«Қазақстан Халық Банкі» АҚ – өз клиенттерінің игілігі үшін табысты қызмет етіп келе жатқан Қазақстан Республикасындағы аса ірі әмбебап коммерциялық банк. Сонымен бірге еліміздегі ең сенімді әрі қызметі барынша сараланған қаржылық құрылымдардың бірі саналады. Биыл «Халық Банкінің» құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ғасырға жуық жұмыс жасап келе жатқан банк мерейтой қарсаңында игі істер фестивалін ұйымдастыруда. Фестиваль еліміздің 20 өңірінде конькимен тегін сырғанау науқанынан бастау алды.
Бұл шараға «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының 20 өрені де шақырту алып, жақсы көңіл-күймен болатын уақытты асыға күтті. «Мұз айдыны» кешенінде жиналған балалар мен қала тұрғындарының қарасы көп болды. Қаңтар айының 20-21 күні өткен шарада қатысушыларға таңғы 10-нан түнгі 10-ға дейін «Мұз айдынында» сырғанауға мүмкіндік берілді. Тегін сырғанауға келген әрбір ата-ана мен балаларға банк қызметкерлері шараның маңыздылығы жайында айтып, қолдау білдірді. Бұл жөнінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Нұртазаев кеңінен айтып берді.
– Биылғы жыл банк үшін маңызды болмақ. Себебі, банктің құрылғанына 95 жыл толды. Бұл аз уақыт емес. Табысты еңбек етіп келеміз. 2018 жылы мерейтойға орай, түрлі игі шараларды жүзеге асыруды жоспарлаудамыз. Соның бастауы ретінде еліміздің облыс, қала орталықтарында орналасқан «Мұз айдыны» кешенінде тегін сырғанау шарасын ұйымдастырып отырмыз. Қала тұрғындары мен қонақтарына әлеуметтік желі және телеарналардағы жүгіртпе жолдар арқылы хабарландыру тараттық. Нәтижесінде екі күндік шараға 3000-нан астам бала мен жас қатысты. Алдағы уақытта игі істер фестивалі жалғасын таба береді, – деді ол.
Жалпы, банктік мекемелердің қызметі сан алуан. Қазіргі қоғамда банктер әртүрлі операциялармен айналысады. Осы ретте банк экономиканың бір жүйесі болып табылады. Сондықтан елімізде алғашқы жинақ кассасы сонау 1923 жылы, жаңа экономикалық қарым-қатынастар қалыптаса бастаған кезеңде ашылған. Уақыт өте келе мүмкіндіктері артып, ауқымы кеңейді. Бүгінгі күні облыс бойынша банктің 14 басқармасы мен бөлімшелері қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қазақстандықтар үшін әрбір айда түрлі тақырыптарда акциялар өткізеді. Игі істер шарасы спорт, денсаулық, ұлттық салт-дәстүрге байланысты, мәдениет және өнер салаларының тақырыптарына да арналмақ.
«Халық Банктің» халық игілігі үшін ұйымдастырылған іс-шараның нәтижесінде мыңдаған баланың жүзіне күлкі ұялап, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнады. Балалар достарымен, ата-аналарымен бірге мұз айдынына ерте келіп, кезекпен сырғанап, уақыттарын тиімді өткізді. Өз кезегінде ата-аналар да ұйымдастырушыларға игі іс-шараның жоғары деңгейде өтіп жатқандығы туралы айтып, алғысын білдіріп, банк қызметінің аясында тұтынушы үшін барлық жағдай жасалғанын жеткізіп, оң бағасын беріп жатты. Сонымен қатар, қала жастары «Мұз айдынында» тегін серуендеуге мүмкіндік алып, демалыстарын қызықты өткізді. Игі шараға келушілер екі күн ішінде де көптеп жиналды. Бұл «Қазақстан Халық Банкі» АҚ облыстық филиалы ұжымының қала тұрғындарына арналған күтпеген сыйы болды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».