ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Сырдария ауданында баспана салу жылдан-жылға өрістеп келеді. Бұған аудан әкімдігі ұйымдастырған баспасөз турында тағы бір көз жеткіздік. Ақпарат құралдарының өкілдері аудан орталығында пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысы жұмыстарымен танысып, жаңа пәтер иелерімен сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Аудан әкімінің орынбасары Е.Ахетовтің айтуынша, былтыр құрылыс саласының көлемі 4 есеге ұлғайып, 14,2 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.
– Тәуелсіздіктің 26 жылдық мерекесі күні кентте 10 тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде апаттық жағдайдағы үйден 3 отбасы жаңа қонысқа көшірілді, – дейді әкім орынбасары.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде апатты жағдайда деп танылған үйден жаңа пәтерге көшірілгендердің бірі Бауыржан Маханбеттің отбасы. 5 балалы жанұя қуаныштарымен бөлісті.
– Бұрынғы тұрған үйіміз апаттық жағдайда, деп танылған еді. Былтыр мерекеге орай 3 бөлмелі үй алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Үй құрылысы заманауи талапқа сай салынған. Елімізде осындай жаңа қоныстар көбейе берсін. Елбасына, облыс, аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз, – дейді жаңа пәтер иесі.  
Жалпы, соңғы жылдары жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін дайындау бойынша ауданда қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, аудан бойынша соңғы 2 жылда 350 жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілсе, биыл 843 жер телімі осындай талапқа сай жасалатын болады.
Биылғы жылдың жағымды жаңалығының бірі – аудан орталығында көпқабатты үйлер салынбақ. Үш қабатты тұрғын үйлер құрылысының іргетасы үстіміздегі жылы қаланатынын есепті кездесуде аудан әкімі Ғ.Қазантаев айтқан болатын.
Атап айтсақ, Тереңөзек кентінің А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысына тұрғын үй кварталы құрылысының инфрақұрылымын бастауға республикалық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары басталды. Тұрғын үй кварталынан үш қабатты 9 үй салыну жоспарлануда. Ол үшін осы жылы республикалық бюджеттен 388,9 млн теңге қаржы бөлініп, 42 пәтер пайдалануға берілетін болады.
Оған қоса, облыс әкімі ауданға іссапарында бұл жерден тағы да көппәтерлі 2 тұрғын үйдің бой көтеруіне қолдау білдірді. Соның нәтижесінде, қосымша 42 пәтерлі үй салынбақшы.
Баспананы жылдар бойы тағатсыздана күткен тұрғындар үшін мұндай игі бастамалар айрықша жақсылықтың бастауы. Ендеше, дәл осындай жарқын істер келешекте де жалғасын табатынына сеніміміз мол.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
Сырдария ауданы.
ҚОҒАМ 01 ақпан 2018 г. 1 521 0