Тоғыз жолдың торабындағы Қызылорда стансасына орын тепкен пошта сұрыптау және тасымалдау учаскесі – «Қазпошта» акционерлік қоғамының облыстық филиалына қарасты құрылымдардың бірі саналады. Аты айтып тұрғандай, учаскенің негізгі қызметі – облыс орталығына жеткізілген газет-журналдар мен хат-хабарлар, сондай-ақ түрлі сәлемдемелерді сұрыптап, тасымалдайды.
Баспасөз каталогы бойынша елімізде сегіз мыңнан астам газет-журналдар түрлері бар десек, біздің аймағымызға осы басылымдардың жартысынан астамы тарайтын көрінеді.
– Облыс оқырмандары биылғы екінші жартыжылдыққа 173 мың дана газет-журналға жазылған екен. Біздің міндетіміз, бұл басылымдарды жұртшылыққа уақытылы жеткізіп беру, – дейді учаске басшысы Абайбек Жүнісов.
«Құрметті байланысшы» Абайбек Омарұлы салада 30 жылға таяу тер төксе, соның соңғы он жылында аталмыш учаскеге басшылық жасайды. Мұнда бүгінгі күні 28 адам еңбек етеді. Олардың арасындағы өз ісінің білгірлері – операторлар, «Құрметті байланысшы» Қансұлу Ахметова, Жамал Қорғанбаева, Жұмакүл Жарова, сұрыптаушы Зада Әлібекова, механизм жүргізушісі Бақытжан Оразбеков туралы басшылық тарапынан жылы лебіз естідік. Ұжымда еңбек қорғау ережесі жүйелі жолға қойылып, жаңа технологиялармен жарақтандырылған. Жұмысшы-қызметкерлердің айлық жалақылары уақытылы төленіп, еңбек демалыстарына шыққан кездерінде көтермелеу шаралары жасалатын көрінеді.
Өткен тоғыз айда учаске арқылы 6 млн. 277 мың газет-журнал, 1 млн. 869 мың хат-хабар, сондай-ақ 300-ден астам түрлі сәлемдеме мен бандероль өз иелеріне уақытылы жеткізіліп берілген.
Сөз соңында пошта сұрыптау және тасымалдау учаскесінің еңбек ұжымын ертеңгі кәсіби мерекелерімен құттықтап, хат-хабар күткен қалың қауымның сенімінен шыға беріңіздер дегіміз келеді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.