Бұл оқиғаны осыдан оншақты жыл бұрын Алмас жыраудан естіген едім. Содан бері шетел асқан қазақ балалары жайлы теледидардан жиі беріліп жүрген хабарлардағы әр сәби маған сона-а-а-а-у Америкадағы Ермек – Эрик Сарано сияқты көрініп кетеді.
Әлекеңді – белгілі жырау Алмас Алматовты танымайтын қазақ кемде-кем шығар. Ертедегі ұзандардың жолын жалғаған жырау Сырда дәстүрлі өнердің ғылыми айналымға енуіне ерекше еңбек етті.
Атақты Әміре Қашаубаевтан кейін Франция сахнасына шыққан қазақ та Алмас жырау. Ол Нәби, Сыдық, Машарап, Орақ, Шәмшат, Зайыр, Көшеней, Қуандық секілді даңғайыр жыраулардан дәріс алыпты. Кейін өзі Арнұр Көшенеев, Ұлжан Байбосынова, Амандық Бүрлібаев, Ақмарал Ноғайбаева, Феруза Нарман, Шолпан Бейімбетова, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов, Күнсұлу Түрікпен, т.б. секілді дарынды жыршыларды өнердің қоңыраулы көшіне әкеліп қосты.
Оның әңгімешілдігі өз алдына бөлек тақырып. «..баяғының әңгімесі былай дейді-ау», деп тамағын бір қырнап, арғы-бергі тарихты термелей жөнелгенде айтып отырған оқиғасы көз алдыңыздан сырғып өте береді.
Былтыр Астанаға жол түскенде арнайы іздеп бардық, Әлекең оншақты жыл бұрын қазақтың тегіне қатысты айтқан әңгімесін тағы бір тірілтті. Көкірегі көмбе ғой, шіркін, көсіліп сөйлеп отыр. Мұндайда уақыт бар болғырдың зыр ете қалатыны бар, пойыз келер мезгіл таянып, қоштасуға тура келді. Желісін бұзып алмас үшін сол әңгімені бірінші жақтан, яғни Алмас жыраудың атынан баяндайын.
– Екі мың екінші жылы Америкада өтетін «Марко Поло ізімен» атты фестивальға шақырту алдық,–деп бастады жырау әңгімесін.
Бұл шетелдің посткеңестік мемлекеттерге деген қызығушылығы басылмаған кез. Олар әсіресе, әр ұлттың мәдениетін зерттеуге қатты көңіл бөледі. Олай болатын да жөні бар, Еуропа соңғы трубадурды (біздіңше, жырау) жерлегелі бері біржарым ғасыр өтіпті. Ағылшындардың ақырғы сказителімен қоштасқанына туп-тура 100 жыл толып отыр. Сондықтан да болар олардың ежелгі өнерді өлтірмей жүрген біздерге деген құрметі тіпті ерекше. Ертеде әлемді кезген Марко Полоның ізін жаңғыртып, бәріміздің басымызды қосып жүргені де сондықтан.
Сонымен фестивальға бардық. Ел астанасы Вашингтондағы Ақ Үйдің дәл алдына 9 қанат қараша үй тігіп, өзімізше дайындықты бастап кеттік. Фестивальға АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлл мен ел президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Кандолиза Райс қатыспақшы екен. Бірақ бір таңғалғаным, біздегідей абыр-сабыр жоқ, сырттай жайбарақат жүргендей көрінетін ұйымдастырушылардың іскерлігіне мін таға алмайсың. Жанымызда жүрген біздің елшіліктің азаматтары фестивальға Қазақстаннан бала асырап алған отбасыларын шақырып қойыпты.
Фестиваль басталатын күн де жетті. Тоғыз қанат үйдің іші кішігірім көрме секілді. Басында «Жұрттың қатысуы қалай болады екен...» деген дүдәмәлдау ой болған, бекер қауіптеніппіз. Біз технологиясы озық АҚШ-қа тамсансақ, олар үшін біздің шағаладай киіз үй экзотика секілді. Әлемдік өркениет көшінің алдында тұрған ел азаматтары үй жабдықтарын, қолөнер бұйымдарын қызықтап мәз-мәйрам. Қазақтың ән-күйіне құлақ салып, қызығып тұрғандары да байқалады. Әрине, «Алқалап келген, әлеуме-е-е-е-т» деп, шырқап кеп жіберсең, «Өй, бәрекелдісін» айтып, алқа-қотан отыра қалатын өз қазағыңдай қайдан болсын. Бірақ, әлемдік өркениет көшін бастап келе жатқан америкалықтар өнерімізді жатсынып тұрған жоқ. Талай ұлт пен ұлыстың басын қосқан ел өкілдері біздің бағзы бабаларымыздың өсиет сөзін ұйып тыңдап қалыпты. Өнерде шекара болмайтынының бір көрінісі осы, мінеки...
Жұрт аяғы басыла бергенде Қазақстаннан бала асырап алған отбасылар келе бастады. Жалпы адам құқығына қол сұқпауды басты міндет санайтын америкалықтардың көпшілігі шетелден бауырына басқан бала есейгенде қай дінді таңдауға ерікті деп санайды екен. Тіпті сәбилердің азан шақырып қойған есімін өзгертпейтіндер де бар. Солардың бірімен жолықтық, баланың тегін Сарано деп ауыстырғанмен, Ермек деген есімін өзгертусіз қалдырыпты. Екі жасар Ермек-Эриктің туған топырағынан келген біздермен ісі жоқ, қолындағы ойыншығын айналдырып, өзімен-өзі жүр. Жан-жағындағы адамдарға жатырқай қарап, асырап алған әке-шешесінің айналасынан шықпайды.
Қызық көпшіліктің сұрауымен жыр айтар кезде басталды. Домбыраның құлақ күйін келтіріп, қазақтың қоңыр сазын шерте бастадым. Сол мезет анасының етегіне тығылып тұрған Эрик елең ете қалсын... Кенет қолындағы ойыншығын лақтырып жіберді де маған қарай ұмтылды. Жандәрмен жетіп келген баланы қалай көтеріп алғанымды өзім де білмей қалдым. Құдай-ау, екі көзі мөлтілдеген жасқа толып тұр... Жүрегім шым ете қалды.
Бала кезімізде талай мәрте тал басынан құлап түскен құс балапанын ұясына салғанымыз бар. Сонда жаңағы бейшараның дүрс-дүрс соққан жүрегі алақанымызды қытықтайтын. Мынау құдды сол.
Басында бізді жатсынып тұрған Ермек домбыраның пернелерін басып көріп, тиегін шұқылап, құлағын тістеп арқа-жарқа болды да қалды. Бұрын баланың мұндай мінезін байқамаған асырап алған әке-шешесі айран-асыр. Ағыл-тегіл жылап жүр.
Белгілі қолөнерші Балтабай Ыбыраев «Әлеке, мынау сұмдық қой, екі жасар бала домбыраны қайдан біліп тұр?» деп таңғалады. Менде Балтекеңе жауап берердей дәрмен жоқ, әсілі шарана кезінде шетел асқан Ерік баланы – Эрик Сараноны өзі естіп көрмеген домбыраның үніне жалт қаратқан құдірет қазақтың қаны шығар, шіркін...
Қолына қамшы ұстатып едік, күнде тайға мініп жүрген баладай бүлдіргісін білегіне іліп ала қойғаны адам баласы түсіндіріп болмайтын құдірет енді. Зейінді екен, Балтабай ағасы үйреткен жалғыз ауыз сөзді қағып алып, сегіз қанат үйдің ішінде «Мен – қазақпын!» деп шапқылап жүрді. Сол жерде Еріктің әке-шешесімен сөйлесіп, ертесі баланың тұсауын кестік. Қонақжайлық жағынан Америкаңыз бізден кем түспейді-ау, сірә. Тұсаукесерге біраз адам жиналды. Көбі Қазақстаннан бала асырап алғандар. Ал Ерік айналасы бір күннің ішінде бізге қатты бауыр басып қалыпты. Елге қайтар сәтте екі жасар баланы қимай, біздің көңілдің құлазығаны бөлек әңгіме. Ауылға жеткенше «мен – қазақпын» деген Ермек бала елестеп тұрып алсын...
Жалпы кез келген өнер адамы сыртқа шыққанда өз елі мен барған жерінің мәдени байланысын зерттеуге мән береді. Біз де осы сапар Вашингтон университетінде біраз архив ақтарып, құнды дүниелер таптық. Аштық кезінде Ауғанстанға ауып кеткен Қадыр, Мыңтай жыраулардың 4 сағаттық мұрасы қолымызға тиді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары осы елге барған америкалық экспедиция мүшелері жазып алған жыраулардың дауысын Қазақстанға әкелдік. «Кенесары - Наурызбай» жырының бізде жоқ нұсқасы осы жақтан шықты. Ғарифолла Құрманғалиев пен Күләш Байсейітовалардың 1937 жылы Тәшкенде айтқан әндері Америкада пластинка болып шыққан екен. Жан-жаққа шашылып кеткен жауһардың сынығын тапқандай күй кештік осы жолы. Бірақ менің басты олжам Ермек бала болды. Екі жасар сәбиге домбыраның үнін тыңдатып, осы арқылы қазақтай халықтың ұлы екендігін ұғындырғаныма шексіз қуанышты едім.
Кейінірек фестивальға барғандар арнайы бас қостық. Жиналып отырып Америкадағы Саранолар салып жіберген бейнетаспаны көрдік. Былтырғыға қарағанда сәл таралған Ермегіміз қамшысын қолынан тастамапты. Өзінің қазақ екендігін, өскенде елін табатынын мақтанышпен айтып тұрған баланың кішкентай ғана жүрегінің кеңдігін айтсайшы... Тағдырдың жазуымен туған топырағынан тым жырақта өсіп келе жатқан Ермектің қазақты осыншалықты сүйетіндігіне сүйсіндім, ішкен-жегені желкесінен шығарда сырттан сауға сұрап шыға келетін, шекара асып алғасын елін жамандайтын кейбір жігіттерде осы сәби құрлы сана жоқтығына күйіндім.
***
Мына сәйкестікті қараңыз, мақаланың соңғы нүктесі қойылар сәтте Астанадан Әлекең хабарласып:
– Тез «Қазақстан» арнасын қос, біздің Ермекті көрсетіп жатыр,– деді де телефонды қойды. Сөйтсем, арнадағы «Шетелдегі қазақ балалары» атты циклды фильмінің бүгінгі хабары Саранолар отбасына арналыпты. Ермек-Эрик бозбала сөйлеп отыр. Рок музыкамен айналысатынын айтты, арманы Қазақстанға келу екен. Алматыны көргісі келеді бозбаланың. Өзін сәбилер үйінің босағасына қалдырып кеткен әке-шешесін іздеп таппақ ойы барын да жасырып отырған жоқ. Олардан «Мені неге саттыңдар?» деп сұрағысы келетінін айтқанда, дәл осы сауалды кезінде біздің бейқамдығымыздан шырылдаған күйі шетел асып кеткен жүздеген бала өзіме қойып отырғандай не айтарымды білмей қалдым...
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ.