Жергілікті атқарушы биліктің халық алдындағы есепті кездесуі Арал ауданы Қарақұм ауылдық округінде өтті.
Жиын барысында ең алдымен аумақтық учаскелік полиция инспекторы Ж.Тұрсынов пен Қарақұм ауылдық округінің әкімі Мұхтар Бозғұл баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстарды тарқата айтты.
Осы орайда, округ бойынша атқарылған жұмыстарға келсек, өткен жылы аудандық бюджет есебінен Ерімбетжаға елді мекеніндегі көшелер жарықтандырылып, елді мекенде жаңа 50 орындық мектеп пен 20 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, қараша айында пайдалануға берілген.
Атап өту керек, қарақұмдықтар қай салада да нәтижелі жетістіктерге қол жеткізген. Оның ішінде, білім саласы бойынша ҰБТ-ға қатысқан (15) оқушылардың орташа көрсеткіші 82 балды құрап, 2 оқушы «Алтын белгі» иегерлері атанса, 8 оқушы мемлекеттік грантқа қол жеткізген.
Мұнан өзге, Қарқұмның атын шығарып жүрген палуандардың жетістіктері бір төбе. Соның ішінде, 2017 жылдың наурыз айында Орал қаласында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткен ҚР-ның чемпионатында 3-орынды және қараша айында Шымкент қаласында өткен «Жас барыс» чемпионатында 1-орынды иеленген 11-сынып оқушысы Е.Сақтағанов, Қызылорда қаласында өткен «Алтын белбеу» жарысында 1-орынды иемденген С.Шынболатұлы мен Р.Елеуліұлын ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, Қарақұм ауылының тумасы Н.Сәлімгереев «дзюдо» күресінен өткен ҚР-ның чемпионатында 3-орынды иемденіп, Қазақстан құрамасына енді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да жасалған жұмыстар жетерлік. Мәселен, өткен жылы Қарақұм кеңшарының құрылғанының 60 жылдығы мен кеңшарды басқарған Б.Бижановтың 100 жылдығы аудандық дәрежеде өтті. Қарақұм құрылтайына арналған ескерткішке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық клубқа музыкалық құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ, былтырғы жылы өткен есепті кездесу барысында ұсынылған мәселе бойынша, апатты жағдайдағы «Әлеуметтік шиеленіс ошақтары» картасына енгізілген №59 орта мектептің көне үш қабатты ғимараты жеке кәсіпкер Б.Жандаулетовтың көмегімен толықтай бұзылып, кәсіпкер тарапынан ауыл орталығына «Тағзым алаңы» салынып, аялдамалар орнатылып, темір жол жиегіндегі автокөлік жолы тегістелген. Және де округке қарасты Ерімбетжаға елді мекенінде ауыл тұрғындарының асары нәтижесінде жаңа мешіт бой көтерді.
Мемлекеттік бағдарламаларға келер болсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жеке кәсіпкер Н.Мамитанов өз қаражаты есебінен 100 басқа арналған мал бордақылау алаңын салып, мал бордақылау жұмыстарын бастап кетті, қосымша жылқы сатып алуға 6 млн теңге несие алған.
«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Сайлыбек» шаруа қожалығы «Арал Ырысы несие серіктестігі» ЖШС-гі арқылы 10 млн теңге алып, 28 бас аналық сиыр, 1 бас асыл тұқымды бұқа сатып алса, «Жасұлан» шаруа қожалығы 2,5 млн теңге несие алып, 11 бас аналық сиыр және 2 бас асыл тұқымды қазақтың ақ бас сиырының бұқасын сатып алған.
Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында «Ұябай» шаруа қожалығы 14 млн 700 мың теңге несие алып, оған 45 бас аналық бие, 3 бас айғыр сатып алып, мал басын көбейтуде. Жалпы осы мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы 11 шаруа қожалық пен жеке кәсіпкерлер арнайы қаржылық қолдау орталықтарынан жалпы сомасы 55,5 млн теңге несие алып, бүгінгі таңда жұмыстарын жүргізуде.
Осылайша, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы аталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінен өткен 2017 жылы «Қарақұм ауылдық округі» жоғары нәтижеге қол жеткізіп, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Аталған жетістіктерге қол жеткізген қарақұмдықтар одан әрі аудан әкімі М.Оразбаевтың есебіне құлақ түріп, ауқымды істердің атқарылғанына алғыстарын білдіріп, оң баға берді. Жиын соңында ауыл тұрғындары бірқатар мәселелерді де көтеріп, тұшымды жауаптар алды.