ЕҢБЕГІМЕН ТАНЫЛҒАН АЗАМАТ

  «Адамды адам еткен – еңбек» деген сөз оның ұстанымы болды. Еңбексіз зейнет жоқ. Мен бұл азаматты көптен білемін. Бар нәрсеге байыппен қарап, сөзден гөрі іске жақын екенінен де хабарым бар. Ол Шиелі ауданы, Ақмая елді мекенінің азаматы. Еңбекпен есейген жанның есімі – Өтеубай Қадыров.
Ол Қызылорда қаласындағы политехникалық оқу орнын бітіріп, 23 жасында елге оралды. Өйткені, өзінің туып-өскен жері қымбат. Еңбек жолын кабинеттен емес, әкесі еңбек еткен күріш алқабынан бастады. Себебі, мұнда әкесі құрған шаруашылықта берекелі еңбегінің айғағы болып кетпенінің ізі жатыр. «Әкең шаруашылық десе, шаршамайтын еді» деген жылы сөздер жас кезінен-ақ, әке атына лайық болу керектігін санасына сіңіреді. Осылайша, әке жолымен еңбекке араласып, бригадир болады. Ауданда жас болса да жақсы көрсеткіштерге жеткен жігерлі жас комсомол жастар бригадасын құрып жетекшілік етеді.
Ол 1983-1996 жылдар аралығында үнемі аудан чемпионы болып тұрды. Ал, 1990 жылы 717 гектар жерден 65,4 центнер өнім алып облыс чемпионы атанды. Келер жылы Краснодар өлкесінде тәжірибе алмасу мақсатында барған делегация құрамында болды. Онда күріштің 150 түрлі сортын шығарған академик Алешинмен кездесті. Ол «Агрономның анықтамасы» деген кітабын беріп тұрып: «Мен саған Ыбырай Жақаевтың жетістігіне жетуіңе тілектеспін» деп, қолтаңба қалдырған еді. Отбасында балалардың өсіп, жақсы білім алуын, үйден кіріп-шығуын ойлап, Алматы қаласына қоныс аударды.
Оның алты бірдей жасөспірім баласы өсіп жатты. Оларды да ойлайды, егістік даласы да естен шықпайды. 2011 жылы туған жеріне қайта келіп, «Қадыров шаруа қожалығын» құрып, еңбек жолын жалғастырады. Барлық жұмысты жаңадан бастауға тура келді. Жерлестерінің сенімін жоғалтпай, сүйікті ісі арқылы көпке таныла бастады. Еңбек жолында жігеріңді жоғалтпауға да сенім үлкен күш береді екен. Жақсы нәтиже боларына, адал еңбегіне сеніммен қарады.
Үздіксіз еңбек ақталды. Биыл «Агроөнеркәсіп» саласында көп жыл еселі еңбек етіп, үздік нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Елеулі еңбегі үшін» орденімен марапатталды.
Туған ауылының өсіп-өркендеуіне еңбегі арқылы үлес қосқан өзі де ел ағасы болған Өтеубай Ақмая ауылында әкесінің атына көше берілгені еңбегінің ақталғаны деп біледі. «Әр адам ұшқан ұясын ұмытпай қамқорлық жасаса, ауылымыз гүлдене түсер еді. Өтеубай – нағыз елдің жүгін арқалаған нар тұлғалы азамат» дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжетай Палмағанбетов.
Иә, біз де сол сөзге қосыламыз. Еңбегі арқылы бағы жанған Өтекең отбасында да Гүлмараш сияқты өмірлік ұстанымы берік, пайым-парасаты жоғары, білімді ұстаз болған жары екеуі бес қыз, бір ұл тәрбиелеп сан-салалы мамандық игерген ұрпақ өсіріп отырған жандар.
«Адам ұрпағымен мың жасайды». Өнегелі ұл-қызымен Ө.Қадыров жұмыспен жел өтінде жүріп, үйге келгенде шүкіршілік етеді. Туған жерінен алыс кетпей, ел тағдырына бей-жай қарамайтын азаматтар – ауылдың ажары, тәуелсіз еліміздің мақтанышы.

Х.ҚАЗАНҒАПОВА,
Шиелі ауданы.
ҚОҒАМ 03 қаңтар 2018 г. 1 068 0