Қызылордадағы «Ұшқын» мүгедектердің құқықтарын қорғау және жәрдем беру» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына биыл – 5 жыл. Кеше аталған ұжым осынау белесін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Бақыттың ұшқыны» деген тақырыппен салтанатты түрде атап өтті.
Ұйым мүшелерін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол соңғы жылдары жергілікті бюджеттің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталғанын және бұл жөнінен Қызылорда басқа облыстардың алдында екенін айтты.
– Абай қазақты надандықтан, еріншектіктен, залымдықтан сақтандырған. Адам өзіне берілген барлық мүмкіндікті өзінің, өзгелердің игілігі үшін жұмсай білгенде ғана ұтады. «Ұшқын» қоғамдық бірлестігі бес жыл ішінде жоқтан бар жасау сатысынан өтті. Бұл сіздердің өмірге құштарлықтарыңыздың, қайсарлықтарыңыздың арқасында мүмкін болды, – деді Н.Байқадамов.
Мұнан кейін облыстық мәслихат хатшысы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың құттықтауын оқып берді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар ұйымының алға жылжуында аймақ басшысының үлесі зор. Ол Бақыт Жұмашев басқаратын бірлестікке қаладағы бос тұрған ғимаратты берді. Бүгінде ұшқындықтардың өз баспаханасы, компьютерлік клубы, тігін, пластикалық есік-терезе, жиһаз және жол жиектемесін жасайтын цехтары бар.
Салтанатты шарада үкіметтік емес ұйымның «Алтын жүрек», «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Өз мамандығының майталманы» төсбелгілерімен меценаттар, БАҚ өкілдері, әлеуметтік қызметкерлер және тағы да басқа азаматтар марапатталды. Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Назерке ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.