Үсу дегеніміз – төменгі температураның ұзақ әсер етуі нәтижесінде тіндердің зақымдануы.
Үсудің пайда болу себептері:
• суықтың;
• желдің;
• жоғары ылғалдылықтың;
• тар және дымқыл аяқ киімнің;
• науқастың жалпы жағдайының нашар болуы (қандай да бір ауруға шалдығу, алкогольдік масаю, көп қан жоғалту) және т.б. себептер әсер етеді.
Дене бөліктерінен аяқ пен қолдың саусақтары, құлақ пен мұрын үсікке шалдығуға бейім келеді. Өйткені суықтың әсерінен дененің осы бөліктеріне қан келу тежеледі де, егер дер кезінде көмек көрсетілмесе ол бөліктердің жасушалары өле бастайды. Тар аяқ киім, тар киім, тар қолғап, ылғал киім мен аяқ киім адамның тез үсуіне бірден-бір себеп.
Үсудің төрт кезеңі бар
І деңгейлі үсік, үсудің жеңіл түрі - терінің түсінің өзгеруі, жылынғаннан соң ісу, қызару, ауырсыну сезіледі.
ІІ деңгейлі үсік теріде мөлдір түсті күлдіреуік пайда болады.
ІІІ деңгейлі үсік, теріде қанды күлдіреуік пайда болады, сезімталдық жоғалады. Жазылу өте ұзақ болады, артынша тыртық қалуы мүмкін.
IV деңгейлі үсік, үсіктің ең ауыр түрі – тері терең зақымдалады.
Үсу кезіндегі алғашқы көмек.
Алғашқы көмек ең алдымен суықтың ағзаға әсерін тоқтату керек. Үсік шалған дене бөліктерін белсенді түрде жылыту қажет. Ол үшін науқасты жылы бөлмеге кіргізу, жылыту, әсіресе үсіген аймақтарына көңіл бөліп, сол аймақтың қан айналымын қалпына келтіру. Науқасқа ыстық шай, сүт беруге болады.
Бірінші деңгейлі үсікке шалдыққанда теріні таза матамен қызарғанша сүртіп, зақымдалған жерлерді спиртпен, вазелинмен, маймен сүрту керек. Аяқ пен қол үсісе оларды жылы суда сабындап жуып, спиртпен сүртеміз. Аяқты жеңіл уқалаған пайдалы. Саусақтың ұштары үсісе қолыңызды жылы суға малып (37-40 °С), қызарғанша уқалаймыз.
Үсу кезінде не істеуге болмайды?
1. Науқасты жылыту мақсатында кофе немесе спиртті ішімдіктерді беруге болмайды.
2. Сонымен қатар үсіген адамды алдын ала жылы температурада жылытып алмай, ыстық сулы ваннаға түсіруге болмайды.
3. Тері аумағында пайда болған көпіршікті түзілістерді қолдан жаруға болмайды.
4. Науқасты жылыту үшін ашық лаулап тұрған отты пайдалануға тыйым салынған.
5. Осы аталған жылыту әдістері үсіген аумақта температураның бірден жоғарылауына алып келіп, ол өз кезегінде кіші капиллярлардың жарылуына, ішкі қан ағудың көріністеріне, тіпті ауыр жағдайға дейін алып келеді.
Үсіктің профилактикасы: ағзаны суық сумен шынықтыру. Бұл қан ай-налымды жақсартып, суыққа төзімділікті арттырады. Жылы киімдерді кию.
Ақмарал МЕЙРАМБЕКОВА,
ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар
медицинасы орталығы»
ММ Қызылорда облысы
бойынша филиалдың фельдшері.