Ақпанның алма-кезек ұйытқытқан қар бұрқасыны әлі де көтеріліп, басылмай тұр. Бұл елге де, жерге де жайсыздық туғызуда. Биылғы түскен қалың қар қасаттанып, аудан тұрғындарын біршама әбігерге салды, шаруашылыққа да кері әсерін тигізді. Қыстайғы жауған қабат қардың көктем шыға сел боп ағып, тұрғындардың көше бойымен жүруіне қиындық туғызатыны хақ. Осындай мәселелер туындамас үшін Жалағаш ауданы әкімі С.Сермағамбетов, орынбасары А.Дәрібаев, кент әкімі Қ.Құлмаханов кенттің негізгі көшелері мен нысандарын аралап көрді. Аудан әкімі "Өңір қызметі” ЖШС директоры Ә.Шадаевқа орталық алаң мен стадион және орталық базар маңының қары мен мұздақтарын тазалап, басқа да көлік қозғалысына қиындық туғызатын көшелерді көк мұздан арылтып, тазалығын қатаң қадағалауда ұстау керектігі жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, кенттің шет аймақтарындағы көпқабатты үйлердің жай-күйімен танысты. Өткен аптада қар салмағын көтере алмай шатыры ортасына түскен Аманкелді көшесінің бойындағы көп пәтерлі үйдің тұрғындарымен тілдескен аудан әкімі қыраулы қыста пәтер иелерін азапқа түсірген апатты жағдайды жедел арада қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, қосымша атқаратын жұмыстарды міндеттеді.
Қ.АХЕТОВ.