Артта қалып бара жатқан мына ескі жылдың Қазақ еліне не бергенін, бұл жылдың есте қалар қандай тамаша сәттері болғанын, жалпы өткен-кеткенімізді ойша шолсақ, жүректі елжіретіп, жүзімізді рахман нұрымен сәулелендірер жағымды жаңалықтарымыз Құдайға шүкір, «жоқ» деп ауызымызды қу шөппен сүртпейміз, жеткілікті-ақ екен.
«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, солардың арасынан халықтың ықыласына ерекше көп бөленгендерін бөле-жарып айтар болсақ, сирек дауыс иесі Димаш Құдайбергеновтің Аспанасты еліндегі танымал «Мен әншімін» тележобасына қатысып, қазақтың атын өнерімен асқақтатқан үлкен жеңісін ауызға алмау әсте мүмкін емес еді. Жүз жылда бір-ақ рет дүниеге келетін тұлғалар болады деген сөздің жаны бар-ау, сірә.
Ел еркесі Әміре әнші 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ һәм өткен ғасыр басындағы рухани құбылысымыз десек, ал ЭКСПО халықаралық көрмесі Астанада өткен жылы Алла тағала қазақтың көңілін көк теңіздей толқытып, тағы бір ерекше сұлу бітімді әншісімен қуантты. Миллиард қытайдың арасынан оза шауып бәйге алып келу дегеніңіз Құдай біледі, бүкіл ғұмырын соған арнаған адамның өзіне тым қиын соғады-ау. Оның үстіне қазір өнер иесінің өз-өзін мойындатуы, талантына табындыруы оп-оңай өңгерілер олжа емес. Иланту, мойындату дегендер жай бер жағы екен, біздің Димаш баламыздың өнерін қатты сүйгендері соншама, ондағы жанкүйерлердің жандары қалмай сыртынан «Димаши» деп ат қойып ала қойғандарын қарамайсың ба?..
Париж ЭКСПО-сы әлемге Әмірені, ал Астана ЭКСПО-сы өткен биылғы жыл дүние жүзіне Димашты сыйлады. Бұл жай кездейсоқ сәйкестік емес. Араға бір ғасырға жуық уақыт салғанда түпсіз терең тұңғиық сыршыл сезімге бәріміз бірдей бой алдырып, әсем әннің тағы бір арайлап атқан ақ таңына куә болдық. Адам баласына тән дауыс өлшемінің шеңберіне сыймайтын ғажайып зор дауыс тек қазақ даласын ғана емес, бүкіл әлемге кеңінен жайылып, шығар тауы әлі алда балауса қанаттың мұнан да асқаралы биіктерге самғай беруін Құдайдан тілеп, әлеуметтік желіден үнемі үнімізді білдіріп отырдық. Ол әйгілі «Грэмми» сыйлығының қытайлық нұсқадағы бас бәйгесін иеленді.
Қытай астанасы Бейжіңде өткен Азияның жаңа әндері фестивалінде «Жылдың ең үздік шетелдік өнер адамы» аталымы бойынша марапатталды. «Азияның ең танымал әншісі», «Халықаралық дәрежедегі танымал әнші», «Жылдың ең танымал әншісі», «Жылдың ерлер арасындағы үздік әншісі», т.б. жүлделерді иеленді. Қытайдағы «Мен әншімін» тележобасында Лара Фабианның репертуарындағы «Адажио» әнін тамаша орындап шыққан Димашты атағы жер жарып тұрғанына қарамастан белгілі әншінің өзі құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
Әлеуметтік желіні қолданушылар да жұртты қай кезде елеңдетіп, еліктіріп, жіпсіз байлап қоюды біледі-ақ. Лара Фабианның орындауындағы «Адажио» мен Димаштың шырқауындағы бұл ән өте көп тыңдалып, білікті мамандар пікіріне арқау етілді. Жас орындаушының «Адажиосы» көмескі тартып бара жатқан рухани көне сүрлеуге жан бітіріп, әннің әрін одан әрі айшықтай түсті. Сонымен бірге тележоба арқылы елге танымал талай әншінің есімін қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосты. Өрімдей жас жігіттің бойына осыншама құдіретті өнер қайдан қонған? Бірде пианинода ойнап, «Адажионы» керемет шеберлікпен орындаса, енді бірде қазақтың қасиетті қара домбырасын күмбірлетіп күй тартуы, халық әні «Дайдидау», «Айқаракөзді» шырқауы бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбайтын қос арнаны көз алдымызға келтіреді. Ағысы алабөтен сол қос айдынды кеудесіне қатар қондырған өнерпазды арғы-бергі тарихты талмай қаузасақ та таппайтын сияқтымыз. Ірілі-ұсақты өзендер бастауын бұлақтан алады, теңізге, көлге құяды. Киелі ән өнері де солай-ау. Димаштың жазықта да, таулы-қыратта да сыр бермей, дүлдүлдей жортып, желдірте жөнелетін шеберлігі, яғни бұлақ бастауының мөлдірлігі дәстүрлі төл тамырдан қанып сусындауынан деп білеміз.
«Тамыры жоқтың – табаны тайғанақ» демекші, оның әуелі әннің сөзіне, мәтін мәніне айрықша көңіл бөліп, мұқият зерделеп орындауы содан болса керек. Әншінің «Махаббат бер маған», «Ұмытылмас күн» әндері тұнып тұрған лирика. Өте нәзік, сыршыл сазға құрылған әуен кісіні жалықтырмайды. Бұларды тыңдаған үстіне тыңдай бергің келеді. Жастық тақырыбына арналғанмен, әсем саз жалпы жәмиғатқа жат емес. Әнді ол шағын қойылым іспетті қарайды. Бірде драманы, енді бірде комедия жанрындағы спектакльді тамашалағандай әсерге бөленесіз. Халықты эмоцияға кіргізеді, өзімен бірге ілестіріп алып кетіп отырады. Әнді қалай бастау керектігін, шарықтау шегінде дауысты аспанға шалқыта құйқылжытуды, төмен қарай қалай құйындай құлдилатуды терең меңгерген. Содан соң классикалық, халықтық, эстрадалық әндердің қай-қайсысы да көмекейден қарға аунаған түлкідей құлпырып шыға келеді. Біз әңгімеміздің басында оның өнеріне әлеуметтік желі арқылы жанкүйерлері табынып, шексіз сүйіспеншілік білдіріп жатқанын айттық. Францияның «France 2» телеарнасы «Сингер-2017» ән байқауында бақ сынаған Димашты арнайы бағдарламаларына шақырып, ән шырқатты.
«Сіз мына керемет дауысты естіп тұрсыз ба? Бұл ғажап дауыс иесінің есімі – Димаш. Бүгін біз осы жас жігіт туралы және оны Қытайда соншалықты танымал еткен әлеуметтік желілер жөнінде әңгіме қозғайтын боламыз», дейді Франция телеаудиториясының 40 пайызын қамтып отырған таңертеңгілік бағдарламаның жүргізушісі. Енді бірде желіден Эдгар есімді Франция азаматының хаты жарияланғанын оқыдық. Мұнда: «Димаш, сізге анамның оқиғасын айтып бергім келеді. Менің қарт анам Мамахи (96 жаста) сізді қатты жақсы көреді. Рас айтамын. Ол маған соңғы тілегін айтты. Жұмаққа аттанбас бұрын сіздің ән айтқаныңызды өз көзімен көргісі келеді... Ол күн ұзаққа сіз туралы жаңалықтарды айтып отыруымды сұрайды. Сіздің соңғы шығарған жаңа әндеріңізді, жаңа шыққан видеоларыңызды және тағысын тағыларды. Мен оған бұл ғажайып шындыққа айналады деп уәде бердім. Мен тек Жаратушы бұл уәдемді орындауға сәл көмектесіп жібереді деген үміттемін. Құрметпен, Эдгар (Франциядағы Француз Ривьерасы, Ницца)», делінген.
Қарт ананың жарық дүниедегі жалғыз үмітіне орай ниеттес жұрт астына тілектерін жабыла арнап жазды. Өмірінің соңында бір рет ән тыңдағысы келген неткен асыл жан еді, ә! Сол таңдаудың қазақтың қарапайым қағылез баласына түсуі әсте тегін болмаса керек-ті. Жүректерге нұр сыйлаған ән қанаты қалықтай берсін. Талмай.