ЖАҢА САПА – жаңа міндет

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын барша қазақстандықтар асыға күтеді. Себебі, әртүрлі саладағы жаңа өзгерістер тың серпін әкеліп, кез келген істе нық қадам басуға жетелейді.
Қызылорда қаласындағы №197 қазақ орта мектебінде жалпы ұстаздар қауымы арасында Жолдауға қолдау көрсету мақсатында жиналыс өткізілді. Білім берушілерге Жолдаудың он бағыты таныстырылып, ол жан-жақты талқыланды.
Биылғы Жолдауда жалпы білім саласына қатысты көптеген өзгерістер өз өміршеңдігі тұрғысынан бізді қуантады. Өркениетті елдер қатарына қосылып, ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ,  заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс дегенді Мемлекет басшысы баса айтқан болатын. Ол үшін, расында да, барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетуді талап етеді.
Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы тиіс. Осы ретте орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатыны жоспарланған. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар.
Елбасы өз Жолдауында осыған сәйкес мұғалім мәр­тебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап 30 процентке көбейтуді тапсырды. Ал жаңартылған маз­мұн дегеніміз – халықаралық стан­дарттарға сай келетін және «Назарбаев зият­кер­лік мектептерінде» бейім­делу­ден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біз­дің балаларымызға қажетті функ­ционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттырары даусыз. Сондай-ақ, педагогтарды өздерін      ұдайы жетілдіруге ынталандырып, нәтижесінде олардың біліктілігінің расталуына байланысты жалақысын тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өсіру көзделген.  
Мектептің жүрегі саналған ұстаздар қауымы Елбасының Жолдауына біркісідей қолдау көрсетіп, оның жүзеге асуына әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.
Сабила РАХЫМШАЕВА,
Қызылорда қаласындағы №197 қазақ орта мектебінің директоры.
ҚОҒАМ 21 қаңтар 2018 г. 537 0