Қоғам дамуында мәслихаттың жауапкершілігі артып, орны нығайып келеді. Елдегі тұрақтылықты, әлеуметтік ілгерілеушілікті, өндіріс пен шаруашылықты дамытудағы игі істерге бас болуымен бірге, мемлекеттік бағдарламалардың өз деңгейінде жүзеге асуында да халық қалаулыларының үлесі мол болуы тиіс. Бұл орайда, әрине, әр депутаттың белсенділігі, өз сайлаушылары алдындағы сенімнен шығуы, іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетінің жоғары болуы қажет. Қалай айтқанда да, жол бастау да, сөз бастау да оңай емес. Сондықтан аудандық мәслихат депутаттарына ізденісті еңбек етіп, біршама тер төгуге тура келеді.
Өткен жылы Жаңақорған аудандық мәслихат депутаттығына 37 кандидат тіркелсе, оның 15-і сайлаушылар сеніміне ие болды. Сайланған депутаттардың 7-і екінші рет, 8-і алғаш рет сайланғандар. Олардың арасында түрлі мамандық иелері бар. Әрі олардың басым бөлігі еңбекте ысылған, жұртшылық арасында беделге ие азаматтардан құралды.
Сайланғаннан соңғы бесінші шақырылған аудандық мәслихаттың сессиясында депутаттар өз міндеттерін белгілеп, оны атқаруға белсене кірісті. Олардың арасында «білім беру, денсаулық, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау және табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану, заңдылық, азаматтардың құқықтарын қорғау және құқықтық тәртіп жөніндегі тұрақты комиссияның» төрағасы міндетін атқарып келе жатқан депутат Сәулебек Ысқақовтың талапқа сай қызмет атқарып келе жатқандығын айтқан жөн. Бұрын да облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған, ал аудандық мәслихат депутаттығына қатарынан екі рет сенім білдірілген азамат өз жауапкершілігін жоғары деңгейде сезініп, тиісті ұйымдастыру жұмыстарын атқарып келеді. Сол секілді, «бюджет, экономика, құрылыс, өнеркәсіп, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық, сауда және халыққа қызмет көрсету» тұрақты комиссиясының төрағасы Тұрдалы Қалдыбаев та сенімнен көрініп келеді. Бұл азаматтар тиісті жұмыстарымен қатар тың ұсыныстар, жаңа идеяларды өрістететін табандылығымен ерекшеленеді.
– Халық қалаулыларының өз сайлаушылары алдында есеп беруінің жолға қойылуы депутаттарды халықпен тығыз байланысқа түсіріп, олардың атқарған істерінің жариялылығын арттырды. Әр округтен сайланған депутаттарымыз 3-4-тен сайлаушылармен кездесті. Өздерінің атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Бұл екі жағдай да пайдалылығымен құнды. Оның үстіне сессияға дейінгі тұрақты комиссия отырысына дайындалатын материалдарды сапалы дайындау үшін кеңесе отырып, жадауыл дайындауды қолға алдық. Осыған сай арнайы жұмысшы тобы құрылады. Оның отырыстарында ұсынылған мәселелер жан-жақты зерттеліп, талқыланады. Бұл өз кезегінде сессияда қаралатын мәселенің мәнін тереңдетіп, шынайы тұрғыда шешімге келуге мүмкіндік береді, – дейді өз әңгімесінде Жаңақорған аудандық мәслихатының хатшысы Алмасбек Нәлібаев.
Өткен жылдан осы мерзімге дейін аудандық мәслихаттың 17 рет сессиясы өткізілді. Оның 5-і кезекті болса, қалған 12-і кезектен тыс шақырылды. Сессияларда 2012-2014 жылдарға арналған бюджетке 12 рет өзгерістер енгізіліпті. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының даму бағдарламасына тиісті өзгерістер, аудан әкімі жанындағы комиссиялардың ұсыныстарына сай, түрлі мәселелер қаралып, арнайы шешімдер шығарылды. Атап айтқанда, «Ауданда дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың жайы және оны жақсартудың шаралары туралы», «Аудан халқын ауыз сумен қамтамасыз етудің және аудандағы ішкі автомобиль жолдарының жайы туралы» тиісті бөлім басшыларының есептері тыңдалды. Жан-жақты талқылаудан соң, тиісті шешім қабылданып, қадағалауға алынды.
Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауының мәні әр кездесулерде терең түсіндірілуі өз пайдалылығын көрсетті. Айтылған ұсыныс-пікірлер мәслихатта жинақталып, кейбірі сессияның қарауына ұсынылып, оң шешімін тауып жатқандығы да бар. Аудан әкімшілігімен бірлесіп жұмыс жүргізу оңтүстіктегі аудан үшін тиімді өзгерістерге жол ашқандығын да айтқан жөн. Жергілікті атқарушы орынның мүмкіншілігінен жоғары облыс әкімшілігіне, облыстық басқармалар мен департаменттерге жолдану арқылы да оң шешім таба береді.
Соңғы сайланған депутаттар арасында №1 Сунақата ауылдық округінен сайланған халық қалаулысы Ақылбек Жәнібеков ауылға аяқ су әкелетін каналдарды тазалауға, ал №2 Төменарық сайлау округіндегі депутат Нарымбет Көлжановтың ұсынысымен ауылда жаңа балабақша ашуға және №233 мектеп жанындағы интернатты жөндеуге де өзіндік ықпалы тиді.
Ал №3 Сүттіқұдық ауылдық округінен сайланған депутат Мақсұт Жайсаңбаевтың араласуымен «Құттықожа» елді мекенін электрмен жарықтандыру үшін қосымша трансформатор қою және ескі желілерді ауыстыруға қол жеткізілді. Елге сыйлы азаматтың бірі, депутат Рақымбаба Құтыбаев Қыраш аулынан жаңа мектеп ғимаратын салуға, Талғат Мамуов Манап аулынан клуб үйі құрылысының жылдамдатылуына, ал Құлмағанбет Исаханов Қаратөбеден әкімшілік кеңсесін салуға сөз жәрдем жасасты. Ел сеніміне ие болған азаматтарымыз Нұрлыбай Қалжанов, Серік Ибрагимов, Әлібек Нәлібаев, Асылхан Шайыхов, Серік Абдуллаев, Бақытжан Абдуллаевтар сайлауалды бағдарламаларының іске асуына мұрындық болып, көпшіліктен қолдау тауып жүр.
Аудандық мәслихат жанында соңғы бес жыл көлемінде «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің фракция тобы жұмыс істейді. Онда келелі мәселелер қаралып, дұрыс шешім табуда. Бүгінде өндіріс орындары мен халықтық құрылыстарда, халыққа қызмет көрсететін орындардың барлығында партиялық бақылау бекеттері орналастырылып, топ мүшелігіне сол саланың нағыз мамандары тартылды. Олар мемлекет тарапынан бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына назар аударады.
«Депутат – халық қызметшісі» десек, олардың ел сеніміне сай белсенді жұмыс істеуі жауапкершілікті сезіну барысында үлгі болмақ.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.