АСАНОВ: "СОТТА АҒАМ БАР, КӨКЕМ БАР" ДЕП ҚОРҚЫТАМЫЗ. СОНДАҒЫ МАҚСАТ - ӘДІЛДІК ЕМЕС

Үйдегі проблемасын сотта шешемін деушілер көбейіп барады. Бұл туралы бүгін сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысына арналған кеңейтілген кеңесте ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтық істер қатты көбейіп келеді, 5 жылда екі есе. 2013 жылы 560 мың болса, былтыр 900 мыңға жетті. Алматының Әуезов ауданында бір судья күніне 12 іс пен материалды  қарайды екен. 4 жылда жүктеме 4 есеге өсті. Судьялар қағазға көмілуде. Адамдарды конвейнерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын. Әр іс бойынша екі тарап. Сонда қарап отырсақ, 900 мың іс болса, кемінде  2 миллиондай адам сот әуресінде жүр. Оған сот аппаратын,  прокурорларды, адвокаттарды, сарапшыларды, сот орындаушыларын қосыңыз. Бұл жалпы бюджетке үлкен салмақ. Ал еліміздің дамуына үлкен кедергі», - деді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, арызданып жүргендер бала-шаға, қалшылдаған қарт емес. Көбісі бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып, елге пайда келтіріп жүргендер. Олар кәсібін ысырып қойып, алтын уақыттарын осындай  соттасуға жұмсауда.

«Бірі меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап  етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Үйдегі проблемасын сотта шешемін деушілер де  көп. Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдай аз емес. Кәсіпкерден «жағдайың қалай?» деп сұрасаң «біреумен соттасып жатырмын» дегенді жиі естисің. Сонда қалай? Табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Қит етсек сол. Екіарадағы дауды сот аренаға шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу мәдениетіміз қайда жоғалып кетті?», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Сонымен қатар сотқа арыз бермей жатып, таныс іздей бастайтындығымызды да сынады.

«Сотта ағам бар, көкем бар деп қорқытамыз. Сондағы мақсат - әділдік емес. Оппоненттен өш алу, абройын айрандай төгу. Сондықтан Елбасымыз дамуымызға кедергі болатын осындай әдеттерден арылуымыз қажет деп шегелеп айтты. Рухани жаңғырамыз десек, соның негізігі бір шарты - осы», - деді ол.    

ҚОҒАМ 27 қаңтар 2018 г. 5 928 0