Түгіскен алқабының түлеуі

Сыр өңірінің жалпы даму барысы жағынан еліміздегі алғашқы орындардағы аймақ екендігі осы өңірдің тумалары біз үшін үлкен мақтаныш! Облысымыздың орталығы – Қызылорда қаласы да қарқынды өсіп, сәулеттеніп келеді. 

Аудандар атакәсіп – ауыл шаруашылығымен қоса, өнеркәсіпке де ден қойды. Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдан астам уақыт аралығында еліміздің әр өңірінің өсуі мен дамуы аса маңызды. Бұл ретте елдің жаңаруын рухани жаңғырумен қатар түлетіп, тарих беттерінен аз-кем дүниелерді жадымызға және бір түйіп өту бүгіннің баянын айқындай түседі деп білеміз. Сондықтан да, біз бүгінгі әңгімемізде Жаңақорған ауданындағы Түгіскен алқабының игерілу тарихы туралы сөз қозғап, оны аймақтың бүгінгі өркендеуіне жалғастырсақ дейміз.

Түгіскен – Сырдарияның сол жағалауындағы шұрайлы аймақ. Нешеме жылдар бойы тыңайған өңірдің бір кемшілігі ағын су мәселесі еді. Алайда, қарт кісінің маңдайындағы қатпарлы әжімі секілді кең даланы ойқастай тілгілеген арық-жыралардың көптеп кездесуі бұл жерде ілгеріде адамдар өмір сүріп, тіршілік еткендігін білдірсе керек-ті. Сол тусыраған жерді игеруді ақылы асқан, ойы жүйрік туған жер перзенттері нешеме діттегенімен, оның орайлы сәті өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында ғана жүзеге асырыла бастады. Мұнда суландыруға жарамды 60 мың гектардан астам жер бар екені ертеде болжанғанымен, тыңға түрен бертінде ғана салынды.

1966 жылдың қаңтарында Жаңақорған ауданы Шиелі ауданынан енші алып, өз алдына отау тікті. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне Шәймерден Бакиров жолдас бекітілді. Міне, осы кезең біз әңгіме еткелі отырған Түгіскен массивін игерудің анық қызған шағымен тұспа-тұс келеді. Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұстахим Ықсановтың бастамасымен Түгіскен алқабын игеруге арнайы қаулы қабылданып, облыстық атқару комитеті тарапынан қыруар қаржы бөлінді. Дегенде, тың жерді игеру 60 жылдардың басынан сөз болып, ішінара жұмыстар жүргізіліп келген-ді. Жаңақорған мен Шиелі бір аудан құрамында болған жылдары аудан басшысы Байбол Сопбеков, кейіннен Ғафур Мұхамеджанов бұл тақырыпты алқалы жиындарда жиі сөз етісіп жүрсе керек.

Енді мен өз көзіммен көргенімді ортаға салайын. Бір мың тоғыз жүз алпыс бесінші жылдың күзі, қараша айының ортасында сонау қиырдағы Қандөздің адамдарын алыстан естілген ересен гүріл үрейлендірді. Күн орнына отыра бастаған шақ еді, тұрғындардың кешкілік малын енді жайғап бола бергендері сол еді, солтүстік батыс жақтан шыққан жаңағы зор дыбыс ұлғайып, бірте-бірте ауылға жақындай түсті. Әуелгіде аңтарылған жұртшылық: «Келе жатқан көп танк па?» дегендей айран-асыр күй танытқандай. Осы күндері ойлансам, сол уақыт жұрттың 1941-1945 жылдардағы сұм соғыстың зардабынан әлі арыла алмаған, жан жарасы жазылмаған ауырлау шақ екен-ау, әлгіндей жаман ойға жетелеген, әрине, соғыс салған ұмытылмас зардаптың әсері болса керек. Майдан түтінін жұтып, қан кешіп келген бұрынғы жауынгерлердің де қарасы ел ішінде мол болатын ол уақытта. Ақын Жұбан Молдағалиевтің: «Мың өліп, мың тірілген қазақ» дейтіні осындай уақиғалардың жиынтығынан айтылған болар, сірә!

Иә, сәлден соң-ақ қара жолмен шойқалақтаған жүк машинасы ауыл ортасына келіп тоқтады. Сөйтсек, бұлар шынжыр табанды көп тракторды бастап келе жатқан жолбасшылары болды. Бұл – қызылдың бергі етегіндегі тусыраған тың даланы суландыруға, құнарлы жерді игеруге бағытталған, бертіндегі әйгілі «Түгіскен» каналын қазу жұмыстарының алғашқы басталар сәті. Біз ол кезде 5-6 сыныптың мектеп оқушыларымыз ғой, маңызды мәселенің шешімі осылай өріс алғандығын кейінірек сезіндік, алғашқы кезде бізге гүрілдеген трактор мен қаз мойынды экскаваторларды көру, орысша сөйлеген бөтен түсті кісілердің жүріс-тұрысы таңсық болғаны рас.

Түгіскеннің тусыраған тың жерін суландыру жұмысын әуелгіде Қазан төңкерісінен кейін Раушан Әбенқожаев деген елжанды азамат ұйымдастырған екен. Өзі жастайынан білім қуып, Ленинградтың су шаруашылығы институтын тәмамдаған, кейіннен Тәшкендегі адвокаттар дайындайтын мектепті бітірген, Орталық Азия бюросында жауапты қызметтер атқарған білімді адам. Жоғарғы жақтарда қызмет атқара жүріп, картадан қазақтың кең даласының бір кездері бау-бақшасы жайнаған, мыңғырған малы болған керемет өлке болғандығын зердесіне тоқи берсе керек. Тәшкендегі қызметінде жүріп, сол кезеңдердегі картаны да көрген дей ме, әйтеуір, қағаз жүзінде бұл жердің болашағына жетік болғанға ұқсайды.

Ол 1921 жылы елге келіп, Түгіскен алқабын бірнеше күн жаяу-жалпы, атпен аралап шығып, кең өлкені суландыратын болашақ арықтың сағасын қай тұстан алуға болатынын картаға белгілейді. Бұл Сырдария өзенінің орақ секілді оратыла келіп, кең жазықты дала иініне жанасатын тұсы – Қандөздің маңы. Әрі қарай жүре берсеңіз, қызылыңыз да алыс емес. Су арнасының қалай бағыт алатынын, қай жерде терең қазылып, қай жерде жиегінің көтерілетініне дейін жүйелеп қағазға түсіреді. Осы мақсатты берік ойына түйген қайран ер көп ұзамай канал қазу жұмысын асарлата бастап та жібереді. Сол кездегі деректерге қарағанда әр ауылдан жалпы жиыны мыңға тарта ауыл адамдары осы жұмысқа жұмылдырылған көрінеді. Сауатты да көпшіл Раушан түркістандық Нұрмағанбеттің Қалжаны деген байды арық қазып жатқан адамдарға азық-түлікпен, басқа да заттармен көмек көрсетуге көндіреді. Бай да мәрттігін көрсетіп, алғашқы күні-ақ қырық қап ұн мен қант, шәй, ет пен май жеткізіп береді. Осы көмегін ол қажеттілікке сай, арық қазу жұмысы барысында үзбей жалғастырып отырады.

Айналдырған үш-төрт айда арықтың ұзындығы 20 шақырымға иек артып, осы алқаптағы көптеген жерді суландыруға мүмкіндік туады. Алайда, күтпеген жерден кетпеншілер арасынан жұқпалы ауру шығады да, адамдар ыдырап, арық қазу жұмысы соңыра біржола тоқтап тынады. Раушанның өзі ауыр науқасқа шалдығып, жастай өмірден өтіп кетеді. Ол қаздырған арықты ел «Раушан арық» атайды. Содан бері де талай уақыт өтті ғой, сол арықтың сұлбасы әлі күнге бар. Қандөз ауылының тұсынан бастау алатын арық 3-4

шақырым созыла барып, Қашқанкөлге құлайды. Осы аралықтағы отырықшы ел қауын-қарбызы мен тарысын егіп, диқаншылықпен нәпақасын алған көрінеді. Арық-атыздардың іздері мен сол маңдағы жер кепе, өлшектердің орындары біздің бала кезімізде ап-анық білініп жататын-ды. Осы бір жолдарды елжірей жазатын себебім, қалам ұстаған мына пақырыңыз кезінде «Раушан арықтың» бойында талай қозы-лақ қуып, бұзау қайырып, есек көкпар тартып, сай-сала мен арық-атыздан олай-былай шапқылаған көп қара баланың бірі... Содан да болар, Түгіскен алқабының қайта түлеуі, ол маңға елдің қайта қоныстануы жерлестерім секілді маған да ерекше жақын, соншалықты ыстық.

Елбасының маңызы мен мәні өте жоғары, әр адамға ерекше жақын «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсетті. Сондықтан көне тарихқа тағы бір шолу жасаудың артықтығы жоқ секілді.

Ілгерідегілердің айтуынша, ертеректе дарияның батыс жағалауын жаппай ел жайлаған екен, Түркістанның тұсындағы «Бұзық» қорғанынан бастап, дарияның теңізге құярлығына дейін қоныстанған жұрт арасы үзілмеген деседі. Шалқи аққан дария маңына адамдар егін ексе, жылға-жылға арықтар бойына бау-бақша салып, шаруашылығын күйттеген, бейнетпен несібесін терген көрінеді. Кейіннен Ұлы дарияның неден секемденгенін кім білсін, бір түнде оңға қарай аунап түсіп, мол су жаңа арна қазып, тау беткейіне қарай жөңки жөнеліпті. Сусыз қалған бұл маң біртіндеп құрғақшылыққа ұшырапты. Ел де көшіп, сулы жерге ауыпты. Содан бері де неше ғасыр артта қалып, тарих көнерді емес пе?! Сол тың жерлерді ел игілігіне пайдалану барысындағы өткен ғасырдың 60- жылдарының ортасындағы екінші талпыныс араға жарты ғасыр салып, қайталанып отырса керек. Әлгі гүрілдеген шынжыр табанды тракторлар Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының шекарасындағы Қандөз бен Көктөбеге осылай табан тіреген-ді.

Түгіскен алқабын суландыратын «Келінтөбе» каналының сағасы Көктөбе ауылының тұсынан алынды. Сағаның арғы беті «Үш қайық» аталатын-ды. Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Үш қайық ауылдық кеңесінің орталығы да сол жерге жақын маңда еді. Тың жерді игеруді облыс, аудан қолға алған соң, магистральды канал қазу жұмысының еңсеріліп жүре бергені анық. Массивті игеруге қатысты арнайы штаб құрылып, оның басшылығына аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы З.Мұсаханов бекітіледі. Сондай-ақ, оның жанына білікті мамандарды топтастырып, жүйелі жұмысты жолға қояды. Облыс басшылығы қадағалауымен канал қазу жұмысына 75 С-100 тракторы, 20 скрепер, 50 экскаватор, 100-ге тарта жүк көлігі жұмылдырылды. Және де бұған бірнеше ПМК мекемелері өз техникаларын қосты. Осындай үлкен ұйымдастыру жұмысының нәтижесінде алғашқы жылы 35 шақырым канал қазылса, одан кейінгі екі жыл ішінде «Келінтөбе» каналының жалпы ұзындығы 80 шақырымға жеткізілді. Тың жерлерге осы каналдан бастау алатын бірнеше су жүйелері тартылып, халық игілігі үшін игеріле бастады. Сөзі уәлі, елге сыйлы ел ағалары көрші Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан жақты жағалап, ілгергі кезде сол жаққа қоныс аударған ағайынды үгіттеп, елге қайта оралуға шақырды. Алғашқы ашылған шаруашылық Келінтөбе кеңшарына батыс өлкесінен 230 отбасы көшіп келіп, қызу шаруаға кірісті. Олардың көбісі адайлар болатын-ды. Совхоз директорлығына тағайындалған Жұмағали Атабаев, партком хатшысы Сүлеймен Әлиевтердің сол кездегі жанкешті еңбегі шаруашылықтың қомдануына жол ашты деп сеніммен айта аламыз. Аталған шаруашылық алғашқы жылы 200 гектар жерге күріш ексе, келер жылы оның көлемін 550 гектарға жеткізіп,

әр гектардан орташа 50 центнерден өнім жинады. Бұл Түгіскен алқабының болашағы жарқын, келешегі кемел екендігіне нық сенім арттырған бастама еді.

1966 жылдан бастап, ұзына созылған «Түгіскен» каналының бойынан егін шаруашылығымен шұғыл-данатын тағы да 5 бірдей кеңшар ірге көтерді. Олар: Түгіскен, КПСС-тің ХХІІІ съез атындағы кеңшар, «Өзгент» және «Задария» шаруашылықтары. Бұл қатарға 1972 жылы мал шаруашылығымен айналысатын «Түркістан» совхозының базасынан бөлінген КПСС-тің ХХІV съезд атындағы кеңшары қосылды. Оның орталығы болып Қаратөбе елді мекені белгіленді. Аталар армандаған аманат біртіндеп жүзеге асып, Түгіскен алқабында жайылымдық жерлерден тыс егіншілікке жарамды 60 000 гектар жердің 30 000 гектары инженерлік жүйеден өткізілді. Бұл дақылдың агротехникалық ауыспалы егіс тәсілін қолайлы пайдалануға жол ашқаны сөзсіз. Егіс танаптарында ауыспалы егіс тәсілі арқылы дәнді дақылдармен қатар, мал азығы үшін құнарлы екпе шөпті өсіруге және жердің құнарлылығын арттыратын тиімді жүйені пайдалануға мүмкіндік мол болмақ. Солай жүзеге асырылды да. Осы ретте ресми тіркелген мәліметтерге көз жүгіртсек, ол былай өрілер еді: Ауданда егіс көлемі 1966 жылы 13500 гектар болса, 1980 жылы жалпы егіс көлемі 32700 гектарға жеткізіліп, оның ішіндегі дәнді дақылдар көлемі 17400 гектарға ұлғайтылды. Ал күріштің көлемі 13500 гектарға жетті. Жоңышқаның көлемі 12900 гектар болатын-ды. Оның әр гектарынан орташа 60 центнерден өнім алынғанда, тау-тау жоңышқа шөбі жиналды. Оңтүстік өңірлерден қайта қоныс аударған елдің әлеуеті шаруашылықтардағы оңды жұмыстар нәтижесінде көтеріліп, тұрмыстық жағдайлары да артты. Көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Солардың бірқатары әлі күнге халыққа қызмет етіп келеді.

Осы жерде түйінді бір ой айтсақ: ол – адам асыққанмен заман асықпайды, тарих ертелі-кеш бір қайталанады екен дегенді жеткізу еді. Осыдан жүз жыл бұрын Раушанқожаның асарлата арық қаздырып әуреленгені, онан бергі, мақала авторы баяндағандай, кеңес үкіметінің жаңа шаруашылықтар ашу мақсатында 60-жылдардың ортасында алып тракторлар мен қуатты экскаваторлар әкеліп, «Түгіскен» каналын қаза бастауының барлығы да бұрынғы иен даланың терең тарихына, ертеректе Құмиян аталған кең даланың қыртысты қатпарының тікелей жалғасы болар. Яғни, тарихтың қайталанып тұратындығы рас болғаны. Бұл өңірдегі тың жерді суландыру мен мұнда елдің қайта оралуы, ірі шаруашылықтардың орнығуы, расында, Құмиян даласы мен Құмиян қаласының тарихымен тікелей қатысты.

Ал Құмиян қаласы туралы не білеміз? Бұл – Сырдарияның батыс беткейіндегі Жаңақорған ауданының Қандөз, Қаратөбе, Келінтөбе ауылдарына отыз шақырым шамалас қашықтықта орналасқан ежелгі қала орны. ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы дария жағасында тіршілік еткен қала дейді тарих шежіресі. Ежелгі қала орнын біз мектеп оқушыларының экскурсиясы кезінде көрген едік. 1966 жыл. Ауылдан қашықтығы 25-30 шақырым шамасында болса керек, әйтеуір жүк көлігімен сәскеде шығып, түс әлетінде Құмиянның орнына жеткеніміз бар. Хайрулла, Өтеген, Әбдіқалық ағайларымыз бастап барған сол саяхат кезінде қала қорғанының биіктігі 5-6 метр шамалас секілді еді де, үстінен жүк көлігі еркін жүретіндей кеңдігі есімде қалыпты. Ағайлар тарихқа – қатысты бірталай әңгіме айтты. Айтпақшы, «Байқаңдар, бұл жерді ордалы жылан мекендеген деген аңыз да бар» деп сақтандырғандары еске түседі. Қала туралы кейінгі жинақталған деректерде Құмиянның төртбұрышты қамал қала екені айтылады. «Аумағы – 210х180 м. Қорғанның құрылыс жүйесіне қарағанда төрт жағында бес-бестен мұнара болған. Мұнаралардың арасы – 3,5 м. Қақпасы оңтүстік-шығысында. Қорғанның сыртын айналдыра қазылған ені-8 м, тереңдігі 1,5-2 м ор бар. Құмиянның ортасында көлемі 45x45 м цитаделі сақталған. Алайда, екеуінің ішінде ешбір құрылыстың ізі байқалмайды. Дегенмен, солтүстік-батыс жағындағы бұрышта шағын ғана төбенің орны байқалады. Соған қарағанда шаһристан ішінде құрылыс

жүйелері болған деген ой тудырады». Қазба жұмыстары кезінде табылған ыдыстардың өрнегі Отырар қаласынан табылған ыдыс өрнектеріне ұқсастығы да бір сәйкестіктерді білдірсе керек. Мұның анық-қанығын зерттеу жұмыстары арқылы ғана айыруға болар деп ойлаймыз.

Міне, аталар аманатын арқалаған ұрпақ ХХІ ғасырдың алғашқы екі он жылын да дөңгелете, тарих қойнауына ысыруға айналды. Баяғы қу мекиен даланың қазіргі келбеті қалай, «Түгіскен» каналы қазыла бастап, бұл жерлерге халық қоныстанғалы де әне-міне дегенше, жарты ғасыр өте шығыпты ғой. 2017 жылдың бірінші жарты жылдығының есебімен алғанда, Жаңақорған ауданына қарасты 26 ауылдық округтің сол жақ жағалауында, яғни, Түгіскен алқабында 15 елді мекен орныққан. Олар 11 ауылдық округ арқылы қамтылған. Бұл аймақта 30 мыңға тарта халық тұрады. Тәуелсіз Қазақстанымыздың, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясаты нәтижесінде қазір аталған өңірде 14 денсаулық сақтау ұйымы, 14 мектеп, 10 жеке балабақша, 12 мемлекеттік балабақша, 12 клуб, 13 кітапхана халыққа қызмет көрсетеді.

Байкенже аталатын ауылдық округіндегі «Хорасан-1», «Хорасан-2» уран кеніштерінен «Байкен-U», «Қызылқұм» ЖШС-лары уран өндірсе, қалған ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы дамыған. Аудандағы негізгі дақыл болып саналатын күріш осы аймақта егіледі. Биылғы жылы онда Сыр маржанының көлемі 9967 гектарға орналастырылды. Аудандағы ірі қара малдың 54,1, қой мен ешкінің 22, жылқының 67,1, түйенің 39 пайызы осы аймақта өсіріледі. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдейтін әртүрлі 33 цех пен диірмен жұмыс істейді.

«Ақ бұлақ» бағдарламасымен «Түгіскен елді мекенінің ауыз су жүйелерін кеңейту және қайта құру» жұмыстарына республикалық бюджеттен барлығы 543,5 млн теңге бөлініп, ұзындығы 83,9 км су жүйелері жүргізілді. 2 бас су қоймасы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің батыс бетіндегі елді мекендерді «Талап-Сырдария» топтық су құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде, магистарльды құбырдың бір шеті Көктөбе елді мекеніне, екінші шеті Байкенже ауылына дейін тартылды. Алдағы уақытта елді мекендерді осы топтық су құбырына қосу жұмыстары жүргізіледі.

Адамды алдағы күндері үмітке жетелесе, өткен күндері тарихқа айналады. Тарих адам қолымен осылай жасалады. Түгіскен алқабының қайта түлеуіне сеп болған асыл адамдардың еңбегі әркез ел жадында жаттаулы.

Иә, Түгіскен алқабының қайта жандануына атсалысқан ұрпақ балаларының өзі бұл күндері үлкен шаңырақ иелері. Бақытты өмірінің қадірін бағалайтын олар Қазақстанның өркендеуіне үлестерін қосып, тіршілік ету үстінде.


Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ҚОҒАМ 20 қаңтар 2018 г. 882 0