Серікбай Әшірбеков мырзаға хат
Қадірменді інім Серікбай! Сенің жазған дүниелеріңе әркез зер саламын. "Сыр бойы” газетіндегі (8 ақпан 2014 ж) жоғарыдағы тақырыппен жазған мақалаңды оқып шықтым. Көтерген мәселең орынды. Бір кездері үлкен Сарықұмның етегінде қыштан өрілген Алтайбек атаның мешіті емес, күмбезді бейіті, іргесінде атасы Исахожаның мешіті болды. Алтайбек атамыздың күмбезі алыстан көрінуші еді, сол күмбез ішінде Алтайбек атаның жаны тыныстап жатқанын әкелеріміз жиі айтушы еді.
Сонымен, Алтайбек ата ахун дәрежесіне көтерілген адам. Кезінде Алтайбек ахун емес, оның атасы мешіт ашқан, ол – Исахожа мешіті. Соғыстан кейін осы Исахожа мешітінде жұртты сауаттандыру үшін егде адамдар оқығаны есімде. Бір кезде осы мешітте діни сабақтар оқытылған, медресе болған. Дінге қарсы құрылған саясат тұсында бұлар жойылған, өзің айтқан қорасан әулетінің көпшілігі Шымкенттің Арыс бойына ауып кеткен. Қожықовтардың өмірбаянын зерттесеңіз, Арыста туғанбыз деп амалсыз жазылғаны байқалады. Қожықовтар әулеті негізінде "Қоғалыда” кіндік қаны тамған. Қорасан әулетінен шыққан Алтайбек ахунмен аталас ағайындар.
Бұл сөзді неге айтып отырмын?
Менің қолымда 200 жолдай өлеңмен жазылған Алтайбек атаның бел баласы Әбсадық мақсұмның толғауы бар. Бұл толғауда айықпас сырқатқа шалдыққан Әбсадық мақсұмның өмірмен қоштасуы баяндалады. Осы толғауда менің әкем Мәдіге арнаған мына шумағына зер салшы:
Кеселге ағаң пақыр кездесіп жүр,
Ақырын Алла білер қандай болад?
Қай жерден біздің кесел болсын жақсы,
Ішерге кеміген соң жерлік аухат.
Жағдайсыз жаман науқас кездесіп жүр
Қораға тиген өрттей болып апат!
Әбсадық мақсұм толғауында әкемнің кезінде «аға жаяу жүрме» – деп бір бурыл жорғаны мінгізгенін тілге тиек еткені және бар. Әбсадық мақсұмның менің әкеммен сыйлас болуы күйеулік жағынан жұғысқан. Өзіңнің хабарың болар, менің шешем – Күлшан қорасан Еспенбет қажының қызы ғой. Осы жағынан Алтайбек ахун ұрпақтарымен біздің құдандалы-жекжаттығымыз жалғасқан.
Алтайбек ахунның ұрпақтары бар ма?
Қызылорда қаласының сауда саласында көп жыл қызмет істеген Абдуллаев Аташ деген азамат болды. Бұл кісі Алтайбек ахунмен аталас Абдулла атаның ұлы еді. Ескіше оқыған көп білетін кісі еді, ол кісі де сонау алпысыншы жылы дүние салып кетті. Ұрпақтары қалада тұрады.
Ал, Алтайбек ахунның ұлы Әбсадық мақсұмнан кімдер бар?
Әбсадық мақсұм Қызылорда қаласының "Коммунизм” бөлігінде тұрды, 1946 жылдың шілдесінде ата дүниеден өтті. Бала кезімізде әжелеріміз үйіне талай ертіп апарған еді. Көршілері Есмағамбетовтер деп естуші едік.
Әбсадық атаның екі ұлы болды. Екеуі де көп жыл Тасбөгетте тұрды. Бірі – Қарақожа, екіншісі – Мұрат. Қарақожадан ұрпақ жоқ, ал Мұраттан бір қыз болушы еді, қайда екенінен хабарым жоқ.
Сонымен, мен не айтпақпын, інім Серікбай!
"Қоғалы” ауылының орталығынан аз ғана шақырым жердегі баяғы Алтайбек ахун бейіті, Исахожа мешіті қазір жермен-жексен болып кетті. Талай рет су шайып, су астында қалды. Есіңде ме, Серікбай, сонау елуінші жылдары ауылды су басып, көпшілік құм басындағы ескі үйлерге үдере көшіп, әбігерге түсті ғой. Біздің үйіміз су астында қалып, бір кездегі Рүстем Сейітқазиев деген атаның ескі үйін паналап, ғұмыр кештік. Сенің де қиын сәттерді бастан өткізген балалық шағыңа қанықпын. Әйтеуір етің тірі болған соң есейдің, ержеттің.
Рас, Алтайбек ахун күмбезі, қатарлас Исахожа мешіті әдемі, әсем ғимарат еді. Оны айтасың, ауыл орталығындағы Бәлтік мешіті де ғайып болды ғой. Есіңде ме, 1947 жылғы су тасқыны кезінде мектебімізді су алып, Бәлтік мешітінде жеті жылдықты бітіріп, қалаға аттандық.
Алтайбек ахун күмбезі, Исахожа мешітін қалпына келтіру оңай шаруа емес. Дегенмен, ауыл әкімі, қалың жұртшылық ықылас танытса, бәлкім, аруақтар жатқан жер ең болмаса қоршалып, қасиетті орынға айналар. Бәлкім, сенің қозғаған жанайқайың қозғалыс туғызар.
Інім Серікбай! Ендігісін қалың жұртшылық айта жатар деген оймен қозғаған мәселеңе пікір білдіргенді парыз санадым. Артық-кемі болса кешіргейсің?
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ.