ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ САЛМАҚТЫ

Мәслихат жұмысының басты міндеттерінің бірі – өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларын қабылдау, облыстық бюджетті бекіту, аймақ көлеміндегі басқа да маңызды мәселелерді сессияда талқылап, қабылдаған шешімдерді атқарушы органдарға ұсыну және олардың орындалуына бақылау жасау болып табылады. Қызылорда облыстық мәслихатының құрамындағы 29 депутаттың осы аталған міндеттерді атқаруға лайықты үлес қосып келе жатқаны анық. Бүгінгі әңгімелегелі отырған Нұридин Әмитов – осы қатардағы азаматтардың бірі.

Н.Әмитовтің негізгі мамандығы – хирург. Бүгінде облыстық медициналық орталығы директорының хирургия саласы бойынша орынбасары қызметін атқаруда. 24 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер мыңдаған ота жасап, қаншама жанның дертіне шипа тауып, өміріне нәр сыйлады. Әлемнің озық клиникаларында біліктілік жетілдірген дәрігер бауыр, асқазан, өкпе, аяқ тамырларына жасалатын операциялардың барлық әдістерін толық меңгерген. Ол әріптестерімен бірге емдеу бағдарламасына тері астындағы майда тамырларды тігу, асқазан жарасынан іштей қан кетуді 70 пайыз спирт арқылы тоқтату секілді тың тәсілдерді енгізуге атсалысты.  Өз ісінің  білгірі атанған дәрігер енді облыстық медицина орталығында ағза ауыстыру, қансыз және пышақсыз микрооперациялар жасауды қолға алу жолында тынбай ізденіп жүр. 

Міне, осындай білікті маман 2016 жылдан бастап депутаттық қызметті де атқарып келеді. Нұридин Егенбердіұлымен әңгімелесу барысында ол бұл қадамға елге қызмет етсем, азаматтық парызымды өтесем деген ниетте барғанын, бұл жүрек қалауы екенін жеткізді.

№29 «Түгіскен» сайлау округінен түскен үміткер сайлауалды бағдарламасында Жаңақорған ауданы тұрғындары үшін негізінен әлеуметтік мәселелердің шешімінің табуына үлесін қосу, оның ішінде денсаулық сақтау саласының  жақсаруы бағытында жұмыс жүргізуге уәде  берген болатын. Мәселен, бағдарламасының бір тармағында аудандағы емдеу-профилактикалық мекемелердің материалдық-техникалық базасының жақсаруына көмек беру, медициналық құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне облыстық бюджет арқылы ықпал жасау туралы айтылған. Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту және аурудың алдын алу мақсатында жылда медициналық тексеруден өткізіп тұру да үміткер бағдарламасының басты бағыты болды.

Облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде осы бағыттарда үнемі мәселе көтеріп, тиісті орындарға ұсыныс беріп келеді. Депутаттық бағдарлама төрт жылға арналғанмен, қазірдің өзінде бірқатар нәтижелі жұмыстар орындалды деп айтуға болады. Дәрігерлер бригадасын ұйымдастырып, өзі сол топпен бірге бір аптадан аса елді мекендерді аралады. Дәрігерлер тұрғындарды тексеруден өткізіп, науқас адамдарға ақыл-кеңестерін берсе, өзі тұрғындарды қабылдап, өзекті мәселелер бойынша талап-тілектерін, ұсыныстарын тыңдады. Онан бөлек, осындай мақсатта бірнеше рет округіндегі 5 сайлау учаскесіне қарасты елді мекендерде болып, тұрғындармен жүздесті. Арасында жеке өтінішімен келетін жандар болады. Қолынан келгенше олардың да өтінішін орындауда. Әрине, сонымен қатар, жергілікті атқарушы органмен тығыз байланыста болып, ауданның даму бағдарламасы мен аудан басшысының ұсынысы бойынша кез келген мәселелерді облыстық мәслихат сессиясына шығарып, оның оң шешілуі бағытында ұдайы жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ, мамандармен бірлесіп, ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы түсіндірме жұмысына да атсалысты. Бұл кездесулерде қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шараларының жеткілікті екені, мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің тиімділігі, кооперацияға бірігудің берері көп екені кеңінен түсіндіріледі.

Жалпы, елге берген уәденің сұрауы болатыны анық. Кездесулерде бұдан бұрын айтылған өзекті мәселелердің шешілуі қалай жүріп жатқаны туралы айтып береді. Егер де бір әлеуметтік нысанды салу туралы шешім қабылданса, енді бірін жөндеуге қаржы бөлінгенін, үшіншісі кезегін күтетіні туралы ақпаратты жеткізеді. Осы кезеңде сайлау округінде бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, бірқатарының құрылысы басталды, енді біріне келесі жылы қаржы бөлу туралы шешім шығарылуда. Депутат: «Бұл – аудан әкімдігінің, түрлі бағдарлама әкімшіліктерінің еңбегінің нәтижесі» дейді. Тек осы жұмыстардың алға басуына халық пен билік арасындағы дәнекер ретінде үлесін қосып жатқанын айтады.

Халық қалаулысы күні кеше өткен Жаңақорған ауданы әкімінің есеп беру жиынынан көңілді оралды. Қандөз бағытындағы жол жағдайы өте нашар болып, тұрғындар қатынасына көп қиыншылық туғызатын. Жолға жөндеу жүргізу өткен жылғы жоспардан алынып та тасталған. Ал есеп беру жиынында облыс басшысы тұрғындар алдында аталған жолды биыл жөндетуге қаржы бөлдіртетіні туралы уәде берді. Осы мәселені комиссия отырысында көтерген Нұридин Егенбердіұлы ең алдымен ел тілегінің ескерілгеніне қуанды.

Депутаттық қызметіне екі жылға жетпейтін уақыт болса да, біраз өмірлік тәжірибе жинақтап, жауапкершілік жүгін бұрынғыдан да бетер сезіне түскенін айтады. Егер де бұрын тек өз жұмысын ғана білсе, енді соған қоса, елдегі жағдай қалай болып жатыр деген ой жиі мазалап тұрады. Қазір ауылдық елді мекендерге бара қалған жағдайда ең бірінші кезекте тұрғындардың хал-ахуалы, ондағы әлеуметтік нысандардың жағдайы, олардың жұмысы қалай екенін білуге тырысады.

Облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Мэлс Қосмамбеттен депутат Н.Әмитов туралы айтып беруін сұраған болатынбыз. Аппарат басшысы Н.Әмитовтің тұрақты комиссиялардың  біріккен отырыстарында ұтымды ұсыныстармен шығып, белсенділік танытып жүрген  депутаттардың бірі екенін атап өтті. Сонымен бірге, қайырымдық шараларынан тыс қалмайтын жомарт жан екенін айтты.

Өткен жыл соңында Н.Әмитов «100 жаңа есім» үміткерлерінің қатарында аталды. Әлбетте, оған ұсынған жандар оның медицина саласындағы еңбегін ғана емес, қоғамдық қызметін де ескергені анық. Кейіпкеріміз жыл басында ердің жасы елуге толды. Бұл – ер азаматтың нағыз кемел шағы. Ендеше, Нұридин Егембердіұлының елге қызмет етіп, «депутат – халық қызметшісі» деген атқа лайықты болып, абырой биігінен көріне беретініне сенеміз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, 

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 30 қаңтар 2018 г. 1 197 0