Асқар Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде дәстүрге айналған «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен бастауыш және мектепке дейінгі балаларға арналған жаңажылдық шырша кеші өтті.
Аталған бірлестіктің жетекшісі Галина Щербакова бастаған мерекелік шыршаға қаладағы №5, 23, 198, 233 орта мектептерінің бірлестікпен тығыз қарым-қатынастағы, православ шіркеуінің жексенбілік мектебінің қатысушылары, бірлестік пен өзге де этномәдени орталықтың белсенді балалары, «Анар Бэби» оқу орталығының бүлдіршіндері, жас хоккейшілер, отбасылық жағдайы төмен, барлығы 750 бала қатысты.
Жаңа жыл мерекесіндегі шырша кешінде балғындар үшін қызықты мерекелік шоу-бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алды. Жаңа жылдық қойылымда сүйікті ертегі кейіпкерлері, Қораз, Ит кейіпіндегі басты қонақ бүлдіршіндермен әлем халықтарының түрлі ойындарын бірге ойнап, Халк, Бэтмен, Супермен және тағы басқа заманауи кинолар мен мультихикаялардың батырлары халық билерін биледі. Ал, ертегінің ең жағымсыз кейіпкері Жалмауыз кемпір гироскутермен өнер көрсетті. Фиксики болса, жанбай тұрған жаңажылдық шыршаның шамдарын жақты.
Балалар Виктория Миклина, Валерия Флорова, Данил Есинмен бірге ән айтып, әртүрлі жұмбақтардың шешуін шешті. Сондай-ақ, «Наз» және «Жемчужинка» би тобы әзірлеген керемет биді тамашалап, оған өздері де барынша атсалысты. Арқан тартысып, қызықты эстафеталарда өз ептіліктерін танытты.
Рождество қарсаңында өткен мерекелік кештің соңында Қазақстандағы Ресей елшілігі атынан барлық қатысушы балаларға тәтті сыйлықтар таратылды.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының баспасөз қызметі.