Туберкулез – жұқпалы ауру. Ең бастысы, оған тыныс алу жолдары – өкпе жиі шалдығады. Уақытында дәрігерге көрініп, емделсе, бұл ауруға шалдыққандар толық айығып кетеді.
Туберкулез таяқшалары ауру адамнан жөтелгенде, түшкіргенде бөлініп, ауада бірнеше сағат бойы қалады, осыған орай туберкулездің ашық түрімен ауыратын адам ұзақ уақыт нашар желденетін орында, адамдар көп жиналатын жерде (жиын-тойлар, көпшілікті таситын көліктер, жатақхана) болса, онда сол жердің ауасына туберкулез таяқшалары көптеп тарайды, ауруды жұқтыру қаупі ұлғаяды. Ауа тамшыларымен қоса тұрмыстық заттарды бірлесіп пайдалану туберкулездің жұғуына жол ашады.
Егер туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқас адам дер кезінде емделмесе, онда ол 1 жылда 10-12 адамға туберкулезді жұқтырады.
Туберкулез жұқтырғандардың қашан ауыратындығын анықтау мүмкін емес. Бірақ құнарсыз ас, қосымша аурулар (АҚТҚ\ЖҚТБ, қант диабеті, асқазан, ішек жарасы, зоб) және зиянды әдеттер, жүйкенің жұқаруы, суыққа бой алдыру, ауыр жұмыс, мұның барлығы да туберкулезбен ауыруға себеп болады.
Туберкулез ауруы басталғанда тершеңдік, әлсіздік, тез шаршағыштық білінуі мүмкін. Бірақ бұларды жұмыстан шаршап жүргендікпен, салқын тигендікпен байланыстырады. Ауру үдей келе: әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, жөтел, кеуденің шаншып ауыруы, асқа тәбеттің болмауы, жұмыс қабілетінің төмендеуі сияқты белгілер тұрақтана бастайды. Туберкулездің осындай негізгі белгілеріне адамдардың көбі көңіл бөліп, дәрігерге қаралатын болса туберкулезді жеңуге болады.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы.