ӨРГЕ ӨРЛЕТЕР ӨЗЕКТІ ІСТЕР КӨП

Күні кеше басталған Арал ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі ең алдымен ауданға қарасты Қосаман ауылдық округінде өтті. Жиынға Қызылорда облыстық ветеринарлық бақылау басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов, жергілікті мекеме қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен еңбек ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жергілікті жұртшылықпен өткен кездесуде алғашқы болып Қосаман ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Қуаныш Дінібаев есеп берді.
Одан әрі, ауылдық округ әкімі Ерлан Саттаров өткен жылдың қорытындысын баяндап өтті. Белгілі болғандай, 2017 жылы Қосаман ауылдық округі бойынша мүлік, жер, көлік салығы 100 пайызға орындалған. Негізінен мал шаруашылығын қолға алған округтегі мал басының санына келер болсақ, мүйізді ірі қара 995 бас, уақ мал 1038 бас, жылқы 2187 бас және түйе 1642 басты құрайды.
Айта кету керек, өткен жылы Қосаманда жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл көшелеріне 18 бағана орнатылып, оны күтіп ұстау шығындарына қосымша аудандық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұған қоса, Ақеспе ауылының шекарасын кеңейту мақсатында аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жалпы 614 гектар болып өзгертілсе, кеңейтілген жерге көшкен ауыл тұрғындарына 800 метр ауыз су жеткізіліп, пайдалануға берілген.
Осылайша тауық жылын табысты өткерген қосамандықтар одан әрі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың есебін тыңдады.
Аудан басшысы жыл қорытындысына кіріспес бұрын Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына тоқталып өтті.
Ауданға өткен жылы 8,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 2016 жылмен салыстырғанда 2,1 есеге артқан.
Ауданға салынған инвестицияның басым бөлігі, яғни, 5,0 млрд теңгесі ауданға қарасты елді мекендерге тартылып, негізінен: өнеркәсіп, көлік, білім беру және денсаулық сақтау салаларына бағытталса, өнеркәсіп орындары 8,2 млрд теңгенің өнімдерін өндіріп, салыстырмалы уақытта нақты көлем индексі 102,8 пайызды құрап отыр.
Аудан әкімі осы және өзге де салаларға тоқталып, биыл қолға алынуы тиіс жұмыстарды да атап өтті. Мәселен, биыл 2017-2019 жылдарға арналған Арал ауданы экономикасын дамытудың Жол картасының орындалуын қамтамасыз ету тиіс. Сонымен қатар, ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту және тұрақты жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін молайту көзделіп, ауданға инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру, оның ішінде бюджеттен тыс инвестицияны тарту міндеті тұр. Сондай-ақ, әлеуметтік сала нысандарының құрылыстары аяқталса, Арал қаласы мен елді мекендер абаттандырылатын болады. Осы шаруалардың барлығы биыл жүзеге асырылмақ.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң азаматтар әкімінің өткен жылғы атқарған жұмысына оң бағаларын берді және бірқатар ұсыныс-тілектерін де ортаға салды. Мәселен, зейнеткер А.Сәтжанов ауылының маңына сексеуіл егу, ауылының көшелеріне жарықтандыру жүргізу жайын қозғаса, Қ.Латипов ұялы байланыс орнату мәселесін көтерді.
Аудан әкімі әр сұраққа жауап беріп, көтерілген мәселелердің барлығы ретімен, кезегімен шешілетінін жеткізді.

ҚОҒАМ 17 қаңтар 2018 г. 663 0