МАМАНДЫҚ ИГЕРУГЕ БАТЫЛ ҚАДАМ

Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында адамзат жаңа өнеркəсіптік революция дəуіріне аяқ басып отырғандығын атап көрсетті. Яғни, заманауи технологиялардың дүниені өзгеріске әкелуін еске сала отырып, жаһандық дамудың жаңа мүмкіндіктерін ашатындығын және сын-қатерлердің де бар екендігін жасырмады.  «Бұл – біздің əлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз», – деген Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауының  елімізді Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайында дамытуға арналғандығын мәлім етті. Төтелей айтқанда, цифрландыру жəне заманауи бизнес-модельдерді меңгеру арқылы елімізде жүзеге асырылатын 10 негізгі міндеттің қазығын қақты. Осы маңызды құжатты басшылыққа алған Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі заман ағымына сай жаңа мамандықтарды оқыту мәселесін жүйелі жалғастырып келеді.
Осы аптада аталған білім ордасының басшылығы мен Шиелі ауданындағы тампонажды цемент шығару жобасын жүзеге асырушы  «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС бірлесе отырып, өндіріске қажетті жұмысшы мамандықтарды дайындау бағытында жинақталған оқу курсының ашылу салтанатын өткізді.
Оған «Гежуба Шиелі цемент» компаниясының бас басқарушысы Ли Цзиньцин, компания директорының орынбасары Алмас Сураншиев, бас басқарушысының бірінші орынбасары У.Чжэньхуа,  компанияның кадр бөлімінің инспекторы Джали және Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Шиелі ауданындағы филиалының кеңесшісі мен аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары қатысты. Рәсімнің ашылу барысында Шиелі аграрлық колледжінің директоры Мейрамхан Дүйсенов: «Өркениет көшіне ілесу үшін бізге жан-жақты терең білім керек. Жалпы, білім беру саласы, адамның білім деңгейінің көрсеткіші және оның тиімділігі, алған білімнің қысқа уақытта нақтылы пайдалы бағытта нәтиже беруі өте күрделі мәселе. Сондықтан да, біз Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауға қадам жасадық. Жылына 1 млн тонна тампонажды цемент өндіретін зауыттың құрылысы жыл соңында аяқталады деп күтілуде. Біз өз шәкірттерімізге теория жүзіндегі оқу курсын осы жерде, ал тәжірибе алмасуды Қытай мемлекетінде өткіземіз деп жоспарлап, кәсіпорынмен келісім жасадық», – деді.
Еске сала кетейік, 200 үміткердің арасынан 50 адам аталған оқу курсына қабылданды. Бұл алғашқы кезектегі жұмыс барысы болса, ол одан әрі жалғаса беруі тиіс. «Гежуба Шиелі цемент зауыты» пайдалануға берілген кезде 260 жаңа жұмыс орны ашылып, ондағы жергілікті азаматтардың үлесі 85 проценттен кем болмайды деген келісім-шарт бар. Сондықтан да, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі басшылығының бұл қадамы уақыт талабына үн қосу болып табылары анық.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
ҚОҒАМ 16 қаңтар 2018 г. 962 0