Қазақ елі ел болып еңсе көтергелі бері болашағын бағамдап, өткенін саралап келеді. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасымыз салиқалы саясат пен дұрыс таңдау жасап, елімізді өрге бастады. Сол керуен уақыт өте тарих көшіне ілесіп, рухани жаңғыру сатысына көтерілді. Қазақ елі - тарих сахнасында өзіндік беделімен орын алатын мәртебеге ие болды.
Түлкі бұлаң тарихтың қаншама бұрылысында ел азаттығы жолында талай тарланның тақымындағы тер кеппеді. Тағдырдың талайында қаншама армандар қапыда кетті. Алайда ұлтының еліне деген қалтқысыз махаббаты еш адастырған жоқ. Тәуелсіздікке тәубе жасап, тәу ететін күн туды. Еліміз ұлы арманға жету жолында бірталай "тар жол тайғақты" еңсерді.
"Тәуелсіздік " деген бір ауыз сөзге марқаятын, аштықты ұмытып тоқаятын күнді армандадық емес пе? Әр дәуірдегі ұлт боздақтарының жанайқайын, ел болашағы жолындағы іргелі істерді тарих өз қойнауына бүгіп қала берді. Ата Заңымызды қабылдап, ұлттығымыздың айбынына айналған рәмізімізді қабылдадық. Астананы Алматы қаласынан Ақмолаға көшіру барысында да көш басын рәміздер бастап барған еді. Елтаңба - қазақтың бойтұмары, Ту - алаштың айбаты, ал Әнұран - халықтың жүрегіне айналды. Рәміздерді жасау кезінде қазақ елінің ұлттық тарихы, өткені мен кемел келешегі, елдің арман-тілегі ескерілді. Қыран құс - биіктікті, ою - өнерді, пырақ - сақ пен ғұнның ұрпағы екенімізді, шаңырақ - бірлікті, көгілдір түс - ашықтық пен еркіндікті білдіретін символдар ретінде қалыптасты.
Өткенге салауат айтып, келешекке зор үмітпен қарап келеміз. Бүгінде тілімізді, дінімізді сақтап, дәстүрімізді жаңғыртуға, сананы ашықтыққа бейімдеуге бет алдық. Бұл құбылыс - дамушы елдерге тән. Әлемнің түкпір-түкпірінде әнұранымыз шырқалып, туымыз желбіреп жүр. Бүгінгі таңда 4 маусым - рәміздер күні мерекесі күні болып белгіленді. Тәуелсіздіктің көк туы көгілдір аспанда еркін тербетіліп тұр. Ендігі міндет - ұлылардың ұлы ісін жалғастырып, қазақтың бойтұмарындай құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа қалтқысыз аманаттау. Олай болса, елдігіміз еңселі, байлығымыз баянды болсын!
Қарлығаш Пердебекқызы.
Қызылорда ОІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы.