Ішкі істер департаментінде Әкімшілік полициясы мен көші-қон қызметінің қызметкерлері үшін жаңа заңнама бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Бас қосудың мақсаты – жаңа заңнаманы қызметте дұрыс пайдалану, азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмей, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық сипатындағы көріністерге жол бермеу мәселесін жеке құрамға жеткізу болып табылды. Сонымен қатар, бүгін де мемлекеттік органдарға қойылып отырған басты талаптардың бірі – жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету барысында белгіленген стандарттар мен нұсқаулықтар талаптарын сақтай отырып, уақытылы әрі сапалы қызмет көрсете білу мәселесін пысықтау, жеткізу және жұмысты оңтайландыру мақсатында проблемалық сұрақтарды талқыға салу.
Іс-шараға шақырылған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің бас маманы Н.Сүлейменов полицейлердің көкейіндегі көптеген сұрақтарға тұщымды жауаптарын берді.
ОІІД басшылығымен әрбір қызметкерге бүгінде заңды күшіне енген әкімшілік құқық бұзушылық туралы және қылмыстық-процестік кодекстеріне енгізілген толықтырулар мен өзгертулерді қызметте дұрыс пайдалана білу, әрбір бұзушылықтарды заңға сәйкес саралап, сапалы жұмыс атқару тапсырылды.
Айта кетейік, әкімшілік полициясы саласы бойынша кейбір жаза түрлері жеңілдетіліп, кейбірі керісінше ауырлатылған. Осы ретте сыртқы қызметтерге ішкі істер органдары қарауына жататын жетпістен астам баптарға енгізілген өзгерістер жетік түсіндірілді.
Мұнымен бірге электрондық түрде жүргізілетін қылмыстық процесс бойынша презентация жасалып, осы бағыттағы көптеген сұрақтар қамтылды.
Әкімшілік полиция басқармасы.