Елбасы өз Жолдауында: «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді»,– деген еді. Сондай-ақ, кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеуге де баса назар аударылғаны белгілі.
Бұл тұрғыда Жақсықылыш кентіндегі халықты жұмыспен қамтып отырған ірі өндіріс орны «Аралтұз» акционерлік қоғамы бірқатар игі істерді тындыруда. Біршама уақыт бұрын «Аралтұзда» қайта құру жұмыстары атқарылып, өндiрiске «тұзды екiншi рет байыту» технологиясы енгiзiлді. Қазіргі уақытта тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру шаралары талапқа сай, жоғары деңгейде жүзеге асуда. Жаңа инвестордың келуі «Аралтұз» АҚ өміріне өзгеріс әкелді. Оған қоса, Елбасы қолдауымен жүзеге асқан индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – бизнесті дамытуға зор әсер етуде. Кәсіпорында ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту жобасының іске қосылуы – сөзіміздің айқын айғағы. Тұз өндіруге арналған испаниялық «Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.» компаниясының құрал-жабдықтары алынды. Осылайша, жаңа зауыттың іске қосылуымен еңбек өнімділігі 1,7 есеге дейін ұлғайды. Өткен жылы аталған қоғамда 1200-ге жуық адам еңбек етті.
Жолдауда айтылған адами капитал – жаңғырудың негізі, білім берудің жаңа сапасын қалыптастыру, жаңа бағдарламалар бойынша қайта оқыған мұғалімдер жалақысын 30-50 процентке арттыру, сапалы жұмыспен қамту, үздік денсаулық сақтау ісі, дені сау ұлт қоғамның басты байлығы екені басы ашық жайт. Кенттегі №19 орта мектепті 2016-2017 оқу жылында бітірген түлектер арасынан төрт оқушы «Алтын белгі», бірқатар шәкірт жоғары оқу орындарының, «Серпін» бағдарламасы гранттарын иеленді. Сонымен қатар, мектептегі деңгейлік курс бітірген мұғалімдер жаңартылған білім беру жағдайында «Ізденіс және нәтиже» атты аудандық семинар өткізді. Семинар жұмысы гуманитарлық және жаратылыстану бағытында жүрді. «Жақсықылыш» дәрігерлік амбулаториясының ұжымы халық денсаулығын нығайту жолында мейлінше сапалы қызмет жасауда. Сайып келгенде, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда атқарылатын шаралар жан-жақты пысықтала беретін болады.
Мирамкүл ЖАЛҒАСБАЕВА,
Жақсықылыш кентінің әкімі.
Арал ауданы.