Медиацияның азаматтық сипаттағы дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге тигізетін пайдасы көп. Тек келешегі зор жаңа жүйе қолданысқа толық ене алмай келеді. Заманында дау-дамайға төрелік айтқан би-шешендеріміз қан төгілсе де құн төлетіп, қос тарапты татуластыруға тырысқан. Ру мен руды, ауыл мен ауылды алауыз болмауға үгіттеген, кешірімді болуға шақырған.
Халқымыз үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Сондықтан, еліміз бабалар өнегесін жаңғыртып, кез келген дауды келісіммен шешу жолдарына ерекше көңіл бөлуде. Ол мақсатта бірқатар заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Медиация тәсіліне Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып, нақты тапсырмалар берді.
Мәселен, бұл тұрғыда «Медиация туралы» арнайы заң болса, Азаматтық-процестік кодекске дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібі, сондай-ақ, соттағы татуласу рәсімдері енгізілді. «Медиация туралы» Заң – дала даналығының дара заңдылыққа айналуының нақты көрінісі. Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында шыққан және қолданысқа тамыз айында енген «Медиация туралы» Заң сот жүйесіне жаңа өзгеріс енгізіп, дауды шешудің тағы бір тетігін айқындап берді.
Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескеретін жайт, бұл жерде екі тарап ортақ келісімге келетіндіктен, шешімнің орындалу деңгейі жоғары болмақ. Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация еркін процесс.
Еліміздегі сот жүйесіне енген өзгерістер бүгінгі таңда оң нәтижесін көрсетуде. Бабалар салған сара жолмен араздасқан тараптардың медиация тәртібімен бітімгершілікке келуі осыны дәлелдейді. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталы сөз бар. Кешірімді болу, ынтымақ-бірлікке ұмтылу қай кезде де тірліктің берекесін арттыра түседі.
Жалпы айтқанда, істердің жеке санаттары бойынша дауларды сотқа дейін реттеудің басты мақсаты – тараптарға дау-жанжалды қысқа мерзімде, материалдық және моралдық аз шығындармен тиімді шешуге мүмкіндік беру. Және тараптар шарттарда дауды медиатормен, нотариуспен немесе адвокатпен сотқа дейінгі реттеу міндеттілігін қарастыра алады. Сонымен қатар, бір іс шегінде тараптар бірқатар мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие болады. Өйткені, талап қоюдың мәні мен негізінің бір мезгілде өзгертілуі шешіледі. Медиатор жұмысы басшылыққа алатын 5 қағидамен ерекшеленеді. Олар: - еріктілік, - тараптардың тең құқылығы, - медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, - медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, - құпиялылық.
Тараптар дауды медиация тәртібімен шешу ниетін білдірген кезінде, жазбаша нысанда рәсімделген медиация туралы шарт жасайды. Ол шартта, оның жасақталған күні, уақыты және орны, даулар тараптарының атаулары, өкілеттіктері көрсетілген олардың өкілдерінің тегі және аты-жөні, лауазымдары, даудың нысаны, медиация тараптары таңдаған медиатор туралы мәліметтер, медиацияны жүргізгені үшін медиаторға сыйақы төлеудің шарттары, тәртібі және мөлшері, жүргізу тілі, медиацияны жүргізудің құпиялығы туралы тараптардың міндеттемесі көрсетіледі. Сондай-ақ, мұндай міндеттемені орындамаудың салдары, тараптардың деректемелері (жеке басын куәландыратын деректер, тұрғылықты жері, байланыс телефондары), медиацияны жүргізу мерзімі көрсетілуі медиацияны жүргізу тәртібі болып табылады.
Медиатордың негізгі міндеті – екі тарапты татуластырып, беттестіру, яғни, талап қоюшы мен жауапкер өзара келісіп мәміле жасау қажет. Ол үшін ең алдымен жауапкер өз кінәсін мойындап, талапкермен келісімге келуі керек. Аталған заңның 27-бабына сәйкес, медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Дауды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімінде орындауға тиіс, дауларды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні ғана күшіне енеді.
Күнделікті тәжірибеден көріп жүргеніміздей, сотқа талап арыз түсіретіндердің басым көпшілігі осы талас-тартыста өз мүддесінің ғана қорғалуын мақсат тұтады. Әйтпесе, сот табалдырығын аттағандарға медиацияның маңызын түсіндіруден кенде емеспіз. Араздасқан ағайын арадағы келіспеушілікті медиация жолымен шешуге дайын екендігін білдірсе, мүмкіндігінше оның ортақ пайдасы мен мән-маңызын кеңесу бөлмесіне кеткенше түсіндіруге тырысамыз. Олай дейтініміз, ағайынгершілік жасау халқымызға жат әдет емес, ол – арасы суыған ағайынды бір ауыз сөзімен бітімге келтірген билерімізден келе жатқан дәстүр.
Жалпы, медиация және бітімгершілік рәсімдер институтының болашағы зор.
М.ИДИРИСОВ,
судья.