СОТҚА СЕНІМ АРТА ТҮСТІ

Қызылорда қалалық сот төрағасы Мұхтар Еркінбеков 2017 жылы атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Өткен жылы қалалық сотқа азаматтық іс жүргізу тәртібімен 20120 іс және талап арыз келіп түссе, оның ішінде 19671 азаматтық іс аяқталған, 430 азаматтық іс медиация тәртібімен қысқартылса, 6928 азаматтық іс жеңілдетілген тәртіппен қаралған.

– 2017 жылы қалалық сот тоғыз қызылордалықтың жұмысқа қайта қосылуына көмектесті. Мәселен, қалалық сотта А. есімді азаматтың ЖШС-ға жұмысқа қайта орналастыру және бос жүрген уақытының еңбекақысын өндіру туралы азаматтық ісі қаралған. Онда талапкер жұмыс берушінің жұмыстан босату туралы бұйрығының заңсыз екендігін, өзіне тағылған еңбек тәртібін бұзғаны туралы кінәнің дәлелсіз екендігін, жүргізілген тексеру жұмыстарының қорытындысы дәлелдемелерсіз үстірт жасалғаны көрсетілген. Іс құжаттарын толық зерттей отырып, сот мән-жайларды анықтады. Қорытындысымен талап қоюшының азаматтық ісін қанағаттандырып, жұмыс орнына қайта орналастыру және бос жүрген мерзіміне еңбекақы өндіру туралы шешім қабылданған. Ал зейнеткерлік жасқа бір жылдан аз уақыт қалғанда заңсыз еңбек шартын бұзды деп, серіктестіктегі бұрынғы лауазымына қайта орналастыруды сұраған азамат та өзіне тағылған айыппен келіспейтінін дәлелдеп, жұмысына қайта қосылды, – деді М.Еркінбеков.

2017 жылы барлық сот процестері аудиобейнетіркеу жүйелерін қолдану арқылы жүргізілді. Электронды сот өндірісін жетілдіру бағытында «Сот кабинеті» сервисі бар. Аталған сервис сот органдарының онлайн-сервистері мен қызметтеріне «бір терезе» қағидасы бойынша қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Сот кабинеті» сервисінің «Мобильді қосымшасы» іске қосылды. Ол қосымшаны да кез келген іске қатысушы тараптар телефондарына жүктеп, істің қандай кезеңде тұрғанын бақылай алады. Сонымен бірге, «Сот құжаттарымен танысу» сервисі сот процестеріне қатысушыларға мәліметтерді, электронды сот құжаттарын қарауға мүмкіндік береді.

Жоғарғы Соттың ресми интернет-ресурсындағы «Талдау форумы» да кеңінен пайдаланылуда. Талдау форумына «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесінің пайдаланушылары кіре алады. Тағы бір іске қосылған қызметтің түрі – «Ахуалды орталық». Бұл сот ісін жүргізу барысына, азаматтардың жүгінулеріне мониторинг жасау мақсатында құрылған.

Айта кетейік, Мұхтар Жүсіпбекұлының мәлімдеуінше, өткен жылы салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдерден жалтару, модернизация үшін жұмсалған қаржыны, еңбекақы және алимент өндіру секілді азаматтық істер көп қаралған. Сондай-ақ, қызылордалықтардың жылуға қарызы да бірнеше жүз мың теңгені құрап отыр.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

ҚОҒАМ 13 қаңтар 2018 г. 718 0