МҰҢ МЕН ДОСТЫҚ

Біз екеуміздің достығымыз қызық. Жас кезімізде, біреулер «мен досымды ешкімге айырбастамаймын, мәңгі дос болып өтеміз» деп, ант-су ішісіп жататын. Сол кезде, ешкімді  соншалық дос санап көрмеппін. Бірнеше қыздар, балалықтың қиялы болар, «Гулканур» деген ат қойып, (қыздардың аттарының бас буындары) әйдік достықты қалыптастырғандай болдық. Ал қазір сол қыздардың қайда жүргендерін де білмейтін дәрежеге жеттік.
Кейін студент кезімізде, отбасылы болғаннан кейін де қатысатын бірнеше достарым болды. «Қайдасың», «не істеп жатырсың», «құтты болсын», «жақсылық болсын» дейтін достар екен деймін қазір. 
Неге қазір? Өйткені достық  дегенді сен арқылы түсіндім, Болат. Екеуміз облыс әкімі орынбасарының басшылығымен өткен «Денсаулық Фестивалінде» танысып, араластық. Бес мың студентті орталық алаңда билетіп, жұрт көңілін бір көтердің. Іс-шара аяқталды, барлығы тарап кетті. Н.Бекежановтың алдындағы тас үстінде алысқа қарап отырдың. Мен басқа ұйымдастырушы қыздармен бірге, заттарымызды жинап жүрміз. Бір қызымыз, «мына кісі айқайлап, билеймін деп шаршаған-ау» деп күліп алды. Саған қарасам шаршағандай емессің, тек бір мұң бар сияқты жүзіңде.
Кетіп бара жатыр едім, дауысыңды шығарып күліп алдың. (Сөзбен жеткізе алмайтын күлкің бар сенің, Болат.) Екеуміз аялдамаға дейін бірге келіп, бет-бетімізге кеттік. (Қазір ойлап отырсам, көңілсіз) Неше күн жүгіріп, Орталық алаңды билеткен сен де,  іс-шара ұйымдастырған мен де жаяу кетіп барамыз. Қызық, ащы қызық.
Кейін талай іс-шараларды бірге ұйымдастырдық. Қашан шақырсақ та, «мына уақытта барамын» дейтін едің. Кешігіп көрмепсің. Саған сенгеніміз соншалық, бар ауыр жүкті арта салатынымызды сезінбейді де екенбіз ғой. Сен басқа сала, біз басқа сала, бірақ халыққа арналған іс-шара бір болатын.
Осылай араласып жүріп, дос болып кеткенімізді аңғармай қалыппыз. Бірнеше жыл қатар жүріп, жүрегіміз емес, достығымыз жақындасып кетіпті. Екі күн қатар хабарласпай қалсақ, «қайдасыз, Нұреке» деп қоңырау шалатын едің. «Нұреке, Нұрекеден» артыққа бармадың. Кейде кабинетке келіп, менің әйел екенімді ескерместен, ішкі сырыңды ақтарып, талай орындалмай қалған армандарыңды ортаға салатын едің. Қазір ойлап отырсам, Мұқағалидың «Фариза» ақынға мұң шаққанындай ма, қалай?!
Соңғы рет абыржыңқырып келдің. Саған қарауға мұршам болмай жатыр еді. «Жайшылық па?» дегеніме, «Жә, Нұреке, сосын соғармын» дедің де күлдің. Бірақ жүзің сондай шарасыз еді. Мен де кейін айтар деп, үнсіз қалдым. Арада, апта өтпей-ақ жолдасың Айман хабарласып, ауырып қалғаныңды айтты. Жүгіріп жансақтау бөліміне бардым, есің бар екен, «Була» деп қолыңды ұстап едім, алақаның қарысып қалды. Көзің түпсіз тұңғиыққа тартып, бар өміріңді алдыңа әкелдің. Жүзіңнен соның барлығы айқын көрініп тұрды. «Шара жоқ, шара жоқ, шара жоқ» деп жатқандайсың. Сол шара менің де қолымда жоқ болатын. Дәрігерлер шығуымды сұрады. Сәлден соң Айман келді. Ол да кірді, бірақ жаңағы көріністің бірде-бірі жоқ, шыңырауға түсіп ұйықтап кетіпсің. Туыстарың да сенімен қоштаса алмады.
Біздің достығымыз қызық. Біз тілдесіп дос болғанымыз жоқ, біз ұғынысып дос болған екенбіз. Анау адамдардың басында болатын достық емес біздегі, басқаша. Жүзіміз күліп отырып әңгімелессек те, жүрегіміз мұңды болған екен. «Нұреке, сізге әйел деп қарай алмаймын. Сізге келсем, өзгеге айта алмаған айқайымды айтқым келеді» дейтін едің. 
Сен өзің айқайлап жүретін ортаға кеткелі бір күнде түсімнен шықпадың, (өзім де таңғалам) бірақ түсініксіз түстер, анық емес. Енді ойлап отырсам, өзің де анық емес өмір сүрген екенсің. Қаншама жанның қуанышы мен халықтың көңілін көтеріп жүргеніңде, өзіңе ештеңе арнамапсың. Жете алмаған биіктерің болыпты. Қолдан сусып бара жатқан жылдарың мен күндеріңді сағынып, маған келіп мұң шағады екенсің ғой.
Болат Қаржаубаев, Өмір дегеннің қас пен көздің арасы екенін, сен маған ескертіп кеттің.  Сенің үлкен достығың сол. Қалай дейсің бе, өйткені соңғы жүзіңді көрген мен болдым. Өң-жүзіңе бар өмірің жазылып, қимастық деген жазуды маған оқыта білдің. 
Мен қазір шыбынға да артық сөз айтқым келмейді. Өйткені, шыбын-өмір екен сүріп жүргеніміз, әншейін...
Нұржамал ТҰРСЫНБАЕВА.

ҚОҒАМ 01 наурыз 2014 г. 1 275 0