Әскерилер баспанамен қамтылады

Қызылорда гарнизонында орналасқан ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдер мен мекемелерде қызмет атқаратын әскери қызметшілерге арналған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын-үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтар болсақ, ҚР ҚК қарасты 10216 «Д» әскери бөлімінде жоғарыда көрсетілген шараның жалғасы өткізілді.

Әскери бөлімге арнайы Қызылорда қаласы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкілдері Ә.Медетбаев пен А.Ізтелеуова шақырылды.

Шара барысында әскери қызметшілер келген қонақтарға баспанамен қамту жүйесі бойынша толғандырып жүрген сұрақтарына жауап ала отырып, пікір алмасты.

10216 «Д» әскери бөлім командирі капитан Б.Қазақбаев: «Мемлекет әскери қызметшілерге өз тараптарынан көптеген әлеуметтік қолдаулар көрсетуде. ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысы – Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев: «Қазақстан өз армиясын мақтан тұтады, оны нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды» - деген болатын.

Осы орайда, қазақ армиясының негізін құрайтын әскери қызмешілер, елдің бейбітшілігімен бірлігін сақтауда, аянбай еңбек етуі тиіс!» - деген пікірін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деген атаумен таныстырылған заң жобасын Парламент Мәжілісінің палата депутаттары мақұлдады.

Заң мақсаты Қарулы Күштердің, әскери прокуратура, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін баспанамен қамту жүйесіне бағытталған. ҚР ҚК әскери қызметкерлеріне әр ай сайын екінші деңгейдегі банктердегі арнайы жеке шоттарына тұрғын үй төлемдерін аудару жоспарлануда. Бұл – әскери қызметкерлерге қазірдің өзінде, яғни қыз-мет өткеру уақытында ипотекалық кредитті пайдаланып тұрғын үйді же-кеменшікке сатып алуға мүмкіндік береді.

Осы бағытта ағымдағы жылдың сәуір, наурыз айларында Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының ұйымдастыруымен өткізілетін «Құқықтық патруль» акциясы аясында әскери заңгерлер облыс көлемінде ауқымды шаралар ұйымдастырады.


Қызылорда облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі

ҚОҒАМ 22 қаңтар 2018 г. 584 0