Бала кезгі арман жас-жеткіншекті болашаққа жетелейтіні сөзсіз. Әскерден келген ағаларының формаларын көріп, әскери салаға деген қызығушылығы оянған Байдаулет есімді бала ержеткенде алдымен, әскерге барып, Отанымды қорғаймын – деген мақсатын алға қояды.
Уақыт зымырап, Байдаулет Тажибекұлы Қызылорда қаласындағы №7 орта мектебінің 9-сыныбын оқып жүрген жылы Қызылорда қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері, елімізде орналасқан әскери оқу орындар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Толыққанды ақпарат алған Байдаулеттің әскерге бару мақсаты өз алдына – деген оймен әскери мамандықты иегеруге құлшынысы арта түседі.
Б.Таншабек 9-сыныпты тәмамдап, Қызылорда қалалық қорғаныс басқармасы арқылы, әскери оқу-орынға тиісті құжаттарын жинақтайды.
Мақсатына бір баспалдаққа көтерілген Б. Тажибекұлы Қарағанды Республикалық Әскери мектеп-интернатына оқуға қабылданады.
Б.Таншабек мектеп жасынан математика-физика сабақтарын жақсы көріп оқиды. Қарағанды қаласындағы әскери мектеп интернатын үздік бітіріп, оқуын жоғарғы дәрежеде жалғастыру бағытында, Алматы қаласындағы Алматы Құрлық Әскерінің Әскери институтына оқуға тапсырады. Инженер-сапер мамандығы бойынша 1-курсты бітіріп, 2-курсқа өткен жылы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігіне қарасты Кострома қаласындағы «Радиоциондық, химиялық-биологиялық қорғау» академиясына курсанттарды іріктеу жұмысы жүргізіледі. Дене даярлығы мен сабақ үлгерімін жоғары деңгейде көрсетіп жүрген Байдаулет Ресей еліндегі аталған академияның 2-курсына қабылданады. Қазіргі таңда 2-курс курсанты.
Байдаулет Тажибекұлы: «Әкемнің бала күнімнен құлағыма құйып келген ақылының бірі, өмірлік ұраныма айналғандай. Ер жігіттік қасиетіне адал бол! Жігерлі бол! Жасқаншақ болма! Отаңды сүй! Жер - Ананы қадірле деген!».
Сонымен қатар, Қайрат Рысқұлбековтың мына сөзін еш ойымнан шығармаспын: «…Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, көзді жұм да, қойып кет, белді шеш те, кешіп өт…».
Ақылы мен білімін ұштастыра білетін Таншабек Байдаулет Тажибекұлына өмірде, оқуда тек сәт-сапар тілейміз! Сыр елінен шыққан тағы да бір «генерал» болсын.
Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.