2013 жылы қазақстандық почта ұлттық экономиканың дербес сегменті ретінде почта саласының бөлінгеніне 20 жыл толуын атап өтеді. Бұл Қазақстан Республикасындағы почталық аймақта мамандандырылған құқық кеңістігін қалыптастыруға және әр түрлі меншік нысандарымен почталық операторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызды.
Осыдан 20 жыл бұрын почта саласында сол кезеңдерде мемлекеттік деңгейде қабылдаған шешімдер дұрыс болғаны анық. Олар почтаның ел ішінде ерекше сенімге ие болғанына негізделген еді. Бұл әсіресе ауылдық жерлерге тән. Көптеген ауылдарда бүкіл мәдениеттің орталығы болып табылатын қарапайым ғана почта байланысы бөлімшесі ылғи жиынды жер. Мұнда әлемде, ауылдың өзінде не болып жатқаны жөнінде хабардар боласың.
Дүниежүзілік почта күнін мерекелеуге және еліміздің экономикасының дербес сегменті ретінде почта байланысы саласының 20 жылдығына байланысты айрықша мәнді оқиғалар қарсаңында қазақстандықтарды соңғы жылдардағы негізгі іргетасы қаланған әрі қарай үдемелі дамуын алып жүретін почта қызметінің жетістіктерімен таныстырғым келеді.
Филиалдың негізгі жетістіктері ретінде еңбек ресурстарын күшейтуін атап өткен жөн. Еңбек өнімділігінің 3 есе өсуіне байланысты соңғы 10 жылда қосымша 157 жұмыс орны ашылды.
Почта қызметінің ауқымды әртараптандырылуы почталық қызметпен қатар қаржылық қызмет көрсету арқылы оны коммерциялауды көздейді. Жазбаша хат-хабарлар көлемі 3,5 есе, сәлемдемелер 3 есе, мерзімді баспасөз басылымдары 3 есе, бюджеттік мекемелерге еңбекақы төлеу 7,6 есе, зейнетақы мен жәрдемақы 4,7 есе, салықтар мен коммуналды төлемдер қабылдау 68,5 есе, ақша аударымдары 4,5 есе өсті.
Қазіргі күні облыс халқына 7 аудандық почта байланыс торабы, 26 қалалық, 104 ауылдық байланыс бөлімшелері, байланыс пункттері, 3 жылжымалы почта байланыс бөлімшелері 34, барлығы 175 өндірістік объектілер халыққа почталық, қаржылық, агенттік қызмет түрлерін көрсетеді. Ал, Қызылорда облысының почта жүйесінде 175 өндірістік объектілерде 800-ге жуық қызметкерлер жыл сайын 7 миллионға жуық почта жөнелтілімдерін өңдеп, жеткізеді.
«Қазпочта» АҚ-мерзімді баспасөз басылымдарын тарату жөніндегі қызмет рыногының монополисі емес. Біздің бәсекелестеріміз – бөлшектеп сату жүйесі мен қалалардағы кепілдікпен жеткізу жүйесімен жұмыс істейтін кішігірім компаниялар. Біз олардың бағасы жағынан және қызметі жағынан бәсекедеміз. Біздің басым жағымыз тәжірибе мен жауапкершілік, ал олардікі – әр тұтынушыға икемделу мүмкіндігі.
Ең шалғай елді мекендерге дейін жайылған желілерінің арқасында облыс бойынша таратылатын газеттер мен журналдардың 95 пайызынан астамы облыстық филиал бөлімшелері ақылы жеткізіледі.
«Қазпочта» АҚ мерзімді баспасөз басылымдарын тарату ісінде орасан мол тәжірибе жинақтаған. Жазылуға қабылдаудан бастап, тапсырыстарды өңдеу, оларды баспагерлер мен редакцияларға беру процесстерімен жалғасатын және жазылушыларға делдалсыз жеткізумен аяқталатын толық өндірістік цикл.
Жалпы 720 мың халықтың 91,3 пайызы почта кызметімен камтамасыз етілген. Облыстық филиал почта тасымалдауды аудан орталықтарына жеткізу бойынша аптасына 7 рет тасымалдап, республика бойынша бірінші орында тұрса, елді мекендерге почта жөнелтімдерін ара қашықтығына байланысты ауылдық почта байланыс бөлімшелеріне 5 рет, почта байланыс пунктеріне 3-5 реттен тасымалданады. Автопаркті жетілдіру мақсатында соңғы жеті жылда 50 автокөлік сатып алынды.
Арнайы байланыс қызметі кәсіби почталық және арнайы байланыс қызметінен тыс 15-тен астам қызмет түрлерін көрсетеді. Салымдардың құпиясы заңмен қорғалатын материалдар мен мәліметтер, маңызды, бағалы және жоғары бағалы почталық арнайы жөнелтімдер салынған жөнелтімдердің барлық түрлерін «есіктен-есікке», «қолдан қолға» принципі бойынша табыс етіледі. 1999 жылдан бастап «Қазпочта» EMS әлемдік желісін ұлттық жедел почта операторының қызметін атқаруда.
Тұтынушылық қарыздар беру және почталық байланыс бөлімшелерімен банктердің шоттарына депозиттер қабылдау жөнінде екінші деңгейлі банктермен агенттік келісім жасаудың арқасында және почтаның әлеуметті мүмкіншіліктерін пайдалана отырып агенттік қызмет желілері арқылы «Хоум-Кредит Банк» АҚ 2013 жылдың 9 айында несие алушыларға 1898 млн. теңгеге несие берді. Сонымен қатар «Хоум-Кредит Банк» АҚ қосымша кассаларын барлық аудан орталықтарынан ашты.
«Қазпочта» АҚ мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының тікелей агенті болып табылады. Филиалдың 2001-2013 жылдар аралығындағы зейнетақы мен жәрдемақы төлеуі 8,2 есеге өсіп, облыста таратылатын зейнетақының 70 пайызын құраса, ауылдық жерлерде 100 пайызын құрап отыр. Зейнетақы мен жәрдемақы тарату қазіргі уақытта орташа есеппен ай сайын 2 200 млрд. теңгеге жетті.
Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының бюджетіне салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді қабылдау жүргізіліп келеді. Төлемдерді қабылдау осы уақыт ішінде 109,4 есе артқан.
Ақша аударымдары почта байланысының дәстүрлі қызметі болып табылады. 2006 жылдың қаңтар айынан мәліметтерді жөнелтудің электронды арналарын қолдану есебінен почталық ақша аударымдары қызметінің қазіргі сапа стандартын қамтамасыз ететін «Жедел аударымдар» қызметі енгізілді. Қазіргі кезде «Қазпочта» АҚ өзара почталық ақша аударыммен алмасуды 19 елмен жүргізеді.
«Қазпочта» АҚ 2012 жылғы Халықтық ІPO «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын сатуды бастады. Бекітілген көрсеткіштерге сәйкес, бір қарапайым акцияның құны 725 теңгеге тең болды.
Компания акцияларына деген сұраныс ұсыныстан 2 есеге артып, 59,4 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде, жеке тұлғалардан 22,1 млрд. теңгеге 34 676 өтінім, ұлттық зейнетақы қорларының және маркет- мейкер тарапынан 37,3 млрд. теңгеге өтінім келіп түсті. Облыс бойынша «Қазпочта» АҚ 132 213 175 теңгеге 750 тапсырыс қабылдады.
2013 жылға Халықтық ІPO-ға шығарылатын ұлттық компаниялардың ішінде «KEGOC» АҚ бірінші орында. Осы ірі қазақстандық инфрақұрылымдық компанияның акцияларын осы жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында сатылымға шығару жоспарлануда.
Біз халыққа қызмет көрсету сапасын, почта жөнелтімдерінің өту жылдамдығын көтеру және клиенттеріміздің сұранысын барынша қанағаттандыруға байланысты көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейту үшін жұмыс жасап келеміз. Жетістіктерге қол жеткізу ең алдымен 800 жұмыскерлерден тұратын үлкен ұжымның ерен еңбегі мен кәсіби біліктілігінің жемісі. Бұл жемісті жол алдағы уақытта да өзінің жалғасын таба беретін болады.
Әнуарбек ӘБДІМОМЫНОВ,
«Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры.