Бірлескен Істе береке болады

Еліміз үшін де, қоғам үшін де үнемі алға қойған мақсат-міндеттерді електен өткізіп, екшеп отыру өте маңызды. Бұл орайда, Мемлекет басшысының әр жылғы халыққа жолдайтын Жолдауы осы үдеден шығып келеді. Елбасының биылғы Жолдауында елді дамытудың нақты жолдары, ресурстар мен мүмкіндіктері көрсетілген. Ендігі баршамыздың басты міндетіміз – Елбасы алдымызға қойған тапсырмаларды тиянақты зерттеп, іске асыру.

Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту жөнінде нақты міндет жүктеді. Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуі тиіс. Президент «Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын», – деп атап көрсетті. Сонымен бірге, жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді енгізу, ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек.

Бүгінде «Жан-Арай» агроөнеркәсіптік кешені тәулігіне 80 тонна құрама жем, 150 тонна күріш өңдейді, құс шаруашылығын жүргізеді. Зауытта 250-ге жуық адам жұмыс істейді. Шикізатты және дайын өнімді сақтау үшін қоймалар бар, зертхана және өлшеп-орау бойынша цех бар. Дәнді дақылдар қалдықтары құрама жемге қосылады. Қажетті шикізат – күріш, бидай, күнбағыс және жүгеріні жергілікті ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер өсіреді. Құрама жем неміс технологиясы бойынша өндірілуде.

Бүгінгі күні аймақтың мал шаруашылығы жылына 60 мың тонна жем-шөп тұтынады. Зауыт сұраныстың жартысын жабады. Бірақ, мал саны жыл сайын өсуде, онда бұл зауыттың қуаты барлық сұранысты жабу үшін жетпейді. Сондықтан, осындай өндірістерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың санын көбейту керек болады.

Біздің агрокешен мал шаруашылығының дамуына ғана ықпал етпейді, сонымен қатар, құс шаруа-шылығының дамуына да жұмыс жүргізуде. Өңірдегі алғашқылардың бірі болып үйрек пен қаз өсіру қолға алынған. Өткен жылы құрылған «Жан-Арай» кооперативіне сегіз жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы кіреді. Қазіргі кезеңде кооператив 7 мың қаз, үйрек өсіріп, болашақта балапандарын халыққа сатуға ниетті.

Жалпы, Елбасы Жолдауында көрсетілген барлық он бағыт бүгінгі күннің талабымен үндес болып отырғаны көңіл қуантады. Барлық салаларында қолға алынатын жаңа үрдістердің ел үшін берері көп. Енді бізді Президент жариялаған басты құжаттағы тапсырмаларды тиянақты жүзеге асырып, жаңарудың, жаңғырудың, экономикалық өрлеудің жаңа сатыларын бағындыру межесі күтіп тұр. Бірлескен жерде береке болатынын ескерсек, еліміздің гүлденуі әрі қарай жалғасатыны сөзсіз.


Бақдәулет МАХАШОВ,

«Жан-Арай» ЖШС директоры,

облыстық мәслихат депутаты.

ҚОҒАМ 20 қаңтар 2018 г. 597 0