімге алынды. Ферма құрылысына 165 млн теңге инвестиция салынып, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа өндірілген болатын. Құс фермасын кеңейту мақсатында «Даму Аймақ» бағдарламасы арқылы екінші деңгейдегі банктен 33,5 млн теңгеге құрал-жабдықтар әкелінді. Қазір мұнда тәулігіне 20 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Құс фермасында 9 адам жұмыспен қамтылған. Айлық жалақылары 70-75 мың теңге аралығында.

– Жұмыртқа бағасы қыс айларында 30-35 теңгеге дейін көтерілетін. Биыл баға тұрақты. Фабрикадан 20-21 теңгеден босатып жатырмыз. Өнімімізді Шиелі ауданындағы, облыс орталығында дүкендер желілері тұрақты түрде сатып алады, – дейді кәсіпкер. 

Н.Мырзабеков бізбен әңгіме барысында құс шаруашылығын құрудың барлық сатысынан өтіп, тәжірибе жинағандықтан бар білгенін осы кәсіппен айналысам деуші талапкерлерге үйреткісі келетінін айтты.

– Мен істі бастағанда облыста құс шаруашылығын жүргізуді білетін адам болмады. Егер шамамен 8-9 млн теңгедей инвестиция құйылса, 2,5 мың тауықты күтіп-баптауға әбден болады. Бұл дегеніңіз – күніне 2 мың жұмыртқа, бірнеше адамға жұмыс көзі.  Шағын цехтан бастап, әрі қарай кеңейтуге әбден болады. Талап қылып, тәуекел ететін жандар болса, бар білгенімді үйретуге дайынмын, – дейді.

Қазір кәсіпкер аудан орталығынан дүкен ашуды жоспарлап отыр. Оған қоса  бидай, жүгері, соя, шемішке егіп,  тауық жемін сырттан тасымалдауды азайтпақ. Аудан әкімдігі бұл бастамаға қолдау көрсетіп, жер бөлді. 

Кәсіпкерлік өз ісін соңына дейін жеткізбей тынбайтын табанды адамдардың  тірлігімен өркендейді.  Тек орта жолда қалып қоймай, жеткен жетістікке тоқмейілсімей жұмыс істегенде ғана биік мақсаттарға жол ашылмақ. Шиелідегі құс фабрикасының құрылуы мен ісінің ілгерілеу тарихына зер салғанда осыны байқадық.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы». 

ҚОҒАМ 10 ақпан 2018 г. 1 784 0