ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ – МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ КАПИТАЛЫ

Елімізде тұрғындар саулығын сақтау бағытында түрлі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Елбасының жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауында да халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша мән беріліп, нақтылай тапсырмалар жүктелуде.  Халқымызды салауатты өмір салтын ұстануға, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге үндейтін бұл міндеттер  әрдәйім өзінің өзектілігін жоймақ емес. Осы орайда газет тілшісі облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Қайрат Мырзахметовпен сұхбаттасқан еді.  
– Қайрат Тәңірбергенұлы, жалпы, салауатты өмір салты дегеніміз не және өзіңіз басқаратын облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметі қандай?
– Салауатты сөзінің негізгі мағынасы парасатты, байыпты, ақылды, ойлы, білімді, зерделі және сабырлы деген ұғымды білдіреді. Ал, өмір салты дегеніміз – әрбір жеке адамнан бастап, бүкіл қоғамның  қалыптасқан өмір тіршілігі. Салауатты өмір салтын қалыптастыру 1998 жылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде  қолға алына бастады. Өткенге көз жүгіртсек,  қазақ халқы о баста-ақ салауатты өмір салтын ұстанған. Халқымыздың  күнделікті тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпынан салауаттылықты, имандылықты, тазалықты аңғаруға болады.  Ата-бабамыз көшіп-қонып жүріп-ақ, бесікке баласын бөлеп, бес уақыт намазын үзбеген.  Бұның өзі жеке бас гигиенасын сақтаудың бір жолы. Ал, қазір білім, техника дамыған заманда аурудың да түрлері көп. «Түйенің жүгі жеңіл болса, жатаған келеді» демекші, көп адамдар көлікке мініп, аз қозғалуға, тез дайын болатын тамақтарға әуестеніп алды, яғни, дене қозғалысының аздығы мен дұрыс тамақтанбау салдарынан  семіздікке шалдығып, түрлі аурулардың туындауына жол беруде. 
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметіне келсек, ол  негізінен 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өңірімізде жүзеге асыру, тұрғындар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, дене белсенділігін арттыру, ұтымды тамақтану, жұқпалы аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарының үйлестірушісі болып  табылады. Елбасының  әр жылғы дәстүрлі халыққа  арналған Жолдауларында  «Профилактикалық медицина – аурулардың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті» деп айтады.  Яғни, салауатты ұрпақпен ғана қуатты Қазақстанға айналарымыз сөзсіз.
– 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы деп айтып қалдыңыз, аталған бағдарламаны жүзеге асыру  аясында қандай жұмыстар атқарудасыздар?
– Қазақстан денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының негізгі 6 бағыты бар. Алғашқы бағыты азаматтардың денсаулығын қорғау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствааралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру  қолға алынған. Осы бағыт бойынша балабақшаларда, мектеп, орта, жоғары білім ордаларында, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде салауатты өмір салтын насихаттау бағытында  семинарлар, акциялар, флеш-мобтар, дебаттар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіліп, ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында 2013 жылы – 43825 іс-шара өткізіліп,  (2012 ж 12 ай – 43712) 2012 жылмен салыстырғанда 1,0% пайызға артқан, қамтылған адам саны 518 128 (2012 ж 12 ай - 497158  құрап), ол 1,04% пайызға өскен. Салауатты өмір салтын қалыптастыру бағдарламалары бойынша өткізілген іс-шаралар облыс деңгейіндегі  291 мектеп пен мектеп-интернаттарының 232-сін қамтып, оған 102 237 мұғалім мен оқушы тартылды.  Сонымен қатар, облыс деңгейінде ашылған жеке және мемлекеттік бала-бақшалардың да 27%-дан астамы қамтылды.  Сондай-ақ, бұқаралық ақпараттық құралдары арқылы аудио-бейне баяндар, мамандардың пайдалы кеңестері жергілікті телеарналар арқылы беріліп, салауатты өмір салты ұстанымдары туралы мақалалар газет, журнал беттерінде жариялануда. Атап айтқанда, 9 тақырып бойынша бейне-ролик көрсетілді және басылым беттеріне облыс бойынша денсаулық жайында 494 мақала жарияланды. Ал, екінші бағытта профилактикалық іс-шараларды, скринигтік тексерулерді күшейту, негізгі әлеуметтік елеулі ауруларды ерте сатысында диагностикалау, емдеу және оңалтуды жетілдіру қажеттігі айтылады. Бұл бағытта емханалардағы денсаулық мектептерінің жұмысын жетілдіру және скринингтік тексерудің мониторингін жасау жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда, тұрғындарды скринингтік бағдарламаға шақырып, насихаттау жұмыстарын жүргізу, аталған аурулардың алдын алу біздің басты міндетіміз. Қазақстан- 2050 – «Мәңгілік ел» идеясын ұстанған еліміздің болашағы  жастардың еншісінде болғандықтан дені сау, саналы, патриот азаматтар қалыптастыру ең маңызды істер болмақ.
– Қай кезде де халқымыз  жастар тәрбиесіне баса  көңіл бөлген. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары сан тарау. Жастар мен жасөспірімдер арасында салауаттықты насихаттау барысында, зиянды әдеттердің алдын алу бағытында қандай іс-шаралар жүргізілуде?
–  Бірсыпыра ауылдан қалаға білім қуып келген жастарымыз дұрыс тамақтанбай, зиянды әдеттерге еліктеп,  денсаулықтарына нұқсан келтіріп жататыны белгілі.  Осының салдарынан қан аздық, тыныс алу ағзаларының аурулары, жүрек қан тамыр аурулары  біршама жасарып барады. Сондай-ақ жастар арасында  өз-өзіне қол жұмсау фактісі белең алуда.  Былтырдың өзінде жарық дүниемен 18 жасөспірім қоштасты. Бұл жағдайларда ата-ана тарапынан да кемшіліктер кетуде.  Осы тұста ата-ана, ұстаз , қоғам болып жастар тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауымыз керек. «Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелесең, ертең соның жемісін көресің» деген бар.  Ел Президенті өз Жолдауларында «Қазақстанның әрбір азаматының денсаулығы шымыр сергек болуы шарт. Зиянды әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеп, өмір сүру жасын ұзарту міндеті көзделген. Ол үшін жас ұрпақты бала жастан жат қылықтардан бойын алыс ұстап, жеке тұлға болып қалыптасу үшін алдымен өз денсаулығына өзі жауапты екендігін сезіндіріп, ұғындыра білгені абзал» деп нақты айтқан.  Осы басымдықтар аясында облыстық салауатты өмір салты орталығының жанынан ашылған  «Мейірім» жастар денсаулық орталығы мен  «Темекіге қарсы бөлме» мамандарының бірлесуімен  «Шапағат», «Үміт» жастар денсаулық орталықтары көптеген тақырыптарда акция, семинар, тренинг, кездесулер, сайыстар өткізіп тұрады. Өткен жылы жастар арасында осындай 420 іс-шара өткізіліп, 12600 жас қамтылды. 
– Бүгінгі таңда өңірде қандай ауру түрлері көп, оның себебі неде деп ойлайсыз? 
– Қызылорда облысы бойынша туберкулез, жүрек-қан тамыр аурулары, ана мен бала науқастары, қатерлі ісік аурулары, қант диабеті приоритетті болып табылады. Бұның басты себебі, менің ойымша, экологиялық ахуал,  атап айтқанда, Байқоңырдың, Аралдың зардаптары, судың, ауаның ластануы. Екіншіден, 70% жағдайда дұрыс тамақтанбау түрлі созылмалы науқастардың себеп-салдары болып табылады. Қазір жеңіл-желпі тағамдар дүкен сµрелерінде көптеп кездеседі. Оларды жастар мен жасөспірімдердің пайдалануы, асқазан-ішек аурулары, одан қалды семіздікке душар етуде. Үшіншіден, дене белсенділігінің аздығы. Артық салмақ көптеген ауруларға бастайтын бірден-бір себеп. Сонымен бірге, қыздардың қазіргі уақытта кеш тұрмыс құруы, түсік жасату, жастайынан дұрыс күтінбеуі, жас аналардың балаларын аз емізуі, зиянды әдеттерге бой алдыруы, гигиеналық талаптарды дұрыс жасамауы түрлі қатерлі ісік ауруларына себеп болуда. Әр адам салауатты өмір салтын дұрыс ұстанып, уақытылы жергілікті дәрігеріне қаралып, сапалы кеңес алып тұрса, ауру-сырқау батпандап кірмеген болар еді.
 – Соңғы жылдары скрининг термині кеңінен айтылып жүр. Ендеше, скрининг дегеніміз не? Ұлттық скрининг бағдарламасы шеңберінде  қандай аурулардың алдын алуға болады? Тиімділігі қандай?
– Скрининг – бұл ерте сатыда ауруларды және қауіп-қатер факторларын анықтау үшін белгілі бір жастағы дені сау адамдарды профилактикалық медициналық тексерілуден өткізу, аурушаңдықты ерте анықтау, дер кезінде емдеу және алдын алу мақсатында дәрігердің адам денсаулығын ұдайы бақылауға алып, осылайша емдеудің тиімділігін арттыру және асқынулардың алдын алу. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл бағытта мемлекеттен қаражат бөлініп 2011 жылдан бастап жұмыс жүруде. Қазіргі таңдағы әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына еніп тұрған қан айналымы аурулары, көз аурулары, оның ішінде глаукома (суқараңғылық) және қант диабеті ауруларын болдырмау және ерте сатысында анықтау мақсатында 25, 30, 35, 40, 42, 44 жастағыларды және сол сияқты 65 жасқа дейінгі адамдарды профилактикалық тексеруден өткізу. Оған қоса аурулардың ішінде сүт безі, тоқ және тік ішек, өңеш, асқазан, қуық асты безі, бауыр қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында 50, 52, 54, 56 және сол сияқты 60, 70 жастағы адамдарға және жатыр мойны қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтау мақсатында 30, 35, 40, 45, 50, 55, 60 жастағы әйелдерді тексеру қаралған. Скрининг барысында адамды ауру деп анықтамағанымен, түрлі ауруларға бейімділік факторлары анықталса, міндетті түрде аурудың алдын алу үшін емхана ішінде арнайы  денсаулық мектептерінде сауықтыру шаралары жүргізіледі. Негізінен қатерлі ісік аурулары 4 сатыға бөлінеді. Оның алғашқы 1-2-ші сатысында адамға білінбей, еш ауырсынусыз өтуі мүмкін. Егер ауру осы 1-2-ші сатысында анықталса, медицина саласының аурудан түбегейлі айықтырып жіберуге мүмкіндігі бар. Бұл скринигтік тексерудің тиімді тұсы, ал маңыздылығы жоғарыда аталған қауіпті аурулардың алдын алу. Өкінішке орай біздің өңірімізде 3-4-ші сатыда анықталып, көмек көрсету мүмкіндіктері шектеулі болып жатқан жағдайлар көп-ақ.  
– Биылғы Елбасының халыққа арнаған Жолдауына айтар пікіріңіз.
– Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуындағы өзекті мәселелерге байланысты бірқатар нақты міндеттерді белгіледі. Өзім денсаулық саласының  жанашыры болғандықтан, Елбасының Жолдауында атап өтілген медицина саласында  орындалуы тиіс мәселелерге ерекше назар аударғанына қуандым. Жолдауда еліміздегі  саламатты өмір салтының орнығуы жайында жан-жақты айтылды және «медицинаның дамуы Қазақстандықтардың орташа өмір сүру деңгейін 80 жасқа дейін арттырады»деп атап көрсетілді.  Меніһше, денсаулық сақтау  саласының  өзекті мәселелері  оң шешімін тауып, азаматтарымыздың  саламатты  өмір салтын  ұстанып, денсаулық күтіміне мән беріп, ауру-сырқаудың алдын алып, уақытылы дәрігер кеңесіне  жүгініп отыруы өмір жастың ұзақ болуына әсер етеді.  Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу  мәселелері де орынды көтерілді.  Бізде осы салалардың аздап кенжелеп келе жатқаны рас. Әлемнің дамыған елдерінде аталған   мәселе жақсы жолға қойылған.  Осы бағытта жүйелі түрде көптеген жұмыстар атқарылу керектігі  сөзсіз. Мемлекет басшысы  дәрігерлердің  еңбегін әрдайым ескеріп, әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына баса мән беріп келеді.  Осыған орай  денсаулық сақтау  саласы қызметкерлерінің  еңбек ақысы 1 сәуірден 10 пайызға, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 28 пайызға өсетін болды. Елбасы «Мемлекет, жұмысшы, жұмыс беруші, осы үштіктің арасында ынтымақ орнаған жағдайда, ұлт саулығына мән бере аламыз» деген болатын. Яғни, ұлт саулығы – мемлекеттің негізгі капиталы. Олай болса, әркім өз денсаулығына барынша жауапкершілікпен қарағаны жөн болар еді. 
Сұхбатты жүргізген: Айнұр БАТТАЛОВА.

ҚОҒАМ 01 наурыз 2014 г. 6 620 0