ТҮЛЕКТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыстық Ішкі істер департаментінде 2015-2017 жылдары ҚР ІІМ ведомстволық оқу орындарын бітірген түлектермен кездесу өтті. Жиынға департамент бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қалижан Жеңісбекұлы, департаменттің кадр жұмысы басқармасының бастығы Асылхан Абдреев қатысып, баяндамаларымен бөлісті.
– ҚР ІІМ-нің 2017 жылғы 29 шілдедегі «ҚР ІІО-да жеке тәрбие жұмысын ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» №518 бұйрығына сәйкес, жас қызметкерлермен жеке-тәрбие жұмысы ұдайы жүргізіліп келеді. Мақсат – жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттырып, жедел-қызметтің озық шараларын игеруіне септесу. Сонымен қатар жұмыс жүргізу барысында жас қызметкерлердің тұрмыстық жағдайы, мінез ерекшелігі, қызмет атқару деңгейі де зерделеніп, баға беріледі. Қолда бар мәліметке сүйенсек, өткен жылы ҚР ІІМ-нің ведомстволық оқу орындарын 40 түлек тәмамдаған. Қазір оларды бос лауазымдарға тағайындау жұмыстары жүргізілуде. Аталған түлектердің жеке істері жасақталып, ҚР ІІМ-нің оқу орындарына жолданды, – деді А.Абдреев.
Айта кетейік, ҚР ІІМ-нің ведомстволық жоғары оқу орнында бір баланы оқыту үшін мемлекет тарапынан шамамен 1 млн 400 мың теңге қаражат бөлінеді. Ал аталған оқу орнын бітірген түлек жұмсалған қаражатты қайтару мақсатында ІІО-да 5 жыл көлемінде қызмет атқаруы тиіс. Алайда, түлектер арасында мерзімнен бұрын түрлі жағдаймен жұмыстан босап қалғандар бар. Олардан сот шешімімен жұмсалған қаражатты өндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 27 қызметкер 8 076 742 теңгені қайта қайтарған.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 05 ақпан 2018 г. 764 0