Қала әкімшілігі бұл келеңсіз табиғат құбылысына тап болғандарға барынша көмек көрсетуде, деп хабарлайды BNews.kz.
Қызылорда қаласының Сырдария өзені маңындағы жеке тұрғын үйлер жанынан жер асты суы көтеріліп, жергілікті халықты әбігерге салуда.
«Су басқан ауданның бірі Арай ықшамауданы. Су жеке үйлер ауласында пайда болды. Бізден көмек сұрап келген тұрғындарға, қолұшын беріп жатырмыз. Қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Осы оқиғаға байланысты зардап шеккендер немесе мүлкінен айырылғандар жоқ»,- деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шаменов.
Мамандар жер асты суларының жер бетіне көтерілу құбылысын Сырдария өзеніндегі су деңгейінің жоғарғы көрсеткішімен байланыстырып отыр.
«Сырдариядағы су деңгейінің жоғарғы көрсеткіші осымен бірнеше апта бойы сақталып келеді. Мұндай жағдай соңғы жылдары болмаған. Бұл құбылыс жер асты суларының көтерілуіне әкеп соқты. Қызылордада осындай қауіпті аймақтар өте көп. Оның басым бөлігі жағалауға жақын орналасқан саяжайлар», - деді «Қазсушаруашылығы» өндірістік бөлімшесінің басшысы Жорабаек Нұрымбетов.
Сырдариядағы су тасқынының алдын алу үшін аймақта бірқатар қауіпсіздік шаралары жасалуда.
«Жұмыс тобы Сырдария бойындағы судан қауіпті 96 аймақты анықтады. Су бөгетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы жөндеу жұмыстарын қажет ететін қауіпті 19 аумақ бар. Ол үшін 13,4 млрд теңге қаражат керек. Бұл ақша республикалық бюджеттен бөлінеді деп жоспарланып отыр. Су тасқыны қаупіне байланысты Қызылода қаласы мен аудандарда жедел әрекет ету жоспары құрылды. Өзен суы үнемі бақылауда», - деді облыстық мобилизациялық дайындық басқармасының жетекшісі Серік Сермағамбетов.